Жарнама
Қоғам

Мектеп тапшылығы шешімін таппақ

Атырауда «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтіп, онда өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – мектеп жетіспеушілігін шешу жолдары талқыланды.

3aef8e4e 280f 4e91 96e4 3b8640f01738

Кеңес жұмысына облыстық мәслихат депутаты, кеңес төрағасы Саламат Идрисов төрағалық етті. Басқосуда облыс бойынша 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаның білім беру бағыты бойынша «Жол картасының» орындалу барысы жан-жақты сараланды.
Отырыс барысында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева баяндама жасап, өңірде үш ауысымды, апатты және оқушы орнының тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Соның нәтижесінде қазір үш ауысымды мектептер саны азайған. Жаңа мектептер салу арқылы бұл мәселені 2026 жылдың соңына дейін түбегейлі шешу жоспарланып отыр.
Света Ертілеуқызының айтуынша, өткен жылы жергілікті бюджет есебінен оқушыларға 477 компьютер, ал шалғай ауылдардағы 29 мектепке жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға арналған жабдықтар сатып алынған. Сондай-ақ облыс бойынша оқушылардың 30 пайызы тасымалдауға мұқтаж екені ескеріліп, соңғы екі жыл ішінде 44 жаңа мектеп автобусы алынған.
Мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Қазір облыс көлемінде 6 балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамыту – назардағы мәселе. Өткен жылы өңірдегі 35 мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін тактильді жолақтар, арнайы белгілер мен бейімделген санитарлық тораптар орнатылған.
Баяндамашы педагог мәртебесін көтеру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталып, білім саласындағы кез келген бастаманың өзегі – жас ұрпақ екенін алға тартты.
Кеңесте, сондай-ақ оқушылардың жазғы демалысындағы бос уақытын тиімді ұйымдастыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайту және кәсіби стандарттарды жетілдіру мәселелері де кеңінен талқыланды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button