Жарнама
Қоғам

Мейірімге бастар жол

Оқу жылының басталуы – әр оқушы үшін маңызды кезең, жаңа бастамалар мен мүмкіндіктерді айқындайтын сәт. Бірақ оған дайындық, әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін қаржылық «қалтаға» әсер ететіні белгілі. Әрине, мұндайда қоғам тарапынан көрсетілетін қолдау маңызды роль атқарады. Сол қолдау жыл сайын «Мектепке жол» акциясы арқылы жүзеге асырылып, мейірім мен жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды.

Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында әлеуметтік әділеттілік пен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған экономикалық реформалардың негізгі қағидаларына тоқталып, бұл бағытта әрбір адам мен ұжымның жауапкершілігі болуы керектігін атап өтті. Әлеуметтік әділеттілік – мемлекеттің басты міндеті, бірақ оны жүзеге асыру үшін әрбір бизнес субъектісі мен мекеме өз үлесін қосуы қажет.
Бұл мәселеде жарқын үлгі көрсетіп отырған ұжымдардың бірі – «Eurasia Support Services» ЖШС (EUSS). Компания 2020 жылдан бастап көп балалы отбасылар мен жалғызбасты ата-аналарға қаржылай көмек көрсетіп келеді. Биыл да оқу жылы басталғанша 367 қызметкердің отбасына жалпы көлемі 11 280 000 теңге көлемінде көмек көрсеткен. Жіліктей атсақ, 358 қызметкерге 30 000 теңгеден, ал 9 қызметкерге 60 000 теңгеден аударылды.
Компания директоры Майкл Тейлордың (суретте) сөзінше, мұндай әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру тек білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етумен шектелмеуі тиіс. Ол қоғамдағы ынтымақтастық, әлеуметтік жауапкершілік және өзара көмек құндылықтарын нығайтуға да ықпал етеді.
– Президент өз Жолдауларында мемлекеттің басты міндеттерінің бірі балаларға жағдай жасау, отбасыларды қолдау, әлеуметтік әділдік орнату екенін үнемі айтып келеді. Бұл қағида әрбір бизнес өкіліне, соның ішінде біздің компанияға да қатысты. Әрқайсымыздың қоғамға қосқан үлесіміз балалардың болашағы үшін маңызды қадам болмақ. Меніңше, мұндай бастамалар баланың болашағын айқындап қана қоймай, қалың бұқараның бірлігі мен тұрақтылығына қосқан маңызды үлес болуы тиіс. Сондықтан, біз мұндай әлеуметтік көмек шараларын жалғастыра отырып, жас ұрпақтың білімді әрі болашағы жарқын болуына инвестиция салып отырмыз, — деп пікірін білдірді М.Тейлор.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, «Мектепке жол» акциясы биыл 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Басқарма басқа да мекемелер мен компанияларды осы маңызды бастаманы қолдап, әлеуметтік жауапкершілік көрсетуге шақырады.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген халық даналығы осы акция аясында айқын көрініс табады. «Eurasia Support Services» ЖШС-нің әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарт аясындағы қолдауы мектеп оқушыларының оқу жылына нық сеніммен қадам басуына ықпал еткені сөзсіз.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button