МЕҢДЕКЕШ АҚЫННАН ҚАЛҒАН ІЗ
— Балалық шағыңыз туралы айтсаңыз…
— Маған балалық шағым туралы айту қиындау. Әкем қайтқанда мен он жасқа толмаған ойын баласы едім. Ол кездерді еске алу да қиын. Ағам Ерболат екеуміз әкемізді бір күні келер деп көп күттік. Ол келмеді. Кейде ұйықтап жатып та жылайтын едік. Шешеміз күні-түні жұмыс істеді. Тістелеп жүріп ағам Ерболат екеумізді өсірді. Мектепте жақсы оқыдық. Ерболат екеуміз де жоғары оқу орнын бітіріп, сәулетші мамандығын алып шықтық. Мамандығымыз бойынша қызмет еттік. Ерболат ағам өмірінің соңында музыкамен айналысты. Гитарада ойнайтын. Әкемнің өлеңдеріне ән жазды. Өзі орындап жүрді. «Ұлан» атты топ құрды. Өзім біраз жылдан бері мүсінші Нұрлан Далбаймен шығармашылық бірлікте жұмыс істеймін.
— «Алматыда батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіші бой көтерді. Биiктiгi 6 метрлiк ескерткiштiң тұғыры – граниттен, ал батырдың мүсiнi қоладан құйылған. Ескерткiштiң авторлары – Нұрлан Далбай мен Расул Сатыбалдиев». Бауыржан батыр ескерткіші жөнінде сол кезде баспасөз бетінде осындай ақпараттар жарық көрді. Ол кезде сіздің ақын Меңдекештің ұлы екеніңізді білмеді.
— Әкем «көп оқы, ерінбе, адам бол» дейтін еді. Аманатын орындап жүрген сияқтымын. Бұл – менің міндетім. Мақтаншақтық қанымда жоқ.
— Ғаламтордан мынадай деректер кездестірдім. «Екі ел басшылары Н.Назарбаев пен И.Каримовтың кездесуінің екінші бөлігі Ташкент қаласында Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты мен оның алдына орнатылған ұлы Абай ескерткішін ашуға арналды. Шаһардың қақ ортасында орналасқан бұл екі нысан асқан сәулетімен алыстан көз тартады. Қоладан құйылған ұлы ақын ескерткішін кескіндеген қазақстандық шеберлер – мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев». Тағы да қандай еңбектеріңіз бар?
— Мен көп сөзге жоқпын. Істің адамымын. Менің жұмысым – шығармашылық жұмыс, өзіме ұнайды. Нұрлан екеуміздің бірнеше жұмыстарымыз еңселі ескерткіш болып, еліміздің түкпір-түкпірінде тұр. Солардың ішінде Алматыдағы Әлкей Марғұлан, Мұқағали Мақатаев, Әбілхан Қастеев, Өскемендегі Қабанбай батыр, Оралдағы Абай, Сырым батыр ескерткіштерін атап кеткім келеді.
— Туған жеріңізге жиі келесіз бе?
— Атырауда әкем Меңдекештің атына көше берілген. Құлсарыда әкемнің атында мектеп бар. Бір жолы барғанымда осы мектептің алдына орнатылған жергілікті мүсіншінің жасаған әкемнің бейнесін көріп, көңілім құлазыды. Кешіріңіз, мен кәсіби маманның көзқарасымен сөйлеп отырмын. Осы араға өзімнің қолтаңбамды қалдырғым келеді. Аудан басшылары бұл ойымды дұрыс түсінетін болар деп ойлаймын.
— Қазір немен айналысып жүрсіз?
— Шығармашылық адамы үнемі ізденіс үстінде жүреді ғой. Әйтеуір, тоқтап қалуға болмайды. Істейтін жұмыстар да, жоспарларымыз да көп.
— Шығармашылық табыс тілеймін. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан ЕРШУ.