Хоккейші Данияр қайда жүр?

5 Қоғам

Шайбалы хоккейден Германия біріншілігінде өнер көрсеткен Данияр Жүнісовтің есімі спортсүйер қауымға осыдан жеті-сегіз жыл бұрын кеңінен таныла бастады. Хоккейшінің әкесі Айғали – Құрманғазы ауданының тумасы. Бауырлары, ағайын-тумалары қазірде осы топырақта тұрып жатыр.

5

Айғали осында он жылдық білімін алған соң, Алматыдағы шет тілдері институтына оқуға түседі. Институтта жүргенде Берлиннің Гумбольд университетінде оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Неміс қызына үйленіп, сонда қалып қойған Айғалидың тұңғыш перзенті Данияр 1987 жылдың 12 наурызында дүниеге келген.

Данияр сегіз жасынан бастап хоккеймен айналысып, қақпашылық таланты мен шеберлігін көрсете бастайды. Сөйтіп, ол Германияның мықты командаларының назарына ілігеді. Бұл жайында Даниярдың өзі былай дейді:

«Бала кезімде чех қақпашысы Доминик Гашекті үлгі тұттым. Оның ойын мәнеріне қатты қызығатынмын. Қақпашы болуыма чех ойыншысының әсері болды. Бала кезімде он жыл бойы «Эйсбарен Берлин» клубының төменгі құрамасында ойнадым. Кейін балалар мектебінен жастар құрамасына өттім. Он сегіз жасымда «Эйсбарен Берлин» клубының негізгі құрамына шықтым. Аталмыш клубта үш жыл ойнап, кейін «Гамбург Фризерс» клубынан шақырту алдым. Бұл құрама сапында бір жыл қақпа қорғап, артынша «Вольсфбург Гризли Адамс» клубына ауыстым».

Данияр Жүнісов осы клубтың сапында бірнеше жыл табысты өнер көрсетті. Команда Германияның хоккей біріншілігінде топ бастап, ел кубогінің иегері болды. 2010 жылы неміс лигасының күміс медалін жеңіп алған. Ал, келесі жылы Давоста өткен Шпенглер кубогінде Канада құрамасын ұтқан. Осы ойынның бас қаһарманы біздің Данияр болды.

Хоккейшіміз Астананың «Барыс» клубы мен ұлттық құрамада ойнауға ниет білдіреді. Бірақ, клуб пен Қазақстан хоккей федерациясы басшылығы тарапынан шақырту болмаған соң ол неміс лигасында ойынын жалғастырды.

Хоккейден Еуропа мұз айдындарында қақпа күзеткен қазақ баласы қазір қайда жүр? «Барыста» ойнаудың сәті түспегенімен, Атыраудың «Бейбарыс» клубының сапынан көріп қалармыз деген үміт бар.

Айбек НӘЖІМОВ,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз