МӘСКЕУ МОЙЫНДАҒАН МҰНАЙШЫ
Нұрлан Балғымбаев – КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің орталық аппаратына Қазақстаннан шақырылған жалғыз инженер. Кеңестік кезде сондағы басшылық қызметтің денін алып қойған мәскеулік орыстар өзге ұлт өкілдерін жанына жақындата қоймайтын. Ал, біздің жерлесіміз министрлікте мұнай өндіру басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарды.
Сол жылдары күллі одақ бойынша жылына 500 млн. тоннадан аса «қара алтын» өндірілетін. Әр республикада салалас бірлестіктер мен мұнай-газ өндіру және бұрғылау басқармалары болатын. Осындай зор құрылымды Мәскеудегі министрлік басқаратын. Нұрлан Балғымбаев сонда жауапты лауазымда еңбек етті.
Жалпы, екеуіміздің таныстығымыз сонау 1966 жылдың 30 тамызында Грозный мұнай институтының бірінші жатақханасының №58 бөлмесінде басталған-ды. Оған да жарты ғасырға жуық уақыт өткенімен, бәрі де есімде. Мен сол күні әскер қатарындағы үш жылдық мерзімімді өтеп, оқуымды жалғастыруға келгенмін. Осы бөлмеде институтқа бірге түскен Қайырхан Сарбөпин тұратын.
Әңгімелесіп отырғанымызда екі жас жігіт келді. Амандасып болған соң біреуі бетіме тура қарап, «Біз Қазақстаннанбыз, осы жылы түскенбіз, әскерден жерлесіміз оралғанын естіп, сәлем бергелі келдік» деді. Бұл–Нұрлан Балғымбаев еді. Жанындағы Владимир Андриенко деген жігіт екен. Бір айтарлығы, сол жылы Қазақстаннан оқуға түскен 16 жастың ішінде әскерден келген жерлес ағасына сәлем беру тек Нұрланның ғана есіне түскені. Біз осылай танысқанбыз.
Рас, кейін біз институтты әр қалада аяқтадық. Мен Грозныйда қалдым, ол Алматыға ауысты. Бірақ, жолдастық қатынастарымызға сызат түспеді. Диплом алған соң мені «Ембімұнай», оны «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестігіне бөлді. Мен Прорва бұрғылау мекемесінде бұрғышының көмекшісі, ол Жетібай мұнай өндіру басқармасына оператор болып еңбек жолымызды бастадық. Содан араға он шақты жыл салып Гурьевте қайта кездестік. Нұрлан 1975 жылы Жайық мұнай-газ өндіру басқармасына өндірістік қамту базасы бастығының орынбасары болып келді. Ал, мен Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының өндірістік-техникалық бөліміне жетекшілік ететінмін.
Әлі есімде, біраз әңгімелескен соң Нұрлан маған қарап, «Төлен, сен бұрғылау бағытында қозғал, ал мен мұнай өндірумен шұғылданайын» деді. Қоштасарда тағы бір сөз арнады. Мен оған сол кезде мән бермегенмін, кейін ойласам, мұнда үлкен мағына бар екен. «Төлен, — деген сонда достым, — сен кісінің көңіліне көбірек қарайсың. Қатаңырақ болу керек». Бүгінде Нұрлан Балғымбаевтың жеткен жетістігі баршаға белгілі. Ал, оның маған берген бағасы – студенттік өміріміздегі сырттай бақылауының жемісі. Сонда ол небәрі 18 жаста еді ғой. Әйтсе де, айтқаны – шындықтан алыс емес. Менің, расында да, кісінің көңілін қалдырмауға тырысатын босаңдығым бар.
Нұрлан досымның мұнайшы және басшы ретінде шыққан шыңы таң қаларлық. Мұнайшылық жолында тек жоғары өрледі. Қатардағы оператордан өндіріс шебері, бастапқыда мұнай-газ өндіру басқармасының, кейін тұтас бірлестіктің бас инженері лауазымдары бұдан да үлкен жұмысқа жетелеген алғашқы сатылар еді. Мәскеудің төрінде отырғанын жоғарыда айттым. Одан АҚШ-қа біліктілігін жетілдіруге жіберілді. Ал, 1994 жылы Елбасының қалауымен еліміздің Мұнай өнеркәсібі министрі болды. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы қиын кезде осы салаға қаншалықты үміт артылғаны белгілі. Ресейлік әріптестерімен байланысын пайдаланып, «қара алтын» тасымалдау бағытын сақтап қалды. Елімізге шетелдік инвестиция құйылды. Сол істің бәрінің басында Нұрлан Өтепұлы жүрді.
Еңбек адамдарын ерекше қамқорлайтын. Оның бастамасымен бірнеше мұнайшылар кенттері экологиялық ауыр аймақтан жайлы орындарға көшірілді. Облыс және аудандар орталықтарындағы жаңа мекендерде мұнайшылар отбасылары тұруы үшін барлық жағдай жасалды. Кен орындарында ең жоғары талаптарға жауап беретін вахталық қалашықтар бой көтерді. Демалыс орындары, спорт ғимараттары тәрізді әлеуметтік нысандар салынды. Соның бәрінің басы-қасында өзі жүретін. Бұл бағынышты адамдарына сенбегендіктен емес, ол жұртпен араласқанды, олардың мұң-мұқтажын өздерінен білгенді ұнататын. Қандай қызметте болғанымен, баршаға қолжетімді де қарапайым күйінде қалды. Оның өзін өзгеден жоғары ұстағанын ешқашан көргенім жоқ. Басқалары да солай. Үкімет басшылығының тұтқасын ұстағанда да ескі достарымен байланысын үзбеді. Ал, оның балалық шағынан бастап, мектептегі және институттағы, өндірістегі жолдастары жеткілікті болатын.
Міне, сол досымызды соңғы сапарға шығарып салғанымызға да 40 күн болып қалыпты. Еліміздің аяғына тік тұруына елеулі үлес қосқан, қиын кезде Елбасымен тізе қоса еңбек еткен, оның сенімді серіктерінің бірі болған мемлекет және қоғам қайраткері, асыл досымыз, жақсы жолдасымыз Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Төлеген БАЙЗАҚОВ,
ардагер-мұнайшы.