Масаға қарсы шара: қауқарсыздық па, құлықсыздық па?
Маса мазаларын алған Атырау қаласы мен оның маңындағы елді мекен тұрғындары кешкілік сыртқа шығудан қалды. Халық «қансорғыштарға» қарсы шаралардың уақытында қолға алынбағанына ренжулі. Ал, мамандар «масаның күрт көбеюі инфекциялық аурулардың таралу қаупін күшейтеді» деген пікірде. Әсіресе, балалар мен егде жастағы адамдарға оның залалы көбірек тиетінін тәжірибеден көріп жүрміз.
Маусымдық жұмыстардың межелі мерзімінен кешігуіне не себеп болды? Осы мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында салаға жауапты құрылымдардың өкілдерін сөзге тартқанбыз.
Мердігер анықталмаса да, жұмыс басталды
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубекеровтің айтуынша, биыл шаһарда масаларға қарсы жүргізілетін дезинсекциялау шараларының уақытынан кешіктірілуіне – мердігер мекемені анықтау жөніндегі тендердің қайталап өткізілуі себепші болып отыр. Яғни, электрондық конкурсқа қатысуға өтінім бергендердің құжаттары конкурс шарттары мен талаптарына сай келмеген.
Осылайша, наурыз айында басталып, үшінші мәрте жарияланған тендердің жеңімпазын анықтау мүмкін болмаған. Сондықтан оны кейінге шегеруге тура келіпті. Ең соңынан жарияланған конкурстың қорытындысы маусым айының 13-іне белгіленген. Әйтсе де, тұрғындардың алаңдаушылығы мен наразылығын тудырмау үшін оған дейін дезинсекциялау жұмыстарын демеуші компанияның көмегімен бастап кетуге шешім қабылданған. Бұл шаруамен бүгінде «AG Disinfection services» ЖШС шұғылдануда.
Қаржысы бар, қарекет қандай?
– Нақтылай кетсем, биыл қала бойынша масаны улау жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 100 млн. теңге қаржы бағыттау жоспарланды. Алайда, жоғарыда айтылғандай, мердігер мекеме анықталмай, белгіленген іс-шаралардың мезгілінде басталмауынан бөлінген қаржының қаншалықты дәрежеде игеріліп, қандай көлемде атқарылатынын дөп басып айту қиын. Қазіргі басты үмітіміз – бұл жұмысты демеушілікпен жүзеге асыруды міндетіне алған «AG Disinfection services» серіктестігінде болып отыр.
«Ештен кеш жақсы» демекші, мезгілінен кешіктірілгенімен жұмыс алдын ала бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Сөйтіп, бір жеті бұрын қаланың Вокзал маңы шағынауданынан басталған масаларды улау жұмыстары кезең-кезеңімен шаһардың басқа да бөліктерінде, одан әрі ашық тоғандарда, саябақтарда, мәдени және демалыс орындарында, қала маңындағы елді мекендерде жүргізіледі. Қаладағы тұрғын үй қорының есебінде 1 233 көпқабаты үй болса, олардың бәрі бірдей демесек те, біразының жертөлелерінің суға толуы масаның көбеюіне әсерін тигізуде. Бұдан өзге, Ерік–Мостовой каналы, оның жағасындағы қамыс-құрақ, өзге де ашық су көздері жәндіктердің өсіп-өніп, таралуына қолайлы орта болып табылады. Дезинсекциялау жұмыстарының барысында осы жағына басымдық беріледі. Қазіргі уақытта қала бойынша бұл жұмыспен 4 бригада, 25 қызметкер тұрақты айналысуда. Тендер қорытындысы шығып, жұмыс ауқымы артқанда бригаданың саны да көбейеді, — деді салалық бөлімнің өкілі.
Ресми дерекөздердің мәліметінше, жыл сайын масамен күреске қаралатын қаржының көлемі өзгеріп отырады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын бұл мақсатқа 116 млн. теңге жұмсалса, одан кейінгі жылы 118 млн. теңгеге көбейген, ал былтыр оның сомасы 50,4 млн. теңгеге дейін азайыпты. Биыл өткен жылғыдан екі есеге (100 млн. теңге) ұлғайғаны белгілі болып отыр. Әйтсе де, қаражаты молайғанымен, қарекеттің көңіл тоғайтпайтыны ащы да болса шындық. Мамандардың сөзіне қарағанда, залалсыздыру жұмыстары наурыз айында басталып, биылғыдай екі айға кешіктірілмегенде маса да осыншалықты көбейіп кетпеген болар еді.
Көбейіп кетсе, азайту оңай емес
Қаржысын былай қойғанда, «қансорғыштарға» қарсы қолданылатын препараттардың оларды жоюға күші жеткілікті ме, қауқары қандай? Тұрғындарды толғантқан бұл сауалды «AG Disinfection services» ЖШС директорының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлсара Ходжыбековаға қойғанбыз.
– Шынын айту керек, биыл біраз кешігіп қалдық. Масаның қаптап, атыраулықтардың мазасын алып жатқанының басты себебі де сол. Жылда бұл жұмыс наурыз айының соңына таман, масаның дернәсілдері жетілмей, бас көтермей тұрғанда басталып кететін. Осы жолы тендер жарияланғанымен, белгілі себептермен конкурс жеңімпазын анықтау мәселесінің кейінге ығыстырылуына байланысты осындай жағдайға тап болып отырмыз. Нақтылай кетсек, қаражаты уақытында шешілгенімен, дезинсекциялау шаралары әдеттегіден екі ай мерзімге кешіктірілді. Қалалық әкімдіктің қолдауымен масаға қарсы улау жұмыстарын мамыр айының 27-інде ғана бастауға мүмкіндік алдық. Әрине, қалай дегенмен де дер мезгілінде қолға алынбаған шаруаның өзіндік қиындықтары болатыны сөзсіз. Соның куәсіндей, ашық су көздерінде, ағынды суға толған көпқабатты үйлердің жертөлелерінде, басқа да ошақтарда емін-еркін өсіп, көбейіп кеткені сонша, қаптаған маса көшеде де жүргізбейтін жағдайға жетіп отырмыз. Мұның өзі адамдардың тынысын тарылтып, жәндіктің шаққанынан ауруға шалдығатын жағдайлардың да кездесетінін көріп жүрміз.
Зиянкестен залал шекпес үшін
Маманның түсіндіруінше, осындай қолайсыздықтар туындап, орын алған жағдайлардың қайталанбасы үшін мекеме қызметкерлері бірнеше топқа бөлініп, жоспар-кестеге сәйкес жұмысқа кіріскен. Қолданыстағы препараттардың әсері мен тиімділігін арттыру үшін олардың (агран, сольфак, циптрин, дилитрин, лямбад 25 мк деп аталатын) бірнеше түрі араластырылып, қолдан қоспа жасалады.
Жұмыс басталмас бұрын бұл препараттар зертханада сынақтан өткізіледі. Оны шашып, бүркетін, қуыс-мүйіс жерлерде де қолдануға ыңғайлы құрылғы-құралдар жеткілікті, қызметкерлер арнаулы жұмыс киімдерімен, көлікпен қамтылған. Бұл препараттардың қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығы мен өміріне ешқандай қаупі жоқ көрінеді. Тұтастай алғанда, жүктелген жұмыс бір айдың ішінде мәресіне жеткізілуі тиіс. Дегенмен, онымен науқан аяқталмайды. Залалсыздандыру шаралары әрі қарай да жалғасады. Басты міндет – зиянкестің ошағын дер мезгілінде жойып, адамдарға келтіретін залалынан сақтау.
Дәулетқали АРУЕВ
Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ