Атырауда Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады

img 20220131 wa0067 Жаңалықтар

 Жуырда Атырау қаласында орналасқан Ұлттық ұлан 5546-әскери бөлімінің 145 жас сарбазы салтанатты түрде ант қабылдады. Бұл әскери бөлімге жыл сайынғы жауынгерлік қызмет жоспары бойынша Тараз, Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан жас сарбаздар шақырылған болатын.

Келген күннен бастап оқу пунктінде арнайы дайындалған маман офицерлер, сержанттар бір ай көлемінде жас сарбаздарды саптық дайындық, ату бойынша, жауынгерлік қызмет және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша оқытты.

Аталған шараға «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Бақыт Алазов және әскери бөлімнің ардагері запастағы прапорщик Қанат Алипов қатысты.

Өз құтықтау  сөзінде 5546-әскери бөлімнің командирі полковник  Манат Наукеев:

«Ант бұл — мемлекетке деген адалдық серті. Бұл — Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жарғысында бекітелген маңызды құжат. Бұл рәсім жас жауынгерді нағыз патриотизмге, Отанға, Президентімізге деген адалдыққа тәрбиелейді, сол үшін шараның маңызы да ерекше. Жас жауынгерлеріміз алдағы уақытта Атырау қаласы бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы мекемелерді күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқаратын болады» деді.

img 20220131 wa0066

Әскери ант қабылдаған қатардағы жас сарбаз Баубек Уралбаев:

  • Мен Ұлттық ұлан қатарына Тараз қаласынан шақырылдым. Әскери мерзімдік қызметті атқару ол әрбір азаматтың қасиетті борышы деп білемін. Себебі ел басына күн туғанда қолымызға қару алып, Отанымызды қорғауға міндеттіміз. Мен әскери  дайындықтың бір айлық дайындығынан өтіп, бүгін міне ант қабылдадым. Сенім артқан барлық командирлеріміздің үмітін ақтаймыз деп ойлаймын. Мен үшін және мені онлайн режимде тамашалап отырған ата-анам, туыстарым үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта әскери қызметімді үлгілі, адал, қырағылықпен атқаруға тырысамын. Бүгін ант қабылдаған барлық қарулас достарымды да құттықтаймын, – деп қуанышымен бөлісті.

Індеттің таралуын болдырмау және оның алдын алу мақсатында жас сарбаздардың ата-аналары ұлдарының ант қабылдау рәсімін 5546-әскери бөлімінің ресми «Инстаграмм» әлеуметтік парақшасында онлайн режимде тамашалады.Іс-шара аяқталған соң бөлім басшылығы онлайн режимде ата-аналармен сұхбат өткізіп, сұрақтарына жауап берді.

Ендеше әскери қызметке қадам басқан жас жауынгерлерге сәттілік, абыроймен аман-есен туған жерлеріне оралуларына тілектеспіз!

Малика  Шынжигитова, лейтенант

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Балауса

    Баубек Уралбаев Тараз қаласынан, Ақтөбе емес соны дұрыстасаңыз

  2. Атырау газеті author

    Түзетілді.