Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!Қоғам

Құмарғали Ғабдешұлы: «Оқырман талғамын ойлы мақала қалыптастырады»

Биыл облыстық «Атырау» газетінінің жарыққа шыққанына – 95 жыл. Бұл мерейлі дата – мұнайлы өңір аймағында өзіндік орны бар басылымның өткенге шегініс жасап, облыстың шежірелі тарихын жасауға атсалысқан ардагерлердің еңбегіне баға беріп, оларға құрмет көрсетуге де мүмкіндік. Осыдан 57 жыл бұрын кезіндегі «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің ауыр жүгін арқалаған көнекөз журналист, «Сағым жылдар»,           «Дариға-дәурен», «Жылдар және адамдар», «Пыштанай жеңілмеген батыр дескен…» сынды кітаптардың авторы Құмарғали Ғабдешұлы – осындай сый-құрметке лайық аға буынның бірегейі. Әрқашан «Атырауын» асыға күтіп отыратын ағамыздың кейінгіге айтар ақыл-кеңесі мол. Кәсіби мереке қарсаңында біз ардагер журналистің естелігін тыңдап, сұхбаттасқан едік.

«Оқырман талғамын ойлы мақала қалыптастырады»

Құмарғали Ғабдешұлы, өзіңіз ұзақ жыл жұмыс жасаған газетіңіздің 95 жылдық мерейтойы құтты болсын! Сіз «Атыраудың» шаңырағына қалай келдіңіз? Өткен жылдарды еске түсіре отырсаңыз…

– Қызығы мен шыжығы мол журналистік қызмет пешенесіне жазылған әр адамның бір мектептен өтері анық. Мен үшін сондай мектеп облыстық «Коммунистік еңбек» редакциясы болды. Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп келген соң еңбек жолым 1961 жылы осы шаңырақта әдеби қызметкерден басталды. Сол кездегі газет шығарудағы қайнаған жұмыстағы ең алғашқы ұстазым Әбуғали Ғабдуллин еді. Қызметке жаңа кіріскеніме қарамастан тапсырмалар көп берілетін. Өзім де жүрексінбей, газет стилін тез меңгеруге тырыстым. Екі-үш жылдан соң партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болдым. Мұнда Фариза Оңғарсынова, Тәжі Ақымов, Сабыр Өтепбергенов бар, бәріміз бірге қызмет еттік. Редколлегия мүшесі болдым. Кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, обкомның бірінші хатшысының көмекшісі қызметтерін атқардым. Сол уақытта «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшілігіне ұсыныс түсіп, бұл жүкті де арқалауға тура келді. Он екі жылдан соң «Атырауға» қайта оралып, бас редакторының орынбасары және идеология бөлімінің меңгерушісі қызметін қоса арқаладым.

Сол кезде күнделікті жарыққа шығатын газет болған соң маман тапшылығы бар ма еді? Бұл тығырықтан қалай шықтыңыздар?

– Барлығы жеті бөлім жұмыс жасады. Журналистердің шығармашылық әлеуеті өте жоғары болды. Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Сабыр Өтепбергенов, Берік Қорқытов, Нұреден Мұфтахов, Қадырғали Сасиықов, Теңдік Жауыров, Әміреш Жұмағалиев, Ізімберген Есқожин, Марат Ысқақов, Тілек Дәулетов, Қадиша Сұлтанғалиева, Тәжі Ақымов, Исатай Балмағамбетов, Меңдібай Сүмесінов, Лиза Сейтімова сынды журналистермен қоян-қолтық қызмет еттік. Өз ісінің нағыз мамандары атанған олар кадр тапшылығын айтарлықтай туғыза қоймады. Өйткені, кәсіби тұрғыда шыңдалған әрқайсысы бірнеше журналистке татыды. Осындай мамандардың арқасында тығырықтан шығып, кадр тапшылығы өзінен-өзі шешіліп отырды.

Мәселен, «Атыраудың» қазіргі Бас редакторы, сол уақыттағы жас журналист Исатай Балмағамбетовтің дайындаған материалдары алдымызға жап-жатық, тап-тұйнақтай болып келетін. Қаламымыздың ұшын тигізіп, шимайлап, жөндей алмайтынбыз. Міне, тілшілердің осындай біліктілігінің нәтижесінде аз ғана ұжыммен көп бетті газетті шығардық. Сөйтіп, журналистердің ұстаханасына айналған «Атырауда» талай қарымды қаламгерлер, білгір мамандар түлеп ұшты.

Облыстық газеттің қазіргі шығарылымына көңіліңіз тола ма? Жалпы, қазақ газеті қандай болуы керек?

– Бүгінгі «Атырау» қоғамдағы жаңалықтарды дер кезінде оқырманына жеткізіп отыр. Әр мақаланы түрлендіріп, заман талаптарына сай ұсынуы да көңілге қонымды.

Айтайын дегенім, газеттің бұрын қоғам, мемлекет алдында маңызы қандай болса, қазір де осы рөлі жойылмауы тиіс. Ол үшін фельетон, сыни тұрғыдағы мақалалар ұдайы беріліп тұрғаны жөн. Басылымның жұмысына жан бітірер, оқырман талғамын қалыптастырар ойлы, мазмұнды мақалалар жиі жазылуы керек. Әсіресе, арнайы сын-сықақ бұрыштары ашылса құба-құп. Ел аузында жүрген талай шежіре, дастандар бар. Кейінгі жастар есімін естімеген, естісе де жіті танымайтын тұлғаларымызды насихаттап, танымдық дүниелерді көп жариялау қажет. Оқырманның талғамы жоғары болу үшін газеттің мазмұны бай, жазғаны құнарлы болғаны жөн. Журналистер қай уақытта да соған күш салса газеттің беделі төмендемейді.

Өміріңіз облыстық газетпен, еліміздің бас басылымымен тығыз байланыста болды. Мерзімді баспасөзде қызмет етудің қиындығы қандай? Бұл жылдары есте ерекше қалған, шешіміне өзіңіз түрткі болған оқиғамен бөлісеңіз…

– «Атырауда» жүрген кезімде редакцияға түскен арыз, шағым негізінде аудандағы жасы үлкен молда адамды тексеруге жіберді. Ол азамат менің танысым еді. Соған қарамастан редакцияда маған жүктелген тапсырма бойынша оны жан-жақты зерттеу қажет болды. Бұл кезде көліктің жоқтығынан Редут елді мекеніне жаяу жеттім. Өкінішке қарай, колхоздың жауап берер басшылары болмады. Сөйтіп, ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, зерттеу мақаласы кейін «Еңбек етпей ішіп-жей ме?» деген тақырыппен жарияланды. Бұл материал кейіпкердің бұған дейінгі былықтарын ашып, ашу-ызасын туғызып, үлкен айқай-шу болды. Сол сәттер әлі күнге ұмытылмайды.

Ал, «Социалистік Қазақстанда» бірде жас келіннің ата-анасының қалың малды азырқанып, риза болмауынан шыққан даудың салдарынан нақақ сотталған жігіттің арызына орай зерттеу жүргіздім. «Шылықтан туған былық» деген көлемді мақала жарық көріп, арада бір жылға жуық уақыт өткенде әлгі жігіт ақталып шықты. Сөйтіп, газет көтерген мәселелер шындықтың шырағданын жағып, кедергілерге қарамастан әділетсіздіктің бетін ашты.

Журналистке талпыныс, шығармашылық шабыт беретін не нәрсе?

– Басқа салаларға ұқсамайтын журналистикаға бет бұрған адам үлкен жауапкершіліктің иесі болуы тиіс. Бұл қасиеттің өзі әр тілшіні жаңа дүниелер жазуға алға талпындырады. Тағы бір ерекшелігі, тілші өзі жазған мақаласы үшін қаламақы алады. Шабыт беру үшін қаламақы да сала қызметкерлері үшін басты құрал саналады.

Естелігіңізбен бөліскеніңізге рахмет!

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button