Мақсат – әлеуметтің әлеуетін көтеру
Үстіміздегі жылдың қаңтарында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобындағы бизнес трансформациясы бағдарламасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры құрылғаны белгілі. Атамыш қор министрліктер және мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңыздағы және өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды дайындайды.
Сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры компаниясы тобындағы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қайырымдылық жобаларды жүзеге асыру мақсатында жарияланған байқауының тұсаукесері болды. Оған облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуды «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ әлеуметтік саясат департаментінің директоры Бақыт Иманғалиев ашып, жүргізіп отырды.
Тұсаукесер рәсімінде «Самұрық-Қазына» АҚ әлеуметтік жобалар қызметінің басшысы Нұрлан Ұрағалиев «Samruk-Kazyna Trust» қорының мемлекеттік органдарды, қоғамдық және басқа да ұйымдарды өзара тығыз әріптестікке тартып, әлеуметтік-серіктестік жобалардың пайда болуының алғышарттарын қалыптастыруды көздейтіндігін айтты. Қордың басты қағидасы – ашықтық, жүйелілік, әлеуметтік маңыздылық және тиімділік екендігін қаперледі.
Аталған қордың басқарушы директоры – ресми өкіл Лима Диастың айтуынша, қор еліміздің гүлденуіне, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендеуіне атсалысуды мақсат етеді. Ол әлеуметтік және медициналық сектордағы қауымдастықтар мен адамдарға көмек көрсету, медиа, мәдени қауымдастық пен адам әлеуетін дамыту, еңбек қатынастары мен ұлтаралық қарым-қатынастарды, қоғамның тұрақты дамуына инвестиция құюды нығайту, өңірлерді және бизнес бастамаларды қолдауды басым бағытқа айналдырған.
«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Қазақстан Республикасы қоғамдық бірлестіктерінің арасында байқау жариялап отыр. Байқау негізінде іріктелген ең үздік қоғамдық ұйымдарға қаржылай көмек беріліп, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруға және әкімшілік жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетіледі. Байқауға қатысуға өтініш жіберу мерзімі таяп қалды. Ол 13 маусымға дейін құжаттарды қабылдайтындығын ескерткім келеді, — деді Лима Диас. Қордың бас директоры Ерлан Дәрімовтың пікірінше, бұған дейін Қазақстанның бес өңірінде болып, тұсаукесерін өткізген бұл топтың басты мақсаты – аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдардың ұсынған жобаларын мұқият сараптамадан өткізіп, лайықты жеңімпаздарды анықтау.
Басқосу барысында Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев қазақтың ұлттық салт-дәстүріне, әсіресе, Наурыз мейрамын өткізуге, өңірде туризмді дамытуға қатысты ойларын айтты. «Болашақ К», «Мүгедек әлемі», «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық ұйымдарының жетекшілері Жібек Бисенова, Гүлбаршын Нұржігітова, Ерлан Күмісқалиев және басқалар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды.
Бақытжан ЖҰМАТ.