Жарнама
Қоғам

МАХАМБЕТТАНУДАҒЫ АМАНШИН АСУЛАРЫ

Берқайыр Аманшиннің өзі «Өлеңім – өмірім» естелігінде білімге құштарлығын оятқан балалық кезеңі туралы былай деген екен: «Мен ертеректің өзінде орысша-қазақша мектеп бітірген қызметкер әкенің арқасында жоқшылық көрмей, мәдениетті отбасында тәрбиелендім…». Бұдан түсінетініміз – қаламгердің зиялы әкенің тәрбиесінде болып, оқу-білімнің қадір-қасиетін ерте пайымдап, әдеби туындылармен таныстығы ерте басталғандығы. Оның әкесі Аманшин Сәлім Орынбордағы реальное училищені орысша бітірген, сауатты жан болған. Ал, анасы үй шаруашылығындағы әйел болғанмен, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген жан болған екен.
Болашақ қаламгердің мектептегі білім алу жолында, белгілі бір ерекшеліктер белгі береді. Ол алғаш Астрахандағы татар мектебіне барған, онда алтыншы сыныпқа дейін қазақша, сосын соғыстың алдындағы жылдары Орынборда орыс мектебінде оқыпты. Белгілі революционер Николай Бауманмен гимназияда бірге оқыған Иван Рудольфович Матцкий деген тәжірибелі қарт мұғалімнің сыныбына алынуы болашақ жазушының орыс тілін жетік меңгеруіне, жалпы ой-өрісінің кеңеюіне көп көмегін тигізеді.
Бала сезіміне әсер еткен алғаш әдеби шығарма «Игорь полкы туралы сөз» атты жырдағы әйел зары Берқайырға ауылдағы қазақ әйелдерін елестетіп, қатты әсер қалдырады. Рухани дүниесін жаулап, жүрек түкпіріндегі бұйығы бір сырды оятқан жырды кейін түгел аударып, Алматыға, Ғылым академиясына жіберіпті. Аударма ғайыптан-тайып Мұхтар Әуезовтің қолына түсіп, оң баға алған. Бұл туралы қаламгердің өзі «…сәті түсейін дегенде Мұхтар Әуезовтың қолына тиіпті. Ғылым академиясының бір жиынында менің аудармамды ол кісі мақұлдап сөйлепті» деп жазған. Сол кітап 1951 жылы жеке кітапша болып басылып шығып, Б.Аманшин әдебиетке осылай қадам басқан екен.
Сол бір көкейдегі тылсым сырды тербеткен жырдың әсері жайлы кейін қаламгер ерекше жылылықпен былай еске алады: «1940 жылы «Игор полкі туралы сөзді» өттік, онда «Ярославаны жоқтау» деген тарау бар екен. Бұл – Дон бойындағы қыпшақтармен соғыста қолға түскен күйеуі князь Игорь Святославичті әйелінің жоқтаған зары. Осыны мұғалимамыз алғаш дауыстап оқығанда жесір арудың жарын сағынып, жылаған әсерлі сөздеріне көңілім босағаны сонша, класта отырып жыларман халге келгенім есімде. Жасымызда ауылда жылау айтып, дауыс салған әйелдерді талай көргенбіз. Ярославаның зары тап сондай, сөздерінен бұрын ырғағы, әуені де қазақтың жылауына дәл келеді екен. Дереу сол жерде, сабақ үстінде Ярославаның жылауын қазақшаға аудара бастағаным менің әдебиетке алғаш ұмтылысым еді».
Берқайыр Аманшин дәстүрлі сипаттағы өз зерттеулерін ғылыми талқылаудан өткізіп, оны ғылыми кеңесте қорғап, құжаттық негізде ғылыми атақ-дәреже алған ғалым емес. Әйтсе де, өзіне тән сабырлы қалыппен «ақырын жүріп, анық басып» (Абай) әдебиеттану тарихына қатысты бір емес, бірнеше ғалымға жүк боларлық толайым іс тындырған зерттеуші. Оның өз зерттеулерінде ізденісіне арқау еткен тақырыбы бойынша өзгелерден оқ бойы озық кетіп отыруының өзіндік сыры бар. Ол сырдың мәні – кеңестік тұстағы ғылыми жұмысқа қойылған талаптар шеңбері мен шектеулерге Берқайыр зерттеуші көзқарастары мен ой-тұжырымдарының сыя бермегендігінде. Әсіресе, бұл махамбеттануға қатысты айқын танылады. Ғылыми жұмыстарға қойылар талаптар бойынша «ана жерін жөндейін, мына жерін кейін ойып алып тастайын, жасырып, жауып тастайын, тігісін жатқызайын» деген сияқты кеңестік ғылымның идеологиясының «үтіктеуінен» өткізу тәсілі оның зерттеулерінен тыс қалды. Мүмкіндігінше еркін жазды, ерікті жазды.
Ол өзі жақсы білетін Батыс Қазақстан, Атырау аймағының әдебиет тұлғаларын зерттеуге, олардың әдебиет тарихына енуіне ерекше еңбек етті. Ақындар Ығылман Шөрекұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Махамбет Өтемісұлы, тарихи тұлға Исатай және басқалар туралы тың деректерді тірілтіп, мұрағаттарда көзден тыс жатқан құжаттарды тауып, ғылыми айналымға қосты. Бұл, әсіресе, оның Махамбетке қатысты еңбектерінде айқынырақ көзге түседі.
Жалпы, Берқайыр Аманшиннің Махамбет Өтемісұлына байланысты еңбектері екі бағытта жазылды деуге болады. Оның біріншісі – тарихи- тағылымдық мәні басым бағыт. Атап айтқанда, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихнамасын жасау, көтеріліс басшылары мен сарбаздардың ғұмырнамасына деректік сенімді түзетулер енгізу. Екіншісі – Махамбеттің ақындық болмысын ашу, оның шығармашылық жолын жүйелеу және өлең-мәтіндеріне текстологиялық тұрғыдан өңдеулер жасап, оларды талдап, ақындық экспрессивті, шығармашылық иррационалдық тұрғыдан ұғындырып, Махамбет ақынның өзіне ғана тән қолтаңбасын айқындау. Оның Махамбетке қатысты еңбектері махамбеттану саласына қосылған іргелі ізденістер арнасына айналып, Махамбеттің тарихи тұлғалық, ақын ретінде шығармашылық ерекшелік қасиет-қадірін тануға алдыңғы толқын зерттеушілер Х. Досмұхамедов, Қ. Жұмалиев сынды ғалымдар еңбектерін толтырып қана қоймай, кейінгі зерттеулерге жолбасшы болып, әдебиетші ғалымдардың тарихи ізденістеріне жөн сілтеуші сенімді таным көзі ретінде әдеби ғылыми ортада толығынан мойындалды.
Қаламгердің «Даладағы дауыл» туындысы да Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісін суреттейді. Бұл – сюжетті поэма. Ол Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс оқиғасын арқау етіп, «Князьдағы қараңғы үй», «Кездесу», «Үбі келгенде», «Махамбет пен Қарауыл», «Балқының үйін өртеу», «Ордаға! Ордаға!», «Махамбеттің монологы» атты жеті бөліктен құралған әр бөлімі Махамбет өмірінің белгілі бір кезеңін қамтып, көтерілістің тарихи даму сәттерімен тікелей қатынаста өріледі. Әр оқиғаның тұсында көзге түсетін ерлер бейнесі есте қаларлықтай жарқын шыққан. Поэма Махамбеттің монологымен аяқталады:
«Аллалап» басым көтердім,
Әдіра қалып қу тақтай,
Арқама тастай тигесін
Айтып та айтпай не керек.

Алдыртып жауға еркімді,
Басыма ноқта кигесін.
Аш өзегім күйгесін, –
Сөйлеп те Махаң не десін?
Бұл жолдар Махамбеттің өз монологын еске түсіреді:
Айтып-айтпай не керек,
Құсалықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні!
Таудан мұнартып, ұшқан тарланға теңеген Исатайы өлгесін Махамбетті қолдаушы азайып, қызғыш құсқа мұң шақтырған батыр жанына тисе де, оның алдына қойған мақсатын айныта алмаған-ды:
… Ойға алғаным болмады,
Қара өткелде қол қалды.
Алғаным мен балаларым –
Дендерде жылап ол қалды.

Қайтесің мені сөйлетіп,
Жеңілген күні қол кетіп?
Еркімде жүрсем сөйлеуші ем,
Сөз асылын селдетіп,
Сөзіме жұртты шөлдетіп,
Сазбен көңіл тербетіп,
Ей, досым-ау, ей досым,
Кете ме сол күн енді өтіп?! —
Өзін танып, сөзін танып өткен ақында арман бар ма? «Қара қазан, сары бала қамы үшін», от басын, ошақ қасын тастап, түн қатып жүріп, түс қашқан жорықтардан жанын аямаған Махамбет келеді көз алдыңызға. Автор өз поэмасында Махамбетті тап үшін күрестің емес, ел азаттығы жолындағы, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күрескер ретінде сомдайды.
Берқайыр Аманшин ұлан-ғайыр еңбегінің елеулі бөлігін Махамбет туралы зерттеу еңбектері құраса, сол мол материалға сүйене отырып, ол өзінің ғұмырлық ізденісінің тірек көзі – Махамбет жайлы көлемді көркем шығарма жазды. Сөйтіп, алға қойған мақсатына жетіп, Махамбеттей тұлғаның көркем тұлғасын сомдап кетті. «Махамбеттің тағдыры» романын жазу үшін ол қыруар уақытын жұмсады. Ол тек қана осы романды – өз шығармашылығының өркеші, биігі болады деп санады да, соған сандаған жылдарын сарп етті»,– дейді қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбеков романның алғашқы басылымына жазылған алғы сөзінде. Айтса айтқанындай, тумыс-бітімінде ғалым боларлықтай сирек жаратылған, соған орай, өзі де көп ізденген Б.Аманшин махамбеттану ғылымына үлкен үлес қосты. «Махамбеттің тағдыры» романы – Б.Аманшиннің ұзақ жылғы талмай ізденген ізденістерінің нәтижесі.
Қаламгердің Махамбет туралы зерттеулері, ең алдымен, баспасөзде жарық көрген. «Қазақ әдебиетінде» (1955 ж., 20 май, № 20) жариялаған «Махамбеттің ұрпақтары» атты алғашқы мақаласында-ақ көп жайлардан хабардар етеді. Содан бастап Б. Аманшин өзіне дейінгі махамбеттану саласында Махамбет өмірі жөнінде үстірт баяндалып келген құпия сырлардың көмбесін аша бастайды. Махамбеттің әкесі Өтеміс туралы, оның хан билігін жақтаушы Исатаймен дүрдараздығы, соған қарамастан, Өтемістің баласы Махамбеттің жанқияр досы болғандығын алғаш болып айтқан да Б. Аманшин еді. Бұл ғалым зертханасының тарихи фактілерге бай екендігін танытса керек.
«Махамбеттің тағдырынан» «елдік пен ерліктің жыршысына» айналған, «қара қазан, сары бала қамы үшін», «Жайық үшін жандасып, Қиғаш үшін қырылып, Еділ үшін егескен» азаткерлік күрестің азаматтық тұлғасы, ұлы Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы Берқайыр Аманшиннің бүкіл ғұмырлық шығармашылық жұмысының негізгі күретамыры болғандығы айқын сезіледі. Туынды – тек Махамбеттің ғана емес, 1836-1838 жылдардағы халқымыздың басынан өткен ірі тарихи кезеңге, яки ел басындағы әлеуметтік жағдайларды көтере білген сюжеттік композициялық өрнегі шеберлікпен құрылған кең тынысты шығарма.
Романның тақырыбы – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі Бөкей ордасындағы патшалық Ресей мен жергілікті хан-сұлтандардың екі жақты езгіге ұшырап, озбыр саясаттың құрбаны болған қара халықтың қыл үстіндегі азалы тағдыры. Романның негізгі идеясы – ел басына күн туған осындай алмағайып заманда атқа мініп, қарашаның хан ұлында немесе хан төңірегіндегі ақсүйекте кеткен кегін даулап, әділет іздеген Исатай мен Махамбет сынды ел ырысына туған ұлдардың азаматтық, мәрттік қасиеттерін, қара басы үшін адам құқын аяқ асты қылған Жәңгір хан Бөкейұлы, Қарауылқожа Бабажанұлы, Шыңғали Орманұлы секілді ел билеушілерінің қатыгездігін, аярлығын көрсетіп, келер ұрпаққа тарих шындығын ашып кету.
«Тарихи роман жанрының бір құндылығы – ол әрдайым халықтың өткен тарихы мен қазіргі өмір арнасына салынған рухани өткел тәрізді» деген зерделі сыншы Зейнолла Серікқалиұлының салиқалы пікірін ескерсек, Махамбет ақын бел ортасында жүрген көтерілісте туған жауынгер жырлардың өр рухы біздің қазіргі егеменді бейбіт өміріміздегі елдік рухымызды көтерсе, тарихи көркем туындының өзекті ойларының ұрпақ тәрбиесіне де тигізер әсері мол болмақ.

Айгүл ЕРМЕКОВА,
Атырау мұнай және газ институтының оқытушысы, филология
ғылымдарының кандидаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button