МАЙДАНГЕР ҰСТАЗ
Ол 1918 жылы Қызылқоға ауданының Көздіқара ауылында дүниеге келген. 1935 жылы Гурьев педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1938 жылы бітірген. Ұстаздық жұмысын 1938 жылдың қыркүйек айынан, Бақсай ауданы, Бақсай бастауыш мектебінде бастаған.
1939 жылы Кеңес Одағы Қарулы Күштері қатарына алынып, сол жылы 30 қарашада басталып, 1940 жылдың 12 наурызына дейін 3 жарым айға созылған фин соғысына қатынасып, 600-ші атқыштар бөлімінде атқыш, байланыс бөлімінің командирі болған.
Ұлы Отан cоғысы басталған күннен бастап, І Украина майданы әскерінің құрамында 1944 жылдың ақпан айына дейін талай қанқұйлы шайқастарға қатысқан. Ленинград қаласындағы қызыл армияның жоғары әскери училищесіне 1945 жылы ақпан айында түсіп, курсанттық оқуда оқыған.
Соғыс біткеннен кейін елге оралған ол 1945 жылдың 15 маусымынан бастап Гурьев облысы, Қызылқоға аудандық оқу бөліміне мұғалімдік қызметке алынып, өмірінің соңғы жылдарына дейін осы ұжымда ұстаздық еткен. Ұстаздық өмірінің соңғы жылдарын Қызылқоға ауданы, Комсомол совхозындағы Жаңашаруа орта мектебінде өткізді.
Саналы ғұмырын бала тәрбиелеп, оқытуға жұмсаған майдангер-ұстаздан дәріс алған шәкірттері қазір тәуелсіз Қазақстанымыздың түкпір-түкпірінде сан алуан салада қызмет жасап жүр.
Майдангер-ұстаз Ұлы Отан соғысында байланысшылар командирі болған. Ол соғыстың талай қиын кездерінен өтті.
Жас болсам да, жадымда сақталғаны, әкемнің бір артында қалған үлкен өкініші болатын. Ол:
«1943 жылдың аяғы мен 1944 жылдың басында І Украина майданында Житомир–Бердичев операциясы кезіңде қоршауға түскен кезімізде басшылардың бұйрығы бойынша барлық құжаттарымыз бен орден, медальдарымызды жерге көмуге бұйрық алдық. Көп кешікпей кешке таман біздің әскерлер көмекке келіп, қоршауды бұзып шықтық. Бірақ, сол кездегі орден-медальдарымның орны толмайды»,- деп, өмірінің соңына дейін өкініп, кейінгі берілген Жеңістің 5 жылдығынан басталған медальдардың бір де біреуін омырауына тақпай өтті.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өмірі бізге үлкен үлгі болмақ, қазіргі жарқын болашағымызбен оларға қарыздармыз…
Әлия Құлшарапқызы,
Атырау қаласы.