МАЙДАН ДЕРЕГІН ӘЛІ ІЗДЕЙДІ
Шараға ауыл тұрғындары, майдангерлердің ұрпақтары, соғыс, еңбек ардагерлері кеңесі, өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Осыдан соң ауылдық округтің әкімі Ерғали Тапанов сөз алды. Ол екінші дүниежүзілік соғыста елім, жерім деп кеуделерін жау оғына тосқандардың арасында бұрынғы Балықшы ауданының Плотовин ауылдық округінен (қазір Еркінқала ауылдық округі болып аталады) 200-дей боздақтың болғанын, олардың 160-ы майдан даласында қалып, туған жердің топырағын басу бұйырмағанын айтты.
Осы кешті өткізу барысында ауыл әкімінен бастап, кітапхана, мәдениет қызметкерлері, ақсақалдар кеңесі «соғыстан қайтпай қалған боздақтар туралы бір дерек шығып қала ма» деп мұрағаттарды, интернетті сан мәрте қарап, іздестіргенін айтты. Алайда, аз ғана деректерден басқа әзірге ештеңе табылмапты. Ауылдан майданға аттанғандардан 40-қа жуық жауынгер ғана елге оралып, халық шаруашылығы салаларында еңбек етіпті. Өкінішке орай, бүгінде олардың барлығы да дүниеден озған.
Бұдан әрі кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары, майдан даласында от кешкен 18 бен 25 жас аралығындағы боздақтардың сарғайған фотосуреттері, майдандық жорықтары немесе хабарсыз кеткендер туралы құжаттар мен деректер негізінде жасалынған бейнетаспалық фильм көрсетілімі шараға қатысушыларды ерекше толғанысты ойға қалдырды.
Бүгінде ауыл орталығында қара тастан құйылған биік ескерткіш тұр. Ол – соғыстан оралмаған боздақтарға арналған мәңгілік белгі. Онда Есқалиев Дүйіш, Қайыров Жұмаш, Хасанов Олжа, Иманғазиев Биләш, Үбенов Қалнияз, Қарашев Қанат, Бердалиев Оңғарсын, Нұрышев Қуаныш, Раушанов Кәрім, Әлмұқанов Қадір… есімдері жазылған.
Бейнетаспада баяндалғандай, сол бір сұрапыл жылдарда ауыл мылтықсыз майдан жағдайында болатын. Әйелдер күндіз колхозда жұмыс істесе, түнде жауынгерлерге жылы қолғап, шұлық, кеудеше тоқып, бір тыным таппады.
Кейін майдан даласынан елге оралған жауынгерлер бейбіт өмірде де ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Жақсыбаев Әжіғали «Ракуша» колхозында, Асанов Тапан Ленин атындағы колхозда басқарма төрағасы, Шамаров Отар, Қуандыров Кенжеш есепшілік қызметтерімен аталмыш шаруашылықтардың экономикасын дамытуға елеулі үлестерін қосса, Сәулен Оразалин, Ғинаят Шапауов жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде арттарына өнегелі із қалдырды. Осы ағалардың үлкенге ізеттілігі, кішіге қамқорлығы, жалпы адами болмыстары туралы партия, кеңес ардагері Молдан Құмарғалиев айтқан естелік көпшілікті бейжай қалдырмады.
Ал, кешке арнайы шақырылған Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібек Түсібалиев майдандық жолынан естелік шертсе, Балықшы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамза Ғабдолла жастарға «аға ұрпақ әкелген Ұлы Жеңіс күнін ардақтап, бейбіт өмірді қадірлей білейік» деген тілегін жолдады.
Кеште ауылдың өнерпаз жастары соғыс жылдарының әндерін орындап, көпшілікті тәнті етті.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.
Еркінқала селосы,
Атырау қаласы.