Махамбеттің такси жүргізушілері бағаны 2-3 есеге көтерді
Махамбет ауданының тұрғындары қалаға қатынап жүрген такси жүргізушілерінің жолақы құнын қымбаттатып жібергеніне наразы. Олар су тасқынына байланысты «Атырау–Орал» тасжолында жол қозғалысы шектелгендіктен бір бағыттағы жолақы құнының 6-8 мың теңгеге өскенін айтып шағымданды.
Редакцияға хабарласқан зейнеткер Алтын Демишева дәрігерге қаралу үшін Махамбеттен облыс орталығына Исатай ауданына қарасты Хамит Ерғалиев ауылы арқылы қатынап жүр екен. Өйткені, жергілікті жерде білікті, өз саласын меңгерген мамандар тапшы.
– Махамбетте тұратындардың кейбірінің жұмысы қалада, оларға күн сайын мына жолмен жүру оңай емес. Ауылда жұмыс болса бұлай болмас еді-ау. Сәуір айында тұрғындар жас-кәрісі жұмылып, бөгет тұрғызып, су тасқынынан елді аман алып қалуға қол ұшын созды. Әлбетте ол кезде тек тұрғындар емес, сарбаздардың да, тиісті құрылымдардың да еңбегі ұшан-теңіз. Төтенше жағдай жарияланғанға дейін қалаға қатынайтын қоғамдық көліктің бағасы 500 теңге еді. Оны да «айналма жол арқылы жүре алмайды» деп жүруге рұқсат бермей отыр. Әрине, ол да рас. Бірақ басшылар қара жолмен жүруге арналған «ГАЗель» автокөлігі, «Заря» катері секілді көліктерді ұйымдастырып амалдауға болатын еді ғой. Қазіргі такси бағасын қалтамыз көтермейді, — деп мұңын шақты А.Демишева.
Зейнеткер тұратын Махамбет ауылындағы Жәңгір хан көшесіне асфальт төселмеген екен. Көліктің жүріп-тұруына қиын деп алыстан түсіріп кеткен соң жазғы аптап пен қысқы салқында немесе жаңбырлы күндері үйге жету азап болып тұрғанға ұқсайды. Тіпті, ауа райы қолайсыз болса қолсозым жердегі дүкенге барып-келу де мұң. Ел мақтаған «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы жүргізілген ауыз су да жиі тоқтап қалады. Құбыры тегін жүргізілгенмен, әр үйге тұрғындар өз қаржысына қостырған. Бау-бақшаны суаруға арналған жазғы судың құбыры да шұрық-тесік. Әлі күнге дейін тазартылмаған суды құдыққа құйып ішіп отырғандар да бар екен. Егер зейнеткердің айтқаны рас болса, мұндай жағдайда жастардың ауылда тұруы неғайбіл.
Махамбет ауылында тұратын көп балалы ана Ғанижамал Аманқосованы да қалаға қатынау мәселесі толғантып отыр. Осы мәселені жергілікті және облыстық әкімдіктерге жазып келе жатқанына да біраз уақыт болған. Жұмысы қалада болғандықтан балаларын ауылда қалдырып кетуге мәжбүр. Ауыз су мен бау-бақша суаратын судың жоқтығын айтып, әлеуметтік желілерде пікір білдіргені үшін топ әкімшілерінің қырына да ілініп қалып жүрген көрінеді.
– Күн сайын 6-8 мың теңгені қаладағы жұмысқа қатынау үшін жолақыға жұмсаймыз, сонда әрі қарай қалай күнелтеміз?! Тапқан-таянғанымызды бала-шағаның ас-ауқатына жұмсаймыз ба, әлде таксиге төлейміз бе? Осының бәрін жергілікті басшылық неге ескермейді екен? Тіпті Махамбеттегі дүкендерде сатып алатын су жоқ. Ол ол ма, балаларымызды жуындыратын суға зәруміз. Мұның бәрі күнделікті тұрмысқа керекті зат қой, халық басқа ештеңе сұрамайды. Сондай мәселелерді телеграмдағы чатқа жазып жағдайды айтқаным үшін жергілікті басшылар отағасыма ескерту жасап, белсенділігімді сынға алыпты, — деп мұңайды Ғ.Аманқосова.
«Атырау–Орал» тасжолының Сарайшық ауылы тұсындағы су басқан бөлігін қалпына келтіруді «Қазавтожол» мекемесі 10 маусымда бастаған. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, Жайық өзені суының ағысы әлі азаймағандықтан іске қолбайлау болып отыр. Қазір жеткілікті мөлшерде адам мен техника жұмылдырылып, тасжолға су өткізетін тұрбаларды көбейтіп, қажетті құрылыс материалдармен жолды қалпына келтіру жұмыстары үзіліссіз жүріп жатыр.
Тұрғындар талабы аяқсыз қалмайды
Махамбет ауылы тұрғындарының шағымына байланысты ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Сапаров қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. «Жаңа ауыл» шағынауданындағы ұзындығы 122 метрлік Жәңгір хан көшесіне биыл жол салу жоспарланбаған. Ауыл әкімдігі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тізімге енбеген көшелерді жоспарға енгізу туралы ұсыныс хат жолдаған. Соған орай қазір жобаға түзету енгізу қарастырылып жатқаны тұрғындарға түсіндіріліпті. Ал, көшенің екі жағында негізгі параллель жол салынып жатыр.
– «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша негізгі көшелерге су желісі жүргізіледі. Ал, көше бойындағы магистралдан үйдің ішіне тұрғындардың өздері жүргізуі тиіс, ол үшін мемлекеттен қаралған қаржы жоқ. Бұл мәселемен «Махамбет-Су» мекемесі шұғылданады, техникалық шарт жасап, ақысын төлеу керек. Ауылдағы жазғы су темір құбырмен тартылған әрі ескі. Сондықтан оны жиі дәнекерлеп тұруға мәжбүрміз. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы жоба жасақталып, шағынаудандағы жазғы су құбырын толықтай пластикке ауыстыру көзделген. Бұған мердігерлік ету конкурс арқылы ақтөбелік «Спецстрой» ЖШС-іне жүктелген, қазір жұмыс басталды, — деді Нұрлан Зинелғабиденұлы.Тұрғындардың ауыз су сапасына қатысты сұрағына жауап берген әкім су тазартатын фильтрлердің ескі екенін жасырған жоқ. Олар биыл шілде айының соңына таман жаңартылады, ол үшін қаражат та бөлінген. Ауыл әкімі фильтрді әрбір екі жыл сайын ауыстырып отыру керек болғанмен, соңғы жеті жылдан бері бұған ешкім көңіл бөлмегенін, проблема содан туындап отырғанын айтты.
Бет қатталып жатқанда: Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі 19 маусым, сәрсенбіден бастап «Атырау-Орал» тасжолының Сарайшық ауылы тұсындағы бөлігінде көлік қозғалысының қалпына келтірілгенін хабарлады.
Алмас ҚАБДОЛОВ