Жарнама
Қоғам

МӘДЕНИЕТКЕ – ЖАҢАША БЕТБҰРЫС

 

АУЫЛ – ҚАЗАҚТЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ

Ауылдың жағдайы бүгінде айтарлықтай жақсарды. Ел еңбекке бет бұрып, тұралаған шаруашылықтар қалпына келіп, дамуға бет түзеді. Мәдени тұрғыдан алғанда да, оңды өзгерістер мол. Жабылған кітапханалар мен аудандық, ауылдық мәдениет үйлері қайта іске қосылды. Соңғы 4-5 жылда Мақат, Жылыой, Құрманғазы аудандық мәдениет үйлері жаңадан типтік үлгідегі жобамен салынып, пайдалануға берілді. Қызылқоға ауданында тек биылдың өзінде он ауыл клубы ашылды. Сонымен қатар, Қызылқоға ауданында – үш, Исатай ауданында — екі, Индер ауданында — екі, Махамбет ауданында үш мәдениет үйі мен клубтарына күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір Құрманғазы ауданының үш мәдениет мекемесіне жөндеу жүргізілуде және Дәшін селолық клубына жаңа ғимарат салу 2014 жылдың жоспарына енгізілді.
Клуб мекемелерінің материалдық базасы да біртіндеп жақсарып келеді. Облыстық халық шығармашылығы орталығына 2013 жылы облыстық деңгейдегі шараларды үлкен алаңдарда ұйымдастыруға пайдаланылатын жарық, дыбыс аппаратуралары облыс әкімінің қолдауымен алынып берілді. Бұл құрылғылардың кең сахнасы, қуатты жарық, дыбыс аппаратуралары үлкен алаңдарда ұйымдастырылған мемлекеттік мерекелер мен ірі-ірі мәдени шараларды кең ауқымда және тиімді түрде өткізуге толықтай мүмкіндік береді.
Аудан, ауыл мәдениет үйлерінің тағы бір жетістігі – олар облыстық дәрежеде шаралар өткізуді қолға ала бастады. Тамыз айында облыстық халық шығармашылығы мен Мақат аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесе отырып, Мақат кентінде вокалды-аспаптық ансамбльдердің «Есіңде ме сол бір кез…» атты облыстық ретро-фестивалі алғаш рет болып өтті.
Қазақ композиторларының әндерін насихаттау және олардың шығармашылығына қолдау көрсету, вокалдық-аспаптық ансамбльдердің шығармашылығын қайта жандандыру мақсатында өткен осы фестивальға облысымыздың барлық аудандарының өнерпаздары қатысты.

БҰЛ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ РЕКОРД

Өткен 2013 жыл Атырау облысы ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мәдениет саласындағы үлкен бастамамен есте қалды.
Адамзат мәдениетіне күй атты теңдессіз мұра қосқан қазақ халқының аса көрнекті күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына орай тарихы тереңде жатқан, қойнауы құтқа толы Атырау өңірінде өткен республикалық күй фестивалінде мың кәсіби өнерпаздан құралған оркестр өнер көрсетті. Оған еліміздің жеті өңірінен, атап айтсақ, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Алматы, Астана қалалары мен Ресей елінің Астрахан облысынан келген «Атамұра» ансамблі және кәрі Каспийдің қолтығындағы өңірден өнерпаздар қатысты. Құрманғазы бабаның халық арасында кеңінен танылған оннан астам күйін мың өнерпаз бір уақытта орындап, Жайық-Каспий атырабы аспанын күмбірлеген күйге бөледі. Мың адамдық оркестрдің өнері жоғары бағаланып, Қазақстан бойынша рекордқа қол жеткізді. Бұл – Атырау өңірі үшін үлкен жетістік.
Сондай-ақ, күй атасының есімін еншілеген Құрманғазы ауданының орталығында «Қойнауы тарихқа толы құт мекен – Құрманғазы» атты қазақтың дара таланты Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 190 жыл және ауданның 85 жылдығына арналған халықаралық дәрежедегі театрландырылған мәдени шара өтті. Оған облыс, аудандары мен Астрахан облысы көркемөнерпаз ұйымдары қатысып, өнер көрсетті.
Сонымен қатар, Жылыой ауданында Оралхан Бөкей атындағы ХV облыстық байқауы, Индер ауданында Табылды Досымов шығармаларын орындаушылардың «Мен қазақпын» облыстық байқауы, Исатай ауданы Новобогат селолық клубы ұйымдастырған «Нарыным – алтын бесігім» облыстық фестивалі, Махамбет ауданы өткізген облыстық «Абай оқулары» байқауы, Құрманғазы ауданы жергілікті ақын Марат Ысқақтың 80 жылдығына арналған «Жырым менің» көркемсөз оқушылар мен «Ұрпағыма аманат» атты Кәрім Хисмеденов атындағы жыршы термешілер байқауы, «Атырау — асыл мекенім» атты республикалық ән-сазгерлер байқауы, т.б. шаралар жоғары дәрежеде өткізіліп, көңілден шықты. Соңғы аталған байқау арқылы Атырау туралы бірнеше тың туындылар дүниеге келді.

МАМАНДАР БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРУДА

Мәдени-демалыс қызметі талапқа сай болуы, жаңа өнер иелерінің есімдерін іздеу, тәрбиелеу үшін клубтар мен мәдениет үйлері білікті мамандармен толысып отыруы керек. Өкінішке орай, республика деңгейінде мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін көтеру курстары жоқ. Сол себепті, облыстық халық шығармашылығы орталығы әртүрлі семинар, курстар ұйымдастырып, мәдениет саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстарымен тынбай айналысып, әртүрлі тақырыпта қысқа мерзімді курстар мен семинарлар өткізіп келеді. Олар мәдениет саласы қызметкерлерінің озық тәжірибелерін тарату, жаңа бағыттар бойынша ұсыныстар енгізу және қолдану, жоғары шығармашылық біліктілігін, белсенділігін арттыруды мақсат тұтады. Сөйтіп, ол семинар, курстарда кадр мәселесі, клубтардың материалдық базаларын жандандыру, мәдениет саласының жұмысын жүйелендіру туралы тәжірибе бөлісумен қатар, қатысушылар селолық клубтарда ұйымдастырылған мәдени шараларға қатысып, өз пікірлерін ұсынуы тәжірибеге енгізілген.
Осындай мақсатта облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен хор және вокал ұжымдары мен үйірмелері жетекшілерінің, хореограф-мамандардың, дирижерлердің, режиссерлердің біліктілігін арттыру курстары өткізілді.
Қазыналы қарт Атыраудың өнері туралы айтсақ, алдымен аузымызға ғұлама Асан қайғы, қарға бойлы Қазтуған жырау, ойшыл-философ ақын Мұрат Мөңкеұлы, жауынгер ақын Махамбет, ұлы сазгерлер Құрманғазы мен Дина түсер еді. Солар бастаған өнердің жойқын көші ғасырларға созылған небір кедергілерден мүдірмей өтіп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан көгінде жаңғыруда. Ұлттық өнеріміздің жағымды сипатын баса көрсетіп, шығармашылық өрісін кеңейту, Қазақстанның ерекше және өзіндік мәдени кеңістігінің сақталуы мен дамуын қамтамасыз ету мақсатында облысымыздың мәдениет ұйымдары ел ішіндегі табиғи таланты, өнерге икемі бар жастарды іздеп, тәрбиелеу, өнер сахнасына баулу жұмысымен белсенді айналысып келеді.

Алма АНДАРБАЕВА,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button