МӘҢГІЛІК ЕЛ – ТҰТАСТЫҚ ТҰҒЫРЫ
Талай ірі империялар ішкі бірлігі болмағандықтан, тарихтың алмағайып тұстарында құрдымға кетті. Ал, қазақ халқы ел бірлігінің арқасында тәуелсіздіктің тұғырына жетті. «Отан отбасынан басталады» демекші, әр отбасында уыздай ұйыған бірлік пен тату-тәтті тірлік болса, әр жанұяда елін сүйетін өрелі өрендер желкілдеп өссе, олар ең бірінші кезекте өз ұлтының қамын жесе, Отанымызға да құт-береке дарып, қастерлі Тәуелсіздігіміз асқақтай түседі. Ендігі міндет – көп векторлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде алауыздыққа жол бермеу, ұлтаралық келісім мен діни ымыра, азаматтық келісім арқылы тәуелсіз қазақ елінің болашағын баянды ету.
Қазақ жері – бүкіл түркі дүниесінің алтын қазығы, тарихи Отаны болса, қазақ тілі – сол Ұлы даланың қайнар бастауы. Дүниежүзінде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды тақымға бекем басқан атам қазақтың айбыны асқан, абыройы тасқан кездері аз емес. Тарих бедеріне көз салар болсақ, сонау ержүрек сақтар мен дүниені дүбірлеткен жауынгер ғұндардан, көк сүңгілі көктүріктер заманынан тамыр тартатын өткеніміздің өрнекті тұстары өрілетін ұлтымыздың талай алмағайып дәуірлердің аласапыран кезеңдерінің өзінде қазақ халқының рухы түспегені, тектілік пен қан тазалығы, ар тазалығының сары алтындай сақталғаны қуантады. Ендеше, жүзге, руға бөлініп іштей ірімей, діни ағымдарға еріп адаспай, нағыз қазақтың көк байрағын көкте желбіретіп, Мәңгілік Ел идеясына қадам басуды ойлағанымыз абзал.
Ата-бабаларымыз кез келген дауларды шама келгенінше бітімгершілік жолымен шешіп, елдің араздығына, шет мемлекеттермен дүрдараздыққа жол бермеген. Міне, заманында жалпақ дүниені дүр сілкіндірген, Тұран мен Түркістан, Алтай мен Жетісу, Сыр мен Каспий бойы, Кавказ бен Қара теңіз жағалауы, Еуропа мен Таяу Шығыс, Арабия мен Үндістанға дейін тұлпарларының тұяғы жеткен даңқты ата-бабаларымыздың да аңсағаны елдің бүтіндігі еді. Арғы-бергідегі Еділ (Атилла), Күлтегін мен Тоныкөк, Бұмын мен Білге, Елтеріс қағандар, Бейбарыс, Ақсақ темір, Бабыр, Жалаңтөс, Әз-Жәнібек пен Керей хандардың Қазақ хандығын құруы, одан бергідегі хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар шоғыры. Өткенді саралай берсек, тарихымыздың барлық дәуірінде бабаларымыз бірлікке ұйысып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас, шығаруға» ұмтылғаны көрінеді.
Бұл күндері де дөңгеленген дүниеге жіті көз салсақ, қауіп те, қатер де бар. Көптеген аймақтарда дау-жанжал, кикілжіңдер, қанды қырғын да, әскери текетірес те, діни радикализм, қырғиқабақ қақтығыстар, экономикалық дағдарыстар, идеологиялық интервенция мен шовинистік һәм басқа да жат пиғылдар бой көтеруде. Сол қауіп-қатердің бәрін жеңу үшін ұлттық санаға ұйыған ұлағатты ұлт болу қажет болса, ол үшін қанына тартқан ұлтжанды ұрпақ өсіру – басты парызымыз. Ал, ұлтжандылықтың үлгісі балабақша мен мектептен, отбасынан бастау алатыны сөзсіз.