ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ ЖӘНЕ ТІЛ БОЛАШАҒЫ

«Қазақ тілін білу азаматтық парызды ғана емес,
ұлтқа деген құрметті де білдіреді»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ана тіліміз бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген арымыз да, нарымыз да, бізге ана тілімізден асқан тарихи мұра жоқ. Атақты Мұхтар Әуезовтің «Тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық» деуі өте орынды.

2009 жылы халық санағы да 114487 қазақ өзге ұлттың тілін ана тілі ретінде санайтынын көрсетті, осыны оқығанда жағаңды ұстайсың. Баланы ұлттық бақша мен ұлттық мектепке беру – Отан алдындағы ұлы парыз. 1913 жылы «Қазақ» газетінің 2-нөмірінде Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған жұртың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойласақ, тіліміздің де сақталу қамын ойлауымыз керек» деп тебіренгенін ойға алыңыз.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлының барлық кітаптарын, мақалаларын шолып, парақтап қарасаңыз, жүрегі қазақ деп соғады, қаны қазақ деп ағады, қазақ болып туғанын мақтан тұтады, сөйлеген сөзінен де аңғарылады. Тіпті, алысқа бармай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 12 қыркүйектегі «Садағаң кетейін, айналайын халқым» деген топтамасын шолсаңыз, сана-сезіміңіз сілкінеді, жүйке-тамырыңыз шымырлайды. Өйткені, ол «маған тіл, діл, өмір, тіршілік сыйлаған туған халқыма қарыздар болып өтемін» деп толқиды. «Қайтсем, қазақтың бастарына бақ қондырам, құт дарытам» деп алмағайып заманда ақыл-парасатқа жүгініп, қимылдаған Нұрекеңді қалай теңдессіз реформатор демейсің?!
Елбасымыз тілге байланысты жиын, слет, мәслихаттардан тыс қалып көрген емес. «Туған тіл – тұғырың» атты мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау жөніндегі «Таза тіл» атты Қызылордада өткен шараға қатысып, сөз сөйлегені есте. «Осы шара айрықша назар аударуға және күллі ел болып қабылдауға лайық бастама. Мен бұл шараның бастамашылары- облыс жастарына жалынды сәлем жолдаймын» деді ол «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ-съезі кезінде.
Осы мезгілге дейін көптеген ұлттық тілдер жойылды, 600-ге жуық тілдердің жойылу қаупі басында тұр. Жер жүзінде қолданылып жүрген алты мыңнан астам тілдің арасында қазақ тілі ойып тұрып жетпісінші орынды алады. «Қазір тіліміздің қорында 2 млн. 550 мың сөз бар» деп есептейді Герольд Бельгер мен этнограф Жағда Бабалықов. «2025 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деп талап та қойылып отыр. Өйткені, тіл құрыса, тіл жойылса, халық та жоқ. Дағыстанның ұлы жазушысы Расул Ғамзатовтың тіл жөніндегі зары біздің Әбекеңнің (Ә.Тәжібаев) тіл туралы шыр-пырымен үндес, мазмұндас. «Халық өз тілінен айырылған кезде ұлттық мінезінен де айырылады» деген еді немістің философы И.Кант. «Аузындағы тілі өлсе, халық та өледіні» орыс педагогі К.Ушинский де білдірген.
Мемлекет басшысы Астанадағы №64 мектеп лицейдегі 11-сынып оқушыларымен өткізген дәрісінде қазақстандық патриотизм мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Кездесуде жас ұрпақты қазақ тілін қастерлеп ардақтауға шақырды. «Сендер бір-бірлеріңмен қазақша сөйлесіңдер, ұлтты сүю алдымен тілді, туған ана, тілін сүюден басталады» деп қадап айтты Елбасы.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында Омбыдан келе жатқан Қартқожа Бекболаттан «Ел түгел қазақша сөйлей ме? Орыс тілін араластырмай ма? Жоғарыдан қатынас қай тілде жолданады?» деп сұрағыштайды, осы мәселе барлық ұлтшыл деп қара таңба басқан ойшылдарды айрықша толғандырған. Бұл қазіргі таңда да маңызын жойған жоқ. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінде Нұрсұлтан Назарбаев:
– Барлығымыз қолымызға қонған алтын құс – бақытымызды сақтай білейік. Бұл ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің мәңгі жаңғыру дәуірінде «Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайту мақсатындағы қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін жасауы тиіс, – деп атап айтты. Мұны біз де айдарынан жел ескен нақты бағдарламалық міндет деп қуана қарсы алып, қуаттадық.

Төлеп ТІЛЕГЕНОВ.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Халел Досмұхамедұлы атындағы сыйлықтың иегері,
Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз