МҰРАЖАЙДАҒЫ МАТВЕЕВ МҰРАСЫ
Көрмеге Б.Матвеевтің мұражай қорында сақталған әртүрлі тақырыпта түсірген фотосуреттері және өзі жинақтаған төсбелгілер коллекциясы қойылған. Экспозициялық көрмені экскурсиялық, бұқаралық жұмыс бөлімінің маманы Дамир Досқалиев таныстырды.
Б.А.Матвеев 1925 жылы 9 сәуірде Башқұртстан Автономиялы Республикасының Красноусольск селосында дүниеге келген. 1941 жылы 7-сыныпты бітіргеннен кейін, электр көмекшісі болып жұмысқа орналасып, Оралға көшірілген құрылыс зауытының электр желісінде жұмыс жасаған. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Чебаркуль әскери училищесінде оқыған.
Б.Матвеев Ұлы Отан соғысында көрсеткен қаһарман ерлігі үшін екі рет «Отан соғысы» орденімен, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ерлік еңбегі үшін» және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейінгі жылдары Златоуст қаласындағы «Златоустовский рабочий» қалалық газетінде фототілші болып жұмыс жасап, Златоустовск ФЗУ-ын бітіргеннен кейін темір жол саласына жұмысқа жіберіледі.
1948 жылы дәнекерлеушілер бригадасымен Орынбор, Ақтөбе, Қандыағаш, Атырау (Гурьев) бағытындағы темір жолдарды қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарына қатынасып, вагон паркі және тепловоз шаруашылығын қалпына келтіруге үлкен үлес қосқан.
1950 жылы Атырауға келіп, облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау»), «Прикаспийская коммуна» газеттерінде 50 жыл бойы фототілші болып еңбек етті. Оның фото түсірілімдері мен репортаждары өлкенің хронологиялық шежіресі, Атырау облысы тарихының жылнамасы болып қалды.
1955 жылы Атырау (Гурьев) облысы бойынша Кеңес Одағы телеграф агенттігі (ТАСС) және Қазақ телеграф агенттігінің (ҚазТАГ) меншікті тілшісі болды. 1958 жылдан КСРО Журналистер Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Богодухов қаласының Құрметті азаматы. Сондай-ақ, Б.Матвеев ұзақ жылдар Кавказдағы «Қазақстан геологы» емдеу-сауықтыру пансионаты директорының орынбасары қызметін де қоса атқарған екен…
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Амангелді Мутигуллин.