Жарнама
Қоғам

Мұрат Мөңкеұлы және «туған жер» ұғымы

Туған жердің табиғатына тамсана қарап тұрып, өткен күннің елесін іздеу, жастық дәуренді, балалық шақты еске алу үрдісі көрші ел ақындарының өлеңдерінде көптеп ұшырасады. Бұл сағыну мен зарығудың жөні бөлек. Өлең-жырларға өзек болған нәрсе – атақоныстың талауға түсіп, өзгенің ойранына айналған сәтте туындаған мұң мен шер. Қырғыз ақыны Солтобай Тоқтаболатұлының (1834-1918) Ыстықкөлмен қоштасу жырында өткенге деген сағынышы былайша өріледі.

Мурат. Сурет

Ыр кылганым Ысык-көл

Ысылайт белең кайран эл.

Жайлооң менен төрүң ай,

Жайнап жаткан көлүң ай,

Жакаң менен чөлүң ай.

Көз ачканда көргөн жер,

Кичинемде жүргөн жер,

Айдаган малым өргөн жер.

Бұл – жоғарында келтірілген Мұраттың «Сарыарқасымен» сарындас, үйлес келетін толғау. Екі ақын да бала кезінде жүрген жерді, тау мен көлді, бел-белестерді санамалап, өткен өмірін ойша шолады. Соның бәрін басқаның билеп-төстеп, құтсыз, баянсыз мекенге айналдырғанына күйінеді. Бұл күйінішті Мұрат: «Шалқыған тасқын судай көңілін басып, Біреуге пенде болды кербездерім», –  деп түйіндесе, Солтобой: «Көлдө ойногон балыгың, Көк башы күткөн арыгың. Ысык-көл сенден айрылып, Көп ыйлайт го карыбың», – деп баяндайды.

Қоштасу өлеңдерінен сүттей ұйып отырған елді алатайдай бүлдірген отарлаушыларға наразылық айқын аңғарылады. Демек, бұл – жайлауға көшердегі немесе қыстауға қайтардағы қимастық емес, босқынға ұшыраған елдің туған жермен қоштасуы. «Жеріме залым сұқтанған соң, өзге халықтың жұрт болмасын білген соң көшіп барам», – деп зарлаған, мұң-шер арқалаған жырлар.

Көшу, қашу сарыны орын алған өлеңдердегі ортақ үрдіс – «Бұл жерден мына кісілер көшті, бұл соның қонысы еді», – деп, көз көрген адамдардың аттарын атап жырлау. Сол арқылы ақын атақоныстың өткенін көз алдына келтіреді, сағынышын оятады. Әрі елдің қадірменді кісілерін тізбелеп, игі жақсыларды есіне түсіреді. Бұл көбіне-көп Мұрат Мөңкеұлының  шығармаларына  тән:

Шұбырып сексен үймен

Алдаш кетті,

Кәпірдің қорлығына

тұлданғаннан.

***

Қажы қашты Жалмұхамбет,

Беркінменен,

Өзінің кетем деген сертіменен.

***

Мынау Нарын деген қонысың,

Нарынбай байдың қонысы ед!

…Мынау Самар деген суыңыз,

Самарбай байдың қонысы ед!

…Мынау Жайық деген

суыңыз,

Жайықбай байдың қонысы ед!

Жанарыстан, Үшқамыс,

Алшағыр ханның қонысы ед!

Мұратпен үндес қырғыз ақыны Солтобай да өз толғауында елді билеп, жерге қоныстанған тұлғалардың атын атайды, халыққа құт-береке дарытқан сол кісілердің атамекенінен ажырап, көшіп бара жатқанына күйзеледі. Өйткені ақындардың өсіп-өнген ортасы әркелкі болғанменен бастан кешкен ахуалы бірдей. Сондықтан,  олардың ой-пікірлерінен рухани тамырластық аңғарылады. Мұраттың қоныстың қайғысын айтқан өлең оралымдары Солтобай шығармаларынан мазмұндық үйлесім, стильдік жақындық тауып жатуының себебі осында. Қырғыз ақыны еріксіз көшкен өз тұлғаларын жырлау жағынан қазақ ақындарынан алабөтен ерекшелік байқата қоймайды:

Буластаган Чоң Карач,

Буулугуп көчтү Аралдан,

Текени тууду маралдан.

Текеберлүү чоң Карач,

Теңселип көчтү Аралдан.

Өмүрзак көчтү Чычкандан,

Дүнүйөсү кыскандан.

Өмүрзак, Карач эки дөө,

Ат-Башыда көп черик.

Мұндай ұқсастық пен үндестіктің мысалдарын екі елдің зар заман әдебиетінен көптеп кездестіреміз. Қазақ пен қырғыздың көршілігі де, елдік дәстүрлері де ақындардың ортақ тақырыптарына арқау болды.

«Адыра қалғыр,

Үш қиян…»

Отаршылдықпен бірге келген жат құбылыстарды санамалап жырға қосқан Мұрат Мөңкеұлының Қазтуғанның атынан баяндалатын жырында келешекке көріпкелдік айтқан мынадай болжамдар бар:

Еділді қоныс етпеңіз,

Жағалай қалмақ алады.

Жайықты қоныс етпеңіз,

Сыдыра біткен көкжиек,

Кәпірлер қала салады.

Замана туралы толғауларында Еділ мен Жайықты егіз өрім етіп, өлең өрбітетін Мұрат ақын өз көзқарасын қоныстың құтсыздығы тұжырымымен байланыстырады. Оның барлық дерлік шығармасына арқау болған «ешкімге опа бермеген бұл қоныс» сарыны қаланың жайын тілге іліктіргенде де анық аңғарылады. Сондай-ақ, бұл жыр сонау тарихтың терең қатпарынан сыр ақтарған Қазтуғанның ой-пікірлеріне үндестіре айтылғандығымен құнды. Ноғайлы дәуірінің мұраларына жетік Мұрат Қазтуғанның өз сөзінің ұзын-ырғасын сақтап жеткізуі ғажап емес. «Қаланың құтсыздығы» сарыны оның «Үш қиян» толғауында да кездеседі:

Алты жыл балшық бастырып,

Тоғыз жыл керіш соқтырып,

Адыра қалғыр Аштархан,

Әз-Жәнібек хан салдырып,

Ақылын кәпірге алдырып,

Айласы құрып кеткен жер.

Мұрат ақынның «Адыра қалғыр заманның, Мен жаратпаймын сүреңін», – деген тұжырымы – дәуір туралы толғаныстарының түпқазығы. «Заманның сүреңі» «заманның сипаты», «заманның түрі» деген тіркестерден әлдеқайда әсерлі. Бұл сүреңсіздікті «адыра қалғыр заман» нықтай түседі.

Жалпы, қоныстың қайырсыздығына, жердің құтсыздығына налыған Мұраттың өлең-толғауларында түңілу, тіпті қарғыс мәніндегі «адыра қалғыр» сөзі көп қолданылады. Әсіресе, өзіне баянсыз болып, өзгеге бұйырған атақоныс жайын жырлағанда күйінішті күшейтіп, өкінішті еселейтін «адыра қалғырдың» салмағын сезінеміз. «Адыра қалғыр, бұ қоныс», «Адыра қалғыр, Үш қиян», «Адыра қалғыр, көк Жайық», «Адыра қалғыр, ен Нарын», «Адыра қалғыр, Аштархан», «Тайсойған, адыра қалғыр, ит Қарабау» түріндегі тіркестер ақын өлеңдерінде жетіп артылады. Дулаттың «толқынды теңіз заманы», Шортанбайдың «текеметтің түріндей құбылған» заманы Мұраттың тұсында өңін өзгертіп, басқаша сипатқа ие болған. Дулат осы ұғым арқылы бағдарсыздықты, Шортанбай құбылмалылықты аңғартса, Мұраттың бейнелегені – бет-пердесі айқындалған, нағыз қырсық шалған, қиюы қашқан замана.

Аңғарсаңыз, жігіттер,

Замананы тағы да

Бір қырсықтың шалғаны…

Мұраттың замана жайын толғаған тіркестеріне көңіл аударсақ, «Заманың мұндай сұм болды», «Замана, қауіп етем қырланғаннан», «Замана осы күні болды қырын», «Заманның содан бері тарылғаны», – деген өлең тармақтарының бәрі осы «қырсық шалу» ұғымымен үндесетінін байқаймыз.

Зар заман поэзиясындағы образдар арқылы отаршылдық дәуірінде ғұмыр кешкен адамның сан түрлі портреті жасалды. Замана адамын кейіптеу екі желіге бағындырылды: біріншісі – отарлаушылардың озбырлығы; екіншісі – ағайынның алауыздығы. Мәселен, Мұрат өлеңінен ел бірлігінің берекесі қашқанын, бітімгерлік бәтуаның бұзылғанын көреміз. Екіге жарылуды ақын екі адамның ұстасуы түрінде бейнелейді:

Адамның азған белгісі:

Екі кісі дауласса,

Тату бол деп айтпайды.

Екі айырып арасын,

Арасынан пара алған.

Заман асты-үстіне аударылып түскен соң, кешегі күн адамының бағасы төмендеп, бүгінгі күн адамының бағы асты. Бұл – «дүние кезек» ұғымын аңғартатын тіршіліктің заңдылығы емес, тектіліктің табанға тапталуының, қазақ қоғамындағы ақсақалдық, үлкендік дәстүріне селкеулік түскенінің белгісі еді. Әбубәкірше айтқанда: «Сан тимеген жамандардың лақтай басқа секіруі». Мұрат өкілі болып саналатын зар заман өлеңдерінде екі дәуір адамы үнемі салыстырылады. Байдың да, бидің де, ханның да, қараның да бұрынғысы идеалдандырылған тұлға ретінде дәріптеледі. Кейінгісі соның бар қасиетінен жұрдай болған көлеңкесі секілді сүмірейте суреттеледі. Замана адамының осындай қарама-қайшы екі типін бейнелеу тәсілі Шортанбайдың «Әуелгі қорлар зор болды, Сондай зорлар қор болды» формуласына бағынады. Мұрат ақын осы үлгіні пайдаланып, енді тіршіліктің тұтқасы кімнің қолына көшкенін анық айтты:

Азамат ердің баласы,

Айдарына малы жоқ,

Топ көрерге зар болды.

Қара кісі хан болды,

Қоспақтан туған қортықша,

Қатарға шығып, нар болды.

Мұрат билік басындағылардың бойынан ойсылқараның олпы-солпылығын көріп, осындай «түйе тұрпатты» бейнелерді қатарға қосты.  «Қоспақтан туған қортық» та, «қатпа болған түйе» де – теңеу үшін таптырмайтын суреттер.

Мурат. Ески мазар

«Мұның бәрі адамнан…»

Ақырзамандық болжамдарға көп жүгіне бермейтін Мұрат Мөңкеұлы заманның азып-тозуының себеп-салдарын түсіндіргенде адамның іс-әрекетін алға тартады. Оның өз дәуіріне наразылығы пейілі бұзылған адамға қарап жиренуден туындайды. Шортанбай арқылы заманның зары құлаққа жетіп, бүлінген замана келбеті алдымен көзге шалынса, Мұратта тіршіліктегі адамның ролі туралы топшылаулар басымырақ. Ақынның тұжырымы бойынша, адамның азуы заманға емес, керісінше, заманның азуы адамға байланысты. Тіпті Мұрат өлеңдерінде дәстүрлі «заман азды» тіркесінің кездеспейтіні де бірқатар ойға жетелейді. Оның орнына «сұм заман» мен «адыра қалғыр заман» тіркестері қолданылады. Адамның азған белгісін сипаттаған ақын «заман азды» ұғымына басқаша көзқарас танытады:

Бәйіт еттім бұ сөзді

Қайғы шегіп заманнан.

Заман азып не қылсын,

Ай орнынан туады,

Күн орнынан шығады,

Мұның бәрі адамнан.

Мұраттың «Үш қиян» толғауындағы заман адамы туралы ой-тұжырымдары алдыңғы ақындардың дәстүрінен алшақ кетпейді. Ақын өткен өмірдегі тарихи тұлғаларды идеал тұтып, олардың көшкен орнына, басқан ізіне дейін сағыныш оятса, бұл – өз дәуірінде  текті ұрпақтың тоз-тозы шыққанына күйінгендіктің, өз заманына көңілі толмағандығының белгісі. Мұрат кейіптеген қайғылы кезеңнің баянсыз перзентінің  қоғамдағы орны «Асылзада баласы Дәулет кетіп қолынан, Қоңсысына құл болды», – деп бағаланды.

Дулат Бабатайұлы: «Қилы, қилы заманды, Заманға сай адамды, Салыстыра қарасам, Су мүйіз болған танадай, Шыр көбелек айналам», – деп жырлаған дәуірдің сипатына қарап, тиянақ таба алмай дағдарған бағдарсыз ел адамы Мұраттың тұсында өз ортасына әбден икемделді. Оның толғауындағы «шыр көбелек айналу» – тиянақ іздегендіктің емес, тіршілікке бой үйреткендіктің белгісі:

Шырқ көбелек айналып,

Замананың адамы,

Заманың мұндай сұм болды.

Ақынның шығармашылық болмысы қоғамдағы қайшылықтармен тығыз байланысты. Отарлау саясатының етек алуы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет жыр жүйрігінің таным-түсінігіне әсер етті. Айналасында болып жатқан өзгерістерден ой түйген ол өмір құбылыстарын өзінше топшылады. Мұраттың ақындық ғұмыры күрес пен қайшылыққа толы күрделі кезеңде өз үнін танытқандығымен, елінің қайраткер ұлы болғандығымен, қазақ әдебиетінің тарихында айрықша орны бар тұлға ретінде қалғандығымен бағаланады.

Сөйтіп, бүгінгі ұрпақ үшін аса бағалы «туған жер» ұғымы ақын шығармашылығының негізгі түпқазығы болды. Алаштың ардақтысы, әйгілі ақын Хамит Ерғалиев бір сұхбатында: «Мұрат керемет топограф, географ, геолог іспетті болған. Маңғыстаудан мұнай шығатынын да айтқан. Мен офицермін ғой, сондықтан Мұраттың жер жағдайын өте жақсы білгендігін байқадым», – деген-ді… Ендеше, ақын жырлары туған жеріңе деген перзенттік сезімді орнықтыратын, туып-өскен өңіріңнің әр мүйісін аялауға үндейтін баға жетпес құндылық болып саналатынына дау жоқ.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының 

корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button