Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері «Серпін – 2050» жобасының төрағасы: «ЖАСТАРДЫҢ АРМАНЫ МЕМЛЕКЕТ МАҚСАТЫМЕН ҰШТАСУЫ КЕРЕК»
— Атырауға сапарыңыздың мақсатын айтып өтсеңіз?
— Бүгінде бірнеше жобалармен айналысамын. Оның ішінде ұстаздарды деңгейлеп оқытуға, қысқа мерзімді курстар арқылы білімін жетілдіруге мүмкіндік беретін «Өрлеу» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасымын. Екінші мәселе, білім саласындағы бірден бір жаңалық, ол – «Серпін» жобасы. Сондықтан, Атырауға осы жоба арқылы білім алып жатқан студенттердің жағдайын көруге де арнайы келген жайым бар. Оның үстіне жоба Атырауда биыл бірінші рет іске аса бастады. Бұл жерге 300-дей грант берілді. Қазіргі кезде 280-нен астам студент он екі мамандық бойынша оқып жатыр. Үшінші мақсатым, «Трансформация» деп аталатын бағдарламаны жүзеге асыра бастадық. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарайтын «Ембімұнайгаз» ұжымымен кездесіп, еңбек дауларын болдырмау, трансформация, медиация талаптарының орындалу барысын көруге де келдік. Дейтұрғанмен, сапардың негізгі мақсатын өзімді ең жақын тартатын «Серпін» жобасына арнап отырмын.
— Ендеше, осы жоба туралы кеңірек айтып өтсеңіз…
— Әлеуметтік жоба саналатын «Серпіннің» жүзеге асырыла бастағанына көп бола қойған жоқ. Бірақ, мен бұл жобаның болашағына сенемін. Себебі, жоба «серпіндіктер» үшін ғана емес, бүкіл елімізге үлкен серпіліс беретін зор әлеуетке ие.
— Сіздің ойыңызша «Серпін» қалай жұмыс істеп жатыр?
— Жобаны бағалау үшін бастапқы кезекте оның мақсатын түсіну маңызды. Біздің мақсатымыз – отандық экономиканы кадрмен қамтамасыз ету. Бір байқағанымыз, шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін өндірісті дамытуымыз қажет. Оны дамыту үшін ең соңғы үлгілердегі өндіріс болуы керек. Ол үшін бірінші кезекте бізге біліктілігі жоғары кәсіби кадрлар керек. Технология мен қаржы бола тұра, сапалы кадр болмаса, өндірісті дамыту мүмкін емес.
Екінші мәселе, өндіріс орындары шоғырланған аймақтардың көп бөлігінде кадрлар саны азайып бара жатыр. Бала туу деңгейі төмендеді. Ішкі миграция мен сыртқы миграцияның да өзіндік әсері бар. Осылайша, жаңа өндірісте кадрлар жетіспей жатыр. Сол үшін де өндіріс шоғырланған аймақтарға кадрларды басқа облыстардан әкелуді мақсат етіп отырмыз. Бұл жұмыстың өзі арнайы зерттеуден кейін ғана жүзеге асырыла бастайды. Алдымен, біз алдағы бес-алты жыл көлемінде қай аймақта қандай жұмыс орны болатынын зерттейміз. Сол жұмыс орындарына кім кадр дайындай алады? Ол оқу орны сапаға қаншалықты жауап бере алады? Оқу орнының өндіріспен қаншалықты байланысы бар? Студенттер өндірістерден тәжірибеден өте ала ма? Кейін оларға сол жерлерде жұмысқа қалуға мүмкіншілік бола ма? Сондай зерттеулерден кейін ғана біз гранттарды өндіріс орындарымен байланысы бар аймақтарға бөлеміз. Бұл – экономикалық аспектісі.
Ал, әлеуметтік жағы қалай? Жоғарыда еліміздегі тоғыз-он аймақта бала туу деңгейінің төмен және миграция процесінің артығымен орындалып жатқаны айтылды. Керісінше, бес аймақта, яғни Маңғыстау, Қызылорда, Шымкент, Жамбыл және Алматы облыстарында бала туу деңгейі жоғары. Және болашақта да сол тенденция сақталады деп күтілуде. Келесі бес-он жылдан кейін бүкіл Қазақстандағы еңбекке жарамды азаматтардың жетпіс пайызы осы бес облыстан шыққан азамат болады. Сол себепті біз мектеп бітірген жастарды оқу арқылы көшіруді көздеп отырмыз. Мемлекеттік гранттар Павлодар, Петропавл, Өскемен, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау қалаларына беріледі.
Тағы бір мәселе – «Серпінге» негізінен көп балалы отбасылардың, аз қамтылған жанұялардың жастары қатысатындығы. Мәселеге психологиялық жағынан қарасақ, ондай отбасылардан шыққан бала ата-анасына салмақ салмай, өз мәселесін өзі шешуді ойлайды. Немесе олар тәуекелшіл болады. Диплом үшін ғана емес, жұмыс табу мақсатында да осы жобаға қатысады. Мұндай балалар көп жағдайда бәсекеге қабілетті болып келеді.
— Түсінікті. Дегенмен, «серпіндіктердің» оқуды бітіргеннен кейін де білімдерін жетілдіруіне, шет мемлекеттерде тәжірибе алмасуына мүм-кіндіктері бола ма?
— Ол мәселелердің түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Дегенмен, мына жайды атап өткім келеді. Атырау осы жобаға биыл қосылды. Оны қосу үшін де біз «Атырауда болашақта қандай мамандықтарға сұраныс болады?» деген мәселені зерттедік. Қарап отырсақ, Атырау мұнай және газ институтының шетелдік компаниялармен байланысы жоғары деңгейде. Оның үстіне, шетелден лекторлар келіп, дәріс оқуда. Мұның өзі тәжірибе алмасуға белгілі бір деңгейде оң мүмкіндік туғызады деген ойдамын.
— Инновациялық бағыттағы жобаларды қандай бағытта дамыту керек деп ойлайсыз?
— Қайта өңдеу, ауылшаруашылық дақылдарын өңдеу, мал, егін шаруашылығын дамытумен қатар, азаматтарға қызмет көрсету саласын жетілдіретін кез келді. Көліктік, транзиттік тұрғыда да әлеуетіміз жоғары. Темір жол, автокөлік, авиация саласындағы мүмкіндіктерімізді де оң пайдалана алмай келеміз. Және де мұнайды, өзге де шикізаттарды бірнеше деңгейде өңдеу мәселесін қолға алу маңызды. Мұнайдың орнына сапалы жанармай сатуды ұйымдастырсақ, түрлі пластмассалық өнім шығаруды көздейтін жақсы жобалар болса екен деймін.
— Жастарды жаңа экономикалық саясатқа бейімдеуде бізге қандай елдер үлгі бола алады?
— Шет ел өз алдына, жастарға мынадай бір ой айтқым келеді. Мамандық таңдар алдында пәнді дұрыс таңдаудан қателеспеу керек. Бір ғана мысал келтірейін. «Серпін» бойынша 5000 грант бөлінген болса, соның үш мыңы физика саласына, бір мыңы биология, бес жүзі химия саласына берілген екен. Бұл мемлекет өзіне қажет кадрларды ғана тегін оқытатынын көрсетеді. Сондықтан, жастар тегін оқығысы келсе, физика, биология, химия пәндерін таңдауы керек. Кей балалар «ақын болғым келеді, жазушы болсам» деген армандарын айтып жатады. Менің жауабым, сіз инженер болсаңыз да, талант бар жерде өлең шығарып, әңгіме жаза аласыз. Сондықтан, жастар өздерінің арманын мемлекеттің бағытымен, мақсатымен, саясатымен байланыстырса екен.
— Жоғары оқу орындары сапа, білім беру жағынан қаншалықты талапқа сай келеді деп ойлайсыз?
— Назарбаев университеті талаптарға жауап беруі мүмкін. Бірақ, жоғары оқу орындарының барлығы бірдей халықаралық стандарттарға сәйкес келеді деп айта алмаймын. Бізде мына мәселе іске аспай келеді. 2012 жылы Елбасы тәуелсіз квалификация орталығын құру туралы тапсырма берді. Ондағы мақсат – кез келген университет бір мамандық бойынша оқытатын болса, он диплом берген кезде біліктілікті оқу орнына, министрлікке емес, тәуелсіз сарапшы сала мамандарына анықтату. Мысалы, журналистика факультетін бағалайтын Журналистер қауымдастығы болуы керек. Айталық, қауымдастық «маған мультимедия талаптарын жетік меңгерген, шетелдік ақпараттарды шапшаң өңдей алатын, ғаламторды жақсы білетін журналист керек» деп талап қойса және осы мәселені тексеріп алса, университет оқытушылары пара алуды емес, сапалы кадр дайындауды ойлар еді.
Биыл республика бойынша 5000 студент университеттерге, 1200 шәкірт колледжге оқуға түсті. Колледж шәкірттеріне үш мезгіл тамақ, киім беріледі. Және жол жүру ақысымен, жатақханамен қамтамасыз етіледі;
Әр он жылда мамандықтың тізімі қырық пайызға жаңарып отырады. Жаңа профильдер пайда болады. Қазіргі таңда Қазақстанда 570-тен астам мамандық бар. Бірақ, жастар оның 100-ін ғана біледі;
Жақында Оңтүстік Қазақстан облысына зерттеу жүргізілді. Дипломы бар жиырма мың бала
жұмыссыз жүр. Нәтиже көрсеткеніндей, жастардың 78 пайызы мамандыққа ата-анасының нұсқауымен барған.
Әңгімелескен Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Арнайы «Атырау» газеті үшін.