Жарнама
Қоғам

«Мұның бәрі адамнан…»

Screenshot_1

Қамшыдай осқан қаулылар

Әдебиет пен өнерге идеологиялық бақылау үстемдік құрып тұрған кеңестік кезеңде зар заман ақындары шығармаларының жолы оңғарылмады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы телегей-теңіз халық мұрасын архивке қайта тықты. Қаулыдағы: «Өткендегі әдебиет өкілдері жалпы халық қайраткерлері болды деп көрсетіледі, ал олардың творчествосы тап күресіне байланыстырылмай, онан тыс тексеріледі. Сөйтіп, олардың шығармаларындағы феодалдық, реакциялық, буржуазиялық-ұлтшылдық сарындар қағажу бүркеуде қалдырылды. (Базар, Мұрат, Шортанбай, Шәңгерей, О. Қарашев, С. Торайғыров және басқа ақындар)» – деген жолдар рухани мұрамыздың әрбір жолына саяси қырағылықпен үңілуге міндеттейтін еді.

Әрине, бұл қаулыдан кейін аталмыш ақындардың өлең-жырлары жарыққа шықпайтын болды. Олардың шығармалары мектеп оқушыларына тәрбие беру ісінен аулақтатылды. Сол құжаттан соң қайта жазылған оқулықтар жас ұрпақтың қолына «құлағын кесіп құнтитқан, мұрнын кесіп шұнтитқан» күйінде жетті. Т.Кәкішевтің: «Шортанбай, Дулат, Мұраттар қазақ әдебиетінде қара дақ, қанып-езер дұшпан болып түсіндірілді» – деген тұжырымы осы кезеңнің табиғатын дәл танытады.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1957 жылғы 8 шілдедегі «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» қаулысы осыдан он жыл бұрынғы қаулыдан кейін езіліп қалған еңсені көтеріп, көңілге жылылық ұялатқандай еді. Алға қойған мақсаты айқын бұл құжат көптің көкейіндегісін тап басты. Осы қаулының негізінде тиісті орындарға айтыс, мақал-мәтелдер жинақтарын әзірлеу, қазақ әдебиеті тарихының фольклорға арналған бірінші томын қайта түзу, XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихын жасау жөнінде тапсырма берілді. Сол замандағы әдебиет зерттеушілеріне бағыт-бағдар боларлық мынадай тұжырымдама жасалды:

«Қазақстанның кейбір ғалымдары, жазушылары және басқа творчестволық қызметкерлері соңғы уақытқа дейін өткен кездегі мәдени мұраға баға беруде елеулі қателіктерге жол беріп, революцияға дейінгі барлық ақындар мен жыршылардың  таптық және саяси бағытының қандай болғанына қарамастан, олардың творчествосын біржақты мадақтап келді немесе өткен кездегі мәдениеттің жетістіктерін қалай болса солай жамандап, жоққа шығарып келді».

Қаулы сол кездегі идеологиялық көзқарас тұрғысынан талап қойғанымен, бар-жоғыңды түгендеп алуға таптырмайтын құжат болатын. Соған қарамастан әсіресақтық, қалыптасып қалған жасқаншақтық құлашты кең жаздырмады.

Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған алқалы басқосу жоғарыда атал-ған құжаттардағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатымен ұйымдастырылды. 1959 жылы 15-19 маусым аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты өткізген ғылыми-теориялық конференцияда зар заман ақындарының шығармалары идеялық бағыт-бағдары тұрғысынан жан-жақты талқыланды. Сондықтан, бұл жыр жүйріктерінің әдебиет тарихындағы орнына, өлең-толғауларының көркемдігіне, қоғамдағы құбылыстарға көзқарастарына шынайы баға берілмеді. Конференцияда негізінен аталған ақындардың таным-түсініктерін терістеуге бағыт ұсталды. Ол кезде қазақ әдебиетінің өкілдерін прогрессивті және кертартпа бағытқа жіктеп, қолда бар мұраның мән-мазмұнын екінің біріне жатқызу үрдіс болғаны белгілі. Ал, зар заман поэзиясы ілгерілеуші бағыттың жүгін көтере қоймайтыны анық. Сол себепті зерттеушілеріміздің көбі идеологиялық мәжбүрліктің шырмауынан шыға алмады.

Алқалы басқосуда «зар заман ақындары», «зар заман поэзиясы», «зар заман ағымы» деген сөз тіркестері көп қолданылған жоқ. Бұлар көбіне-көп «кертартпалық», «реакцияшыл бағыт» деген секілді ұғымдармен ауыстырылды. Бұлай болуы заңды да. Прогрессивті идеядан тысқары қалғандардың бәрі бірдей зар заман ағымының өкілдері емес-тін. Олардың ішінде таза діни-мистикалық сарынмен жырлаған ақындар да бар еді. Әрине, конференцияда Дулат, Бұқар, Шортанбай, Мұрат сынды ақындардың өлең-жырлары жөнінде оң пікір білдіріп, сындарлы көзқарас танытуға талпынғандар да болды. Бірақ, оның бәрі әдеби мұрамызды біржақты бағалаған идеологиялық өктемдіктің көлеңкесінде қалып қойды.

Әдебиетші ғалымдардың қай-қайсысы да мәдениетімізді байытатын мұраның қажеттігін жақсы білді. Алайда, талқыға түсіп отырған шығармалардың идеялық-саяси бағыты «сын көтермейді». Осыған орай бұл еркіндігі шектеулі ой-пікірдің додасы болды. Алдымен, бұрынғы зерттеулерінде Дулат, Шортанбай, Мұраттарды жеріне жеткізе сынай алмағандар аяусыз айыпталды. Сонан соң сынампаздар аталған ақындардың шығармаларына ауыз салды.

Солға тартқан сыншылар

Әйтсе де, бүгінгі күні қоғам өзгеріп, заман жаңарған тұста конференцияда айтылған пікірлерді қайта саралап, астарынан себеп-салдар іздеп, қайыра үңілгеннің артықтығы жоқ. Мәселен, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Е.Ысмайылов қазақ әдебиеттану ғылымының негізгі міндеттері туралы баяндамасында былай дейді: «Қазақ әдебиетінде демократиялық прогрессивтік мәдениеттің элементі де, міне, осы реализм жолындағы поэзиядан көрінеді. Ал, жалған романтизм мен кертартпашыл мистицизм жолындағы ақындардың ( Мұрат, Әбубәкір, Базар, Шәңгерей т.б.) және кітаби-діндар ақындардың поэзиясы реалистік дәстүрден алыс болды, қоғамдық өмірді көркемдеп суреттей алмады. Өмірден түңілуді, дәурені өтіп бара жатқан феодализм заманын, ертедегі аңыз әңгімелерді дәріптеп жырлаумен болды. Демек, реализмге қарсы әдебиет ағымы бір халықтың, билеуші қауымның мақсатына жататын мәдениеттің элементін тудырды». Мұндағы назар аударарлық нәрсе – Е.Ысмайыловтың өз сөзінде «реализмге қарсы» деген анықтамасы бар «әдебиет ағымы» деген тіркестің қолданылуы. Бұл жерде М.Әуезовтің аталған ақындар шығармашылығын әдеби қағидаларға орай негіздеп, «зар заманды» ағымға балауы кері мағынасында болса да ауызға ілінді. Ал, зар заман поэзиясының романтизмге қатыстылығы айдан-анық нәрсе. Сондықтан, Е.Ысмайыловтың «жалған романтизм» деуі бүгінгі шынайы көзқарас ыңғайындағы регресті, яғни кері романтизмнің немесе романтизмді өткеннен іздеудің елесін аңғартқандай. Өз халқыңды мақтан тұтқаның үшін ұлтшыл атанатын заманда ғылыми-теориялық конференциядағы пікірлердің теріс сипатта өрістегені таң қалатын нәрсе емес. Сол себепті де «Қазақ әдебиеті тарихының фактілеріне келетін болсақ, мұнда да ескі, діншілдік мистикадан, феодализм заманының көзқарастарынан шыға алмаған Мұрат, Әбубәкір, Шәңгерей сияқты ақындар өз заманының шындығын реалистік тұрғыдан суреттей алмады. Абай, Алтынсарин бастаған прогресшіл ағымға қарсы кертартпашыл бағытта жазды. Ал, кейбіреулерінің шығармаларында (мәселен, Шортанбайдың) өз заманындағы бұқараның ауыр тұрмысын, отаршылық қысымды жырлауы көзге түртіп тұрған өмір шындығын танымасқа, оны суреттемеске шарасы қалмағандығын, сөйтіп, өзінің дүние тануында заман шындығын дұрыс көрсетуге ойысқанын аңғартады» – деген пікір баяндаманың өзегіне айналды. Мәселеге қазіргі көзқарас бойынша үңілсек, Дулат пен Мұрат, Шортанбай мен Әбубәкір жырлары өз заманын нағыз шынайы түрде сипаттап көрсете білгендігімен ерекшеленеді. Суреттемеске шарасы қалмағандықтан емес, саналы түрде көңілдегі сырын толғап, кестелі жыр төккен сөз зергерлерінің ой-арманын ғалымдар амалсыздан саясаттың талаптарымен бүркемелеуге мәжбүр болды. Әйтпесе осы жазылғандардың бәрі ұлттық мұрамызды тереңдете зерттеймін деп басын дауға тігіп, сотты болған ғалымның нақты позициясы еді деудің жөні жоқ шығар. Шынында да «30 жылдардың ақыры мен 40 жылдардың бас кезеңінде жазылған біздің әдебиеттану еңбектеріміздің бірқатарында  Бұқар жырау мен Махамбет те, Шортанбай мен Алтынсарин де, Абай мен Мұрат та, Сұлтанмахмұт пен Шәңгерей де, Дөнентаев пен Омар Қарашев та  –  барлығы да ағартушы, демократ, сыншыл реалист, тіпті халық ақыны етуге дейін асыра дәріптеу орын алды» – деп конференцияда өзі сынап отырған осы дәуір ақындарына кейін  Е.Ысмайылов лайықты бағасын бергені мәлім.

Ғылыми конференцияда XIX ғасырдың 50-70 жылдарындағы қазақ әдебиетін зерттеу мәселелері жөнінде баяндама жасаған Ысқақ Дүйсенбаевтың пікірлерін бүгінгі көзқараспен қайта зерделегенде көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Әрине, қай әдебиетші де қоғамдағы саяси ахуалдың ыңғайынан шыға алмағаны белгілі. Негізінен, Ы.Дүйсенбаевтың аталған ақын-жыраулардың мұралары хақындағы ой-тұжырымдары осы желінің төңірегінде өрбіді. Сол себепті әдебиетші-ғалым басқосудағы жалпы сарыннан ауытқымай, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Әбубәкір Кердері, Базар жырау сияқты ақындардың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының әлеуметтік өміріндегі жаңалықтарын түсінбей шо-шынғанын, патшалық отаршылықтан қорғану, үрку нәтижесінде орыс халқының ұлы мәдениетінен де тартынып, жатырқағанын, кей сәтте қарсы шыққанын» атап өтті. Кейіннен осы кезең ақындарының мұрасын жан-жақты зерттеген ғалымның Дулат, Мұрат және басқа да заман күйін толғаған жыр жүйріктері жөнінде сүбелі дүниелер ұсынғаны белгілі. Конференциядағы баяндамасында ол аталған ақындар шығармаларының ақ-қарасын айырып, түсініп талдауды міндеттеді. Олардың мұрасының саясатқа қатыстылығынан гөрі, поэзиялық қуатына, көркемдік нәріне назар аудару керек дегенді астарлап болса да аңғартты. Сол замандағы әдебиет тарихын зерттеудің дәстүрлі әдіс-тәсілдерімен өзінің келіспейтіндігін жариялады. Сондықтан, оның: «Әдетте бір ақынның шығармасына баға бергенде біріне-бірі қарама-қарсы екі түрлі көзқарас орын теуіп келді: не сол ақынды халық мұңын мұңдаған прогресшіл қайраткер етіп тарихта қалдыру, я болмаса, оны кертартпа, реакцияшыл, феодал жыршысы деп танып, тарихтан мүлде шығарып тастау. Біздіңше, көрнекті мәдениет қайраткерін, егер ол шын мәнінде сондай болса, реакцияшыл екенсің деп тарихтан шығарып тастауға болмайды, ол ақын өзінің тиісті бағасын алып, белгілі бір көлемде зерттелуге тиіс» – дегенін осы тұрғыдан түсінгеніміз абзал. Бұл – Шортанбай, Дулат, Мұрат, Әбубәкір Кердері сияқты ақындардың шығармаларына байланысты пікір. Ы.Дүйсенбаев бұл ақындардың шығармаларының идеясы өзге ұлттар мүддесіне қайшы келетінін ескертіп, осыған дәлел ретінде пролетариат көсемінің қағидасын көлденең тартты. «Шортанбай, Дулат, Мұрат, Әбубәкір Кердері тәрізді ақындардың шығармаларын…  тек жоғары оқу орындарының бағдарламасына немесе әдебиет тарихын зерттеуші мамандарға арналған жинақтарға ғана енгізген жөн», – деді ол. Зар заман ақындарының шығармаларын мектеп оқулықтарынан аулақтауға осындай ұсыныстардың жиынтығы жеткілікті еді. Дегенмен, Ы.Дүйсенбаев сынды ғалымдар жыр жүйріктерінің өлең-толғауларын жоғары оқу орындарында оқытуды табанды түрде талап еткенін атап көрсетуіміз керек.

Пайымы бұрыс пікірлер

Конференцияда бүгінгі күн тұрғысынан қарасаң да пәлендей мағынасы өзгермейтін, қай жағынан үңілгеніңмен ұстатпайтын байыпты байлам жасаған пікірлер орын алды. Аталған ақындар шығармашылығын не асыра мақтамай, не тұқырта даттамай, тұжырымдарын бірқалыпты баяндап шыққандардың қатарына М.Хасеновті қосуға болады. Оның сөзіндегі жалпылама айтылған салқынқанды сипаттамалардан («Осы тұстағы әдебиетте патшаның отарлау саясаты ақын-жыраулардың шығармаларындағы негізгі тақырыптардың бірі болды. Бұл тақырыпты Бұқардан бастап, Дулат, Шортанбай, Мұрат тәрізді ақындардың қайсысы болмасын жырлады»), дағдылы, дәстүрлі тұжырымдардан («Кедей қайтып күн көрер, борышқа белден батады, жалғыз сиырын сатады» дей келе, болыс-билерді ашына сөкті. Жаңа низамның іске асырылуын, қоғам өмірінде әрқилы өзгерістердің пайда болуын, қазақ даласына қалалар салынуын, сауданың күшейіп, алыпсатардың көбеюі тәрізді болған өзгерістерді Дулат та, Шортанбай да өз шығармаларына тақырып етіп алды. Осы жақтарынан алғанда өз дәуірінің шындығын көреді, қазақ әдебиеті тарихында елеулі із қалдырып, айрықша назар аудартады»), баршаға белгілі бағалау тәсілінен («Бұқар, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей шығармаларының көп талқысына түсуінің түпкі тамыры, міне, осында жатыр. Олар феодалдық-патриархалдық қоғам құрылысының іргесі бұзылып, ел билеу тәртібінде, қоғам өмірінде өзгерістер туа бастағанда қанаудың күшейгенін, кедей-жалшылардың тұрмысының ауырлағанын жырлады») зар заман поэзиясына деген нақты көзқарасты ашып айту ыңғайы байқалған жоқ.

Бұл ғылыми-теориялық конференция аталған ақындар шығармаларының тағдырын шешетін алқалы басқосу еді. Сондықтан, әрбір пікір, әрбір ұсыныс есепке алынды. Сөз сөйлеушілердің ішінде Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкірлердің өлең-толғауларының мазмұнына, идеялық сипатына, әдебиет тарихындағы орнына тоқталмағаны кемде-кем. Ал, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, өлең өрнектері көп сөз бола қойған жоқ. Өйткені, конференцияда қазақ өлеңінің көркемдік сапасы туралы емес, қалдырған мұрасының идеялық мазмұны талас тудыратын ақындардың шығармаларын көп ұлтты әдебиеттің тарихына қандай дәрежеде жақындастыру жөнінде мәселе қаралып жатты. Осыны мықтап зердесінде ұстаған зерттеуші ғалымдар сөз болған шығармаларға сол кездегі саяси талап тұрғысынан үңілді. Ал, Дулат, Мұрат, Шортанбайлардың көзқарастары бұл өлшемге сәйкес келе қоймайтыны тағы белгілі. Мұның өзі қазақ әдебиетінің XIX ғасырдың 80-90 жылдарындағы негізгі бағыттары жөнінде баяндама жасаған Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі М.Сильченконың айтқан пікірлерінен де көрінеді: «Прямая идейная связь творчества Мурата с поэзией Шортанбая и общность их наиболее характерных речевых оборотов («Зар заман», «Тар заман» Шортанбая, «Сұм заман» Мурата) позволяют говорить о продолжающейся тенденции в основном реакционной, охранительной и противоборствующей с просветителями».

Абайдың шығармашылық өмірбаяны жөнінде құнды еңбек жазған М.Сильченко – ұлы ақынның Шортанбай, Дулат, Бұқарға көзқарасы, «зар заман» «сұм заман» сарындарының туу себептері, қазақты қайғы-қасіретке ұшыратқан оқиғалар хақында нақты пікір айтқан әдебиетшілердің бірі. Әсіресе ол 1868 жылғы Далалық облыстарды басқару туралы Уақытша ереженің талаптарына қарсы шыққан ақындардың өлең-жырларын талдап-таразылаған кезде көшпенді өміріміздің болмысын, өзгерістерін көрсету арқылы ой толғайды. Зар заман ақындарының шығармаларындағы көзқарас ортақтығын айқындап (самауыр мен шай, тар бешпент, тарантас-арба, әйел мен жас ұрпақ, т.б. туралы), толымды тұжырым жасайды. Бұл еңбегі жарыққа шыққаннан кейін екі жылдан соң өткен конференцияда зар заман ақындарының идеялық көзқарастарын, таным-түсініктерін қайта зерделеген М.Сильченко олардың шығармаларына біржақты қарамай, жан-жақты бағалау, өлең-толғауларының халықтық сипатына реалистік тұрғыдан мән беру керектігін ұсынады. Алайда, ол: «Какие же у нас, у марксистов-литературоведов, основания говорить о народности, художественности, непреходящем значении Мурата или Шортанбая? Порою ссылаются на время, на то что эти певцы – продукт своей эпохи, что они не могли овладеть передовым мировоззрением и т.п. Все это лишь констатация факта, а не объяснение его. Мурат – современник Алтынсарина и Абая. Мурат – очевидец не только того отрицательного, что действительно вошло в казахскую жизнь с присоединением к России, но и того нового, что пробуждалось в народе: стремления к личной свободе, знание, борьбе. Одно он увидел, на другое закрыл глаза. Поэт же, который не видит передовых явлении современности, зовет к прошлому, отсталому, не может быть ни народным поэтом, ни реалистом?», – деп ақындардың ұстанған көзқарасын айыптайды.

Баяндамашылар сол кезең ақындарының «іліп алар жақтарын» тілге тиек еткенімен, ендігі бір кезекте соққының астына алды. Зерттеушілер «кертартпа бағыттың» ақындарына ұлы Абайды қарсы қойды. Олардың мұраларындағы қайшылықтарды салыстыра қарау үшін Абайдың өлеңдері өлшем ретінде пайдаланылды. Кейде мұндай ой-пікірлер таптық түсінік пен идеялық терістеудің шеңберінен асып кетіп жатты. Сыншылар ақын-жыраулардың шығармаларындағы көркемдік құндылықтарға ауыз салды. Көптеген әдебиетшілер Абайдың өзінің алдындағы жыр жүйріктерін эстетикалық түрде сын сүзгісінен өткізуін бұлтартпайтын маңызды дәйек ретінде ұстанды. Әйтеуір қалай болғанда да ұлы ақынды оқшаулау арқылы оларды әбден мансұқтауға көңіл қойды. Конференцияда айтылған «Нам приходится слышать возражения, что, дескать, под эти понятия можно подвести, скажем, и Мурата и Базара, и других современников Абая. Но ведь они только современники великого поэта, по своему же идейному и художественному уровню их поэзия –  пройденный этап, в лучшем случае – эпигонство», – деген пікір осы ойымызға айқын дәлел. Егер «эпигон» сөзі көркемөнерде және басқа салаларда өз бағыты болмай, біреудің идеяларына құр бекер еліктеуші, оны қарадүрсін қайталаушы деген ұғымды білдіретінін ескерсек, бұл кезең ақындарының шығармашылығы қалай бағаланғанын аңғару қиын емес.

Толғамы теріс түйіндер

Конференцияда аты ең көп аталған ақын – Шортанбай. Діншілдік ұғымы туралы жасалған тұжырымның бәрі соның өлеңдерімен тұздықталды. Кертартпа бағыттың өкілдерін санамалап көрсеткенде алдымен ауызға ілінді. Ұлы Абайдың «Сөзінің бірі – жамау, бірі – құрау» ақындарды нұсқағанда Шортанбайдан бастайтыны тәрізді, басқосуда пікірталасқа түскен шешендер осы ақынға ерекше шүйілді. Шортанбайдың шығармалары да, оны зерттегендердің еңбектері де сынға түсті. Дулат ақынның шығармашылығы жөнінде де конференцияда әрқилы теріс пікірлер айтылды.

Ал, Мұрат ақынның өлеңдеріндегі тілдік қолданыстар бірді-екілі баяндамаларда аталғанымен, негізінен, оның есімі кертартпа бағыттың өкілі ретінде қайта-қайта ауызға ілінді. Әбубәкір мен Мұрат шығармашылығы жөнінде қосымша баяндамалар жасалған жоқ. Олардың ақындық таным-түсініктерін идеялық жағынан терістеуге көбірек мән берілді. Конференция қаулысында Мұрат пен Дулаттың шығармашылығы бірге сараланды: «Дулат Бабатаевтың творчествосы негізінде идеялық-эстетикалық нысанасы жағынан Шортанбайға жақын келсе де, XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын шындыққа жанастыра сынай білуі жағынан онан өзгешерек болып келеді. Оның творчествосы алдағы уақытта әлі де сын тұрғысынан қаралып зерттелуі керек. Осы бағыттың уәкілі  болған Мұрат Мөңкенің шығармалары эпостық дәстүрге жақын, әрі өзіндік ерекшелік сипаттары бар; бұған сәйкес оның творчествосын әлі де болса сын тұрғысынан қарап, тереңірек зерттеу қажет. Дулат пен Мұрат творчествосы жоғары мектепте сол кездегі тарихи-әдеби процестің күрделі сипатын, әдебиеттің қандай қайшылық жағдайда дамығанын талдап көрсету мақсатымен аталуы тиіс. Жалпы білім беретін мектептердің ерекшелігін еске ала отырып, бұл ақындардың творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын».

Сондай-ақ, ғылыми конференция басшылығы діншілдік бағыттағы Әбубәкір Кердері, Нұржан Наушабаев сынды ақындардың шығармаларын орта мектеп бағдарламасына жолатуды құп көрмеді. Бұлардың мұраларын жоғары оқу орындарында оқытып-үйретуге ұсынумен шектелді. Міне, мектеп жасындағы ұрпақтың аталған ақындардың шығармаларын жетік білмей өскені сондықтан. Абайды танып, Дулатты білмеу, Махамбетті жаттап, Мұратты даттау, Бұқарды дәріптеп, Шортанбайдан шошыну, Ыбырайды ұғып, Әбубәкірді түсінбеу, Жамбылға жақындап, Албан Асаннан алыстау – әдебиеттегі ақтаңдақтардың қолдан жасалғандығының көрінісі.

Ғылыми-теориялық конференцияның жарияланған құжаттарын зерттеп-зерделеп, көңіл сарасынан өткізе келе бірқатар ой-тұжырымдар жасауға болады.

Біріншіден, бұл сол тұстағы идеялық мақсат-мұраттар тұрғысынан көңіл қойыл-ғанымен зар заман ақындарының шығармалары жан-жақты және жеріне жеткізе талқыланған басқосу болды.

Екіншіден, ғалымдар қаншама жерден қара күйе жағып жатса да, бәрібір ұлттық мұраға бүйрегі бұратыны байқалып тұрды. Оларды әдебиет тарихынан жоғалту көпе-көрнеу қиянат болатынын барлығы да жақсы білетін.

Үшіншіден, төбеден өктемдіктің қол шоқпары төніп тұрғанына қарамастан, конференция қай ғалымның қандай позиция ұстанғанын айқындап берді. Жәдігер дүниелерге деген жанашырлықтар сезілмей қалған жоқ.

Төртіншіден, конференция шешімдері солақайлау болса да, шешендердің сөзінде зар заман ақындарының есімдері оқтын-оқтын қайталанып, ойлы ғалымдардың келешектегі зерттеу объектісін айқындауына мүмкіндік жасалды. Мұндайда шығармаларының таралымына тыйым салынған, қызу тартыстың арқауына айналған ақындарға жұрт ықыласының одан бетер артатыны заңды құбылыс.

Бесіншіден, миятты мұраларымызды партиялық-саяси жүйенің құрсауына қысып, жерден алып, жерге салып, талқыға түсіргенімен, бұл, бәрібір басқаның емес, біздің әдебиеттің жоқ-жітігін түгендеуге талпынған тарихи жиын ретінде бағалануы тиіс. Өйткені, оны ұйымдастырғандар да, пікір айтқандар да қазақ әдебиетінің тарихын өз қолымен жасаған кісілер еді.

Ұзақ жыл бойы қапасқа қамалған рухани жәдігерліктерімізбен қайта табысуға жол ашқан құжат 1989 жылы өмірге келді. «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40-шы жылдар кезеңі мен 50-ші жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы» жарияланды. Халық баға жетпес асыл мұраларымен қайта қауышты. Тарихи құжаттағы «Революцияға дейінгі қазақ әдебиетінің тарихын зерттегенде, оның терең де күрделі ерекшелігін диалектикалық тұрғыда ашып көрсетіп, өткен кезең суреткерлерінің творчествосын олардың тарихи нақты ортасында, тарихи шарттыланған қарама-қайшылықтарында қарастыру керек. Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау, Мұрат ақындардың творчестволық мұрасы нақ осындай тұрғыда зерттеуді қажет етеді» – деген жолдар арқылы әдебиетшілер қауымының алдына ауқымды міндеттер қойылды.

Мұнан соң тың тақырыпқа түрен салу басталды. Аталған ақындардың шығармалары ғылыми-зерттеу жұмыстарының  нақты нысанасына айналды. Зар заман поэзиясы жаңаша көзқараспен зерделеніп, қазақ әдебиеті тарихының ақтаңдақ беттері қалпына келтірілді. Жыр жүйріктерінің баға жетпес мұрасы рухани құндылықтарымыздың алтын қорына қайта қосылды.

Осыдан 59 жыл бұрын, яғни, 1959 жылы Алматыда өткен ғылыми-теориялық конференциядағы солақай сындар мен теріс тұжырымдарға Мұрат ақынның берер жауабы өз өлеңінде айқын көрініп тұр: «Бәйіт еттім бұ сөзді, Қайғы шегіп заманнан. Заман азып не қылсын, Ай орнынан туады, Күн орнынан шығады, Мұның бәрі адамнан». Шынында бұл ой-пікірлердің бәрін адам айтты. Оған заманы айтқызды. Сол заман оңалғанда Мұрат жырлары алмастай жарқырап рухани қазынамызға қайта қосылды. Ол мұны да «Заманнан заман оралған, Дүние шіркін соны алған» – деп баяғыда айтып қойған.

Мұрат ақынның ғаламат ойшыл, теңдессіз сөз шебері болғанына осының өзі-ақ дәлел.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button