МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАНЫ ҮЙДЕ ОҚЫТУ
– Материалдық көмек 7-16 жасқа дейінгі мүгедек балаларын арнаулы мекемелер мен оқу орындарында оқытуға мүмкіндіктері болмаған жағдайда, оларды үйде оқытатын отбасыларына материалдық қолдау мақсатында төленеді. Оның мөлшері бір айға 2,4 айлық есептік көрсеткішке(АЕК) теңеледі және әрбір мүгедек баланы қамтиды.
Биыл төленетін материалдық көмектің мөлшері (АЕК 2121х2,4) 5090 теңгені құрайды, ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат 8 000,0 мың теңге. Өткен 2015 жылы 149 алушыға барлығы 6 342,5 мың теңге тағайындалып, бөлінген қаржы толық игерілді.
Мүгедек балаларын үйінде оқытатын отбасыларына материалдық көмек облыстық білім басқармасы жанындағы ведоствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық комиссияның (ПМПКК-ның) баланы үйде оқытудың қажеттігі туралы шығарған қорытындысы негізінде тағайындалады. Мүгедек баланың үйде оқытылуының қажеттігін қайталап анықтау мерзімі осы комиссиямен белгіленеді. Материалдық көмек үйде оқытатын мүгедек балалардың ата-аналарының бірінің немесе олардың орнындағы қамқорлыққа алған адамның арызы бойынша арыз берілген айдан бастап мүгедек баланың үйде оқытылуы қажет делінген ПМПКК-ның қорытындысы негізінде беріледі. Бірақ, баланың мүгедек деп танылған мерзімінен аспайтын кезеңге тағайындалады.
Арызданушы материалдық көмек тағайындатуға қажетті құжаттарды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (Шәріпов көшесі, 4а мекені бойынша) тапсыру жолымен және өз өтініштерін «Электронды үкімет порталы» (www.egov.kz сайты) арқылы да бере алады.
Ол үшін әрбір әлеуметтік көмекке үміткер азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы электронды қолтаңба алу қажет.
Көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:
1) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар көшірмесі;
3) өтініш беруші мен мүгедек баланың тұрғылықты жері бойынша тіркелгендігін растайтын мекен-жай анықтамасы;
4) мүгедек баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
5) облыстық білім беру басқармасы жанындағы ведомствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық комиссияның мүгедек баланың үйде оқытылуы қажеттігін дәлелдейтін қорытындысы;
6) мүгедектігі туралы медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясы анықтамасының көшірмесі (МӘСК);
7) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүгедек баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орнының анықтамасы.
Дайындаған:
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.