Мұхит асқан мұңлықтар
«Шетелдегі қазақ балалары» жобасы өмірге қалай келді?
Жанар БАЙСЕМІЗОВА,
«Қазақстан-Атырау» облыстық телеарнасы директорының орынбасары:
«Шетелдіктерге негізінен дені сау және қаны таза бала керек. Сол жағынан келгенде олар Ресейден гөрі, Қазақстанға көбірек ден қояды. Сондықтан, халқымызды балаларды тастамауға, жетім қалған сәбилерді шетке бермей, асырап алуға шақырамын. Рас, қазақтар адамның шығу тегіне мән беріп жатады. Осы ретте Әл-Фарабидің «бала – жазылмаған ақ қағаз. Оған не жазсаң, соны көресің» деген сөзін еске салғым келеді. Демек, баладан дананы да, дараны да, жақсыны да, жаманды да жасап шығаратын өзіміз» дейді «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізова. Елді елең еткізген бұл жоба – мұхит асқан мұңлықтармен арадағы үзілген байланысты қайта жалғағандай болған еді.
— Жалпы, бұл идея қалай өмірге келді?
— Идея студент кезімде туындаған еді. Парламентте депутаттар шетелдіктердің қазақ балаларын асырап алуы туралы көп айтатын еді және оған алаңдаушылық білдіретін. Бірақ, «ол балалар кімдер, оларды алған азаматтар туралы не білеміз, сәбилеріміздің қазіргі жағдайы қалай?» деген сұрақтар жауапсыз қалатын.
Әрине, телеарнаға келген алғашқы жылдарым оңай болған жоқ. Көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинақтауым керек еді. Сондай бір қым-қуыт күндердің бірінде арнайы репортаж дайындап, сол кездегі Сыртқы істер министрлігіне қарасты консулдық қызмет мекемесінің басшысы Бағдат Сейітбатталов мырзадан сұхбат алдым. Сөз арасында шетелдегі қазақ балалары туралы ойыммен бөлістім. Бағдат мырза ақпараттық жағынан қолдау болатынын айтып қуантты.
Кейін министрлікпен арада хат жазу процедулары басталып, процесс алты айға дейін созылып кетті. Ол кезде «Хабар» арнасында штаттан тыс жұмыс істейтінмін. Агенттіктің заңдылығы бойынша, штатта жоқ мамандар шет елге шыға алмайтын. Сенімсіздік танытқандар да, күле қарағандар да болды. Өйткені, ол кезде қазақстандық журналистер арасында Америкаға барып, репортаж жасағандар болмаған еді.
Осындай сын сағаттардың соңы сәтті аяқталып, мен АҚШ-қа жол тарттым. Бұл 2009 жыл болатын. Шыны керек, екінші бір материктен қазақтың баласын көретініме, түсірілімнің болатынына соңына дейін сенбедім.
Вашингтон әуежайынан бізді Америкадағы елшілеріміз күтіп алды да, қонақүйге заттарымызды қояр-қоймастан дереу түсірілімге кетіп қалдық. Себебі, екі елдің арасындағы уақыт айырмашылығы жер мен көктей болатын. Міне, шет елге алғашқы сапарым осылай басталды…
Келісілген үйге келген кезімізде есік алдынан кішкене қазақ қызы жүгіріп шықты. Оның аты Арайлым болатын. Шамамен үш жастағы Арайлымның тілі сол кезде әлі толық шығып үлгермеген де еді. Кішкене ғана қазақ баласының жат жерде жүргенін көрген кезде көзімдегі жасымды тоқтата алмадым. Тебіреніс, толқыныстан бөлек, көкейімді кернеген сұрақтарым да көп болған еді.
Сол сапар барысында Арайлымнан бөлек Ермек (американдық ата-анасы Эрик атап кеткен) деген баламен таныстым. Ол уақытта Ермек 7 жаста болатын. Кейін араға бірнеше жыл салып Америкаға барғанымда сол Ермекпен қайта кездестім. Бұл кезде Ермек ұзын бойлы, сымбатты жігітке айналған еді.
Көңіл кемесінде біраз толқыныс тудырған Америка сапарынан кейін «Хабар» арнасынан берілген бұл арнайы репортаж қоғамдық резонанс тудырды. Және ол мұхит асқан мұңлықтар тақырыбына арналған еліміз бойынша тұңғыш бағдарлама болған еді.
Осыдан кейін «сериялық жоба жасасам» деген ой келді. Себебі, менің қолымда өзге журналистерде жоқ мәліметтер болды. Оның біразы құпия саналатын.
Сол кезде Қазақстаннан бала асырап алу жөнінен тізімнің басында Америка, екінші кезекте Испания болды. Келесі түсірілімді осы елден бастағым келді. Осындай ой жетегінде жүргенімде күтпеген жерден «Алматы» арнасына жұмысқа ауыстым. Журналистерді шетелге жіберуге қалалық арнаның қаржы қарастырмайтыны белгілі. Бірақ, іздену парыз.
Сөйтіп, ұзақ уақытқа созылған ізденістерден кейін демеушілердің көмегімен Испанияға емес, Бельгияға сапарға шығудың сәті түсті. Аталған елден «Жүректің жұлым еті» деген тақырыпта екі бөлімнен тұратын хабар дайындап шығардық. Сол хабардан кейін өзі өте талапшыл басшымыз Серік Сарыбаевтан «жарайсың» деген сөз естідім. Бұл мен үшін үлкен баға еді.
Кейін қызметімді «Қазақстан» арнасына ауыстырдым. Бірақ, сериялық жоба жасау идеясы бәрібір ойымнан кетпей қойды. Сөйтіп іштей алакөңіл болып жүргенімде, «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының төрайымы Нұржан Жалауқызымен осы идея туралы әңгімелесіп, бұрынғы жасаған еңбектерімді көрсеттім. Ол кісі бірден қолдады. Қатты қуанған мен бағдарламалар өндірісі шығармашылық бірлестігінің жетекшілік қызметінен кетіп, іске кірістім.
Жобаны жасаудағы негізгі идея – шет елге шығып, жер көру емес, тағдырдың жазуымен бір кездері жетім қалған қазақ балаларының өмірін көрсету, халыққа олардың амандығын жеткізу еді. Және «өз ұрпағымызды өз жерімізде тәрбиелесек» деген оймен қоғамдық санаға қозғау салғым келді.
— Балаларымыздың шетелдік ата-аналары сіздің сапарыңызды қалай қабылдады? Және бейтаныс отандасына деген сәбилердің көзқарасы қалай болды?
— Шыны керек, шетелдік азаматтар өте таң қалды. Себебі, Қазақстаннан арнайы шығармашылық топ шығып, балалардың өмірін көрсету секілді мәселе бұрын болмаған еді.
Сондықтан да, шетелдіктердің арасында таңданумен бірге, күдікпен қарағандары да болды. Біреулерде «балаларымызды тартып алса» деген қорқыныш та бар еді. Осындай үрейдің ортасында жүргендердің көпшілігі жобаға түсуге келіспеді. Оның үстіне, шет елдегі балаларымыз 18 жасқа толғанға дейін Қазақстанның азаматы болып есептеледі.
Дегенмен, бізді жақсы күткен азаматтар да аз болмады. Олар балаларының кішкене күніндегі суреттеріне дейін көрсетіп, қазаққа тән қасиеттерін айтып мақтанды.
Жан тебірентерлігі, балалар бізге тартылып тұрды. Құшақтап, бетімізден сүйіп бір-бірімізді жібермей, айрылмаған сәттер көп болды. Тіліміз, дініміз, тіпті ділімізге дейін басқа болып кетсе де, арамызда көрінбейтін тартылыс күші барын сезгендеймін. Ғажабы, біздің сапарымыздан кейін сол балалардың көпшілігін ата-аналары Қазақстанға алып келді.
Осы жоба арқылы балалармен арада кезінде мүлде жоғалып кеткен байланыстың қайта жалғануына себепкер болдық деп ойлаймын. Тіпті, оларды кезінде кейбір қыз-жігіттеріміз керек етпей тастап кетсе де, ол сәбилер бәрібір қазақ болып қала береді. Бұл балалар болашақта бәрібір бізге керек. Өйткені, олардан тұқым тарайды. Сондықтан, арадағы байланысты үзбеуге міндеттіміз.
— Өзге елге баласын бермейтін мемлекеттер бар ма? Мұхит асқан мұңлықтар легін мүлде болдырмау үшін не істеу керек? Осы мәселеде бізге қай елдер үлгі бола алады?
— Шетке бала бермейтін елдер бар. Және ол АҚШ, Еуропа мемлекеттері сынды әлемнің дамыған елдері. Бір ғажабы, ол елдерде «жетім бала», «балалар үйі» деген ұғым мүлде жоқ. Балаларды уақытша қарау орталықтары ғана бар. Мұндай елдерде балалар табиғи апат кезінде, ата-анасы ерте қайтыс болған уақытта ғана жетім қалуы мүмкін. Осындайда әлеуметтік қызметкерлер іске қосылады. Яғни, баланы уақытша қарау орталығына орналастырып, дереу отбасын іздестіре бастайды.
Дамыған елдерде қайырымдылық деңгейі жоғары болғандықтан, жаңа отбасын табу көп қиындық тудырмайды. Егер балаға жаңа отбасы ұнамаса, оны екінші бір шаңыраққа орналастырады. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде, балалар бәрібір туған елінде қалады. Бала асырап алу мәселесіне Қытай да уақытша мораторий жариялады. Өзбекстан елі де шетелге бала бермейді.
— Жоба авторы ретінде айтарыңыз…
— Бағдарламаны түсіріп жүргенде, «балалардың өміріне араласатындай маған кім құқық беріп еді?» деген сұрақты өз-өзіме қойған кездер болды. Бір қуантарлығы, осы жобадан кейін халқымыздың арасында бала асырап алуға деген үлкен бір ынта байқалды. Кеңес алып, көмек сұрағандар көп болды. Адамдар жүрегінде имандылық, қайырымдылық сезімдерін оята алғаным үшін, журналист ретінде бақыттымын.
Біз шет ел асқан балаларымыздың жүрегіне олардың түпкі Отаны – Қазақстан екенін құйдық деп ойлаймын. Және біздің сапарымыздан кейін шетелдіктердің көпшілігі балаларын Қазақстанға алып келді. Мұның өзі – үлкен жеңіс.
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.