«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум аясында Жастар мәдениет сарайында «Мәңгілік сарын» тақырыбымен дәстүрлі өнер фестивалі өтті.
Қазақтың дәстүрлі ән өнері – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде осынау киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, дарынды жастарымызды ұлттық өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған фестивальдің шымылдығы «Сармат» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы «Көшпенділер рухы» әдеби-сазды сахналық қойылымымен ашылды.
Бұдан кейінгі кезек фестивальге қатысушы өнерпаздарға берілді. Бұл күні Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тарбағатай дәстүрлі өнер мектептерінің ән қазынасы бір арнаға тоғысты. Осынау бабалар аманаттаған ұлы көшті кейінгі буынға жалғастырып келе жатқан, берісі еліміздің түкпір-түкпірінен, әрісі Қырғыз, Түркия республикаларынан келген белгілі өнер иелері алқалы топтың алдына шығып, сахна сәнін келтірді.
Концерттік бағдарламаны шеберлікпен жүргізген дәстүрлі өнердің белді өкілдерінің бірі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Берік Жүсіпов сахнаға шығатын әрбір орындаушыны жете таныстырып қана қоймай, орындалатын туындының тарихына, авторларына да терең тоқталып, көрерменге қызықты мәліметтермен бөлісіп отырды. Сонысымен де фестиваль қызықты әрі тартымды болғаны анық.
Осылайша, Сыр бойы сүлейлерінің сарқыты іспетті Алмасбек Алматов өзінің «Еділ мен Жайық екі өзен» атты толғауын төгілтсе, Алатаудың бөктеріндегі айыр қалпақты ағайындардың сәлемін арқалай келген Қырғыз елінің өкілі Роза Аманова «Жастарға» әнін әдемілеп шырқады. Сол сияқты, түбі бір Түркі жұртының аманатын арқалаған Ирфан Гюрдаль «Біздің елдің бекілері» әнін нақышына келтіре орындады. Бұдан бөлек, ұлы дала елінің әрбір аймағында ұлттық өнердің қаймағын бұзбай, қалпын сақтаған әнші, жыршы, термеші, күйшілер де көрерменді тамаша өнерлерімен тәнті қылды. Олардың арасынан жетісулық Алма Аманжолова, Арқадан келген Жоламан Құжыманов, алматылық Жанқожа Аяпов, оралдық Фархад Оразов, атыраулық Қайрат Кәкімов, тағы басқа есімдерін атауға болар еді.
Дәстүрлі өнер фестиваліне жалпы 30-ға тарта өнерпаз қатысты. Соңында олардың барлығы да Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың атынан жазылған Алғыс хатпен және естелік сыйлықпен марапатталды.
Дәулетқали АРУЕВ