Мәңгілік парасат
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы — ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше оқиға болып отыр. Елбасы мақаласында Ұлы даланың тарихи тұрғыдағы жеті қыры көрсетілген, олар – Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны. Осы аталған жеті қырымыз – шын мәнінде қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата-бабаларымыздың материалдық және рухани дүниелерді жасап, оны әлемдік тарих пен игіліктер қоржынына салғанын көрсету фактілері. Ендігі кезекте оларды дәріптеу, оған халықтың сенімі мен қызығушылығын ояту тарихқа жаңаша үңілуге үлкен түрткі болары сөзсіз. Бұл бағытта жүргізіліп келе жатқан кешенді жұмыстарды жалғастыру кітапханашылардың да абыройлы міндеті болып табылады.
Президенттің бұл мақаласында Ұлы даланың тарихына қатысты терең көзқарас жатыр. Әсіресе, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясын» жасау қажеттігі туралы мәселе көтерілген. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері — ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталмақ. Қазақстандықтар өзінің ұлы тарихымен мақтануы керек.
Барлық елдер мен халық қандай қиын кезең болмасын, өзінің рухани қажеттілігін екінші қатарға ысырып тастамаған. Бұған тарих дәлел бола алады. Осы тұрғыдан келгенде Елбасының мақаласы Қазақстанның жаңа даму кезеңінде біздің барлығымызға жаңа міндеттер жүктейді. Біз өзіміздің тарихымызбен мақтанып қана қоймаймыз, сол тарихтың қыр-сырын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасау өте өзекті. Осы тұрғыда, өзіміздің толағай тарихымызды түлету – күн тәртібінде.
Кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі мекені. Сондықтан, кітапханаға бас сұққан әр оқырманның, әсіресе әр жастың жүрек қалауын терең зерделеп, оқуға деген қызығушылығын арттыруға үлес қосу, сөйтіп Қазақстан Республикасының әрбір азаматын отаншылдық, елжандылық қасиеттерге баулу кітапханашылардың тікелей борышы. Қазіргі кезде жастардың оқу белсенділігін арттыру арқылы өскелең ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыру жалпы қоғамның, соның ішінде кітапханашылардың алдындағы кезек күттірмейтін іске айналып отыр.
Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы бүгінгі күні облыс орталығындағы бірден-бір жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін тигізетін, білім алғысы келетін әр оқырман пайдаланушыға бағыт-бағдар беруші руханият ордасына айналып отыр. Кәсіби дәрежелері жоғары кітапхана қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің, қажырлы еңбектерінің нәтижесінде кітапханамызда облыс көлеміндегі оқырман қауымның әртүрлі деңгейдегі тарихи әдебиеттерге сұраныстарын қанағаттандыру, қызығушылық танытқан жастардың таным көкжиектерін кеңейту бағытында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналдырылған.
Жергілікті өлкетанушылардың, ғалымдардың зерттеу еңбектерін насихаттау бағытындағы жұмыстар мұнымен ғана шектелмейді. Авторлардың өнегелі өмір жолы мен шығармаларының жазылу тарихы, өлкетануға байланысты мәліметтерді және тағы басқа толымды деректерді қамтитын мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген барлық жарияланымдардың толық электрондық деректер базасы жасақталды. Бүгінде кез келген жазушы шығармашылығы туралы ізденген, олар туралы қандай болса да дерек қарастырған оқырмандар бұл жұмыстардың игілігін көріп жүр.
Жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандардың көркем әдебиетке қызығушылығын қалыптастыру мақсатында «Қара сөздің хас шебері» тақырыбындағы жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» шығармасы бойынша оқырмандар конференциясы Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды.Конференцияға шығармасы арқау болып отырған Қажығали Мұханбетқалиұлының көркем дүниелерін оқырман жылы қабылдады. Шараға №5546 әскери бөлімнің сарбаздары, студенттер, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Ал, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ғалия Сәлімжанқызы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы туралы әсерлі әңгімелеп берді. Ол оқырмандардың жазушының «Тар кезең» шығармасы бойынша айтқан пікірлерінің одан әрі өрбуіне дәнекер болып, романдағы әрбір кейіпкерге, айтылған оқиғаға түсініктеме беріп отырды.
Шараның басты қонағы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының қаламдас достарының бірі, белгілі өлкетанушы-тарихшы Аманғали Әміржанұлы «Тар кезең» шығармасын жан-жақты талдап, жазушының шығармашылығы жайында өзіндік ой-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар, кітапхананың оқырмандары, зейнеткерлер Жетпіс Жұбанов, Берікжан Қаленов, жеке кәсіпкерлер Фархат Беркешов пен Аслан Әбіғалиев, инженер Қайрат Төлегенов «Тар кезең» шығармасын оқығандағы әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Оқырмандар жазушының «Тар кезең» шығармасында тарихи шындықты бұрмаламай шебер бере білген суреткерлігін тілге тиек етті. Қазақ тарихындағы көрнекті тұлға Сырым Датұлының бітім-болмысы, ол өмір сүрген замандағы қоғамның бейнесі шебер суреттелгендігіне тәнті болғандықтарын айтты. Конференцияда шығарманың көркемдік жағы да баса айтылды, яғни тарихи шығармада басы артық суреттеудің жоқтығы, жазушының шындыққа негізделген оқиғаларды көзбен көргендей қылып суреттеуі оқырмандар әңгімесіне өзек болды.
Кітапхана пайдаланушыларының тез әрі сапалы сұраныстарын орындауда кітапханашылар жұмысын тиімді етуде электронды қорлардың бір уақытта бірнеше параметр бойынша терең іздестіру жұмыстарын жүргізіп, тақырып бойынша кітаптарды таңдауына, іріктеуіне, кітап көрмелерін ұйымдастыруда, көпшілік жұмыстарын әзірлеу барысында көмегі зор. Тіпті, ақпараттық, тақырыптық тізімдерді, жаңа әдебиеттер тізімін санаулы уақытта шығарып алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық патриотизмге ұйытқы бола алатын мәдениет ошақтарының бірі – кітапхана. Сондықтан кітапханаға бас сұққан әр оқырманның жүрек қалауын терең зерделеп, оқуға деген қызығушылығын арттыра отырып, ҚР Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған түйдекті мәселелер мен ауқымды міндеттерге үлес қосу – кітапханашылардың тікелей борышы.
Сара ІЗМҰХАНБЕТОВА,
Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми- әмбебап кітапханасының басшысы.