Жарнама
Қоғам

ҰЛЫТАУ – ҰЛЫҚТАУ ОРДАСЫ

Ұлытау өңірін аралаған адам «Хан Ордасына» соқпай өтпейді. Бұл жерде, қазіргі тілмен айтқанда, қазақ хандарының барлығының дерлік инаугурациясы өткен. Тарихқа аты белгілі хандарды ақ киізге көтеріп, хан сайлап, олар халқына адал қызмет етуіне ант беріскен. Шетел термині инаугурацияны қазақ «Ұлықтау» деп атаған. Хан Ордасының басты мағынасы хандарды ұлықтау болған. Бұл дәстүр, сірә, Жошы ханнан басталса керек. Жошының хан болып ұлықталуы да осы Ұлытау өңірінде өткен. Оның империясының астанасы Базар Орда қазіргі Жошы хан мазарының маңында болғаны –  тарихи дерек. Осы айтылған мәселелерден түйін шығарсақ, біздің қазір «Ұлытау» деп жүрген өңіріміздің атауы тікелей Жошы ханға және одан тараған хандардың ұлықтауына қатысты, «Ұлытау» тауға емес, хандарды ұлықтауға қатысты мәселе. Ұлытау дегенде «тау» – зат есім, «Ұлық-тау» болса, ондағы «ұлық» сөзі – зат есім, «тау» – зат есімнен етістік тудыратын жұрнақ. Әрине, тілші мамандар, тарихшылар бұл жайға өз пікірлерін, болжамдарын ұсынар. Оларды да тыңдап көрелік, бірақ әсіресе Кеңес заманында «Ұлықтау» деген сөз, оның ішінде «Хандарды ұлықтау» деген идеологияға жат түсінік болғаны анық. Сондықтан, «Қазан төңкерісіне» дейінгі әдебиеттерден Ұлытаудың қалай аталғанын сүзіп шыққан жөн. Ұлытау тауға қатысты емес, тегіс өңірге қатысты түсінік. Бір кездерде қазақ тілінің сингармонизм заңына сай «Ұлықтау» болғандықтан Ұлытауға айналып кеткенге ұқсайды.

Хан Ордасын басында осы өлкенің тарихын білетін азаматтар бірауыздан Хан Ордасында Жошыдан тараған хандардың бәрінің осы өңірде ұлықталғанын, тіптен соңғы хан Кенесарының да осы жерде ақ киізге көтеріліп, хан атанғанын және осы рәсімнің бүгінгі күнде де жалғасы барын айтумен болды. Бұл жай назардан тыс қалатын іс емес және оның маңызы тек Ұлытау өңіріне ғана емес, бергісі қазаққа, арғысы Жошы әулетіне қатысты айтулы оқиға. Сондықтан, Ұлытау сөзіне байыппен қарасақ, оның мағынасы, астары саясатта, мемлекеттік басқару жүйесіне, ата дәстүрімізге қатысты.

Ұлықтау деген мойындау, мойынсыну деген мағына береді. Бұл – саяси ұғым. Бұл – мемлекеттің құрылуы немесе мемлекетті басқарудың бір қолдан екінші қолға өтуі. Ең бастысы, осы рәсімге бергі тарихта (Жошы хан заманынан бергі дәуірде) қазақ руларының басшылары тегіс қатысып, ұлықтау рәсімімен сайланған ханға сенім білдіріп, ант берісіп тарасқан. Сондықтан, Ұлытау өңірі – қазақтың үш жүзінің барлық руларының басын қосқан киелі өлке. Бұл бізге жеткен аңыз, хикая, әңгімелерде, дастандарда мейлінше баяндалған. Қазақ халқы өзінің саяси тұлғаларының ұлықталған өңірін қасиетті деп санауы – табиғи жағдай. Жоғарыда айтылған сұхбатында Елбасы былай деген еді: «Кезінде мен Астана болатын жер іздегенде Ұлытауды көрейін деп әдейі келдім. Қазақ жерінің нағыз орта тұсы екені рас. Бірақ, қазіргі заман талабымен қарасақ, бұл жерде не су, не жол, не әуежай жоқ. Бұл жерге қыруар қаражат керек болар еді. Бірақ қасиетті мекен ретінде бағалана береді. Міне, темір жол, басқа да жолдар салынып жатыр. Келешекте туризм орталығы болып, халқымыз келіп тәу ететін қастерлі жер болып қала береді. Мұнда Жошы ханның Ордасы болған деп те айтады. Жошының қазасын естірткен кезде «Ақсақ құлан» деген күй шыққан. Бұл мекеннің осындай кереметтерін тани білуіміз керек».

Бұл өлкенің керемет жәдігері – Жошы хан мазары. Осы өлкеге алғаш сапар шегіп, Жошы мазарына келгеннен бергі уақытта мені бір сауал мазалай берді. Неге Жошы хан мазары Жезқазған өңірінде? Әлемнің  билеушісі Жошы ханның мәңгілік мекені неліктен осы өңір болған? Бұл – мазар, әрине, Шыңғыс ханның келісімімен салынған. Сонымен бірге, баласы қаза болғанда Шыңғыс ханның бұл өлкеге келмеуі де мүмкін емес. Шыңғыс хан және Жошы хан туралы шығармалардың әртүрлі мүдделерге сай жазылғаны белгілі. Себебі, Шыңғыс хан империясы көптеген халықтардың, мемлекеттердің тағдыры болған. Жошы – Шыңғыс ханның тұңғыш және сүйікті, келешегінен үміт күткен баласы. Әке қайғысы туралы ел аузында аңыз боп қалған «Ақсақ құлан» күйінен көп нәрсені аңғаруға болады.

Шыңғыс хан кім? Сөзсіз ақылды, көреген адам, шебер қолбасшы, айлалы саясаткер, есепсіз мол әскері бар қолбасшы. Әскерге не керек, қару қажет. Осы сәтте ойыма осы өңірдің қазіргі атауы Жезқазған орала кетті. Бұл жерде не көп, жез көп. Жез деген не? Ол алтыннан кейін тіптен, оның орнына да жүретін металл. Құнды металл. Байлық. Шыңғыс ханға қажетті – байлық.

Жүз мыңдаған қалың әскерді жебе, найза, қалқандарын жезбен жабдықтап, әдемі әшекейлігін былай қойғанда, жарқ-жұрқ етіп айбын беретін жауынгерлердің сауыт-саймандарын жарақтау ісі Жезқазған аймағында мүмкін болған. Мұндай бай өлке қайда бар?! Сондықтан, Жошы хан осы өңірді өзінің атақонысына айналдырған. (Сан ғасырлар өтсе де, жез өндіру ісі бұл өлкеде  әлі  сарқылған жоқ.) Бұл мәселенің әскерді жасақтауға қатысты жағы, екінші жағы жез өндіру империяға қажетті байлық көзі болған.

* * *

Жұртшылық Ұлытау деп осы өңірдегі тауды атайтын көрінеді. Елбасы сұхбатында: «Мұнда тұрған тау – аумағы 200 шақырым қырат таулар. Ең биігі  Әулиеата деп аталады, 1100 метр. Одан ағып жатқан бұлақ Әулиебұлақ деп аталады. Осының бәрін ата-бабамыз бекер атамаған ғой». Жергілікті халық Әулиеата тауды – Әулиетау деп те атай береді екен. Шынында да, бұл қасиетті тау, мұнда кезінде бір-бірімен жауласқан Алтын Орданың ханы Тоқтамыс пен Ноғай Ордасының әміршісі Едіге қатар жатыр. Бұл жағдай – таудың қасиетті екендігін білдіретін айғақ. Ұлытау өңірі – елдіктің символы. Көзі тірісінде бір-бірімен жауласқан екі тарихи тұлғаны ұрпақтары оларды Әулиетауға қатар жерлеген. Сондағы мақсат не? Мақсат – елдің тұтастығын сақтау. Тұтас түркі жұртын бөлшектемеу. Осы биік мақсатты кейінгі ұрпақтарға өнеге ету. Міне, Ұлытау өңірінде осындай биік армандар орындалған және оны орындаған бізге аты беймәлім кемеңгерлер өмір сүрген. Осы тұста менің ойыма Түркиядағы бір университет ауласында Сұлтан Баязитпен қатар Әмір Темірдің бейнесі қойылғанын көргенде:

— Бұл қалайша, екеуі жауласпап па еді, сұлтан Баязиттің Еуропаға жорығын тыйып, оның басын кесіп алған осы Ақсақ Темір емес пе еді? — дедім. Сонда түркі ағайындарының айтқаны:

— Ол сол заманның әңгімесі. Бізге олар түрік жұртының қаһармандары, — деді. Мен мұндай биік мағыналы сөзді естимін деп ойламап едім.

Осы түсініктің куәсі ретінде шексіз далада бірін-бірі қуып, жауласқан Тоқтамыс хан мен Ер Едігенің Әулиетауда қатар жатуы – тарихтан қалған ұлағатты ата дәстүр.

*  *  *

Бұл өлкенің екінші кереметі – Алаша хан мазары. Мүмкін, дұрысы Алаш – хан мазары. Алаш – ұран. Ол Жошы хан заманында қалыптасқан ұран. Сондықтан, халық Алашты Жошының әкесі деп атаған. Шыңғыс ханды Алаш хан деп, яғни оның есімін ұранға айналдыру дәстүрі қалыптасқан деп топшылауға әбден болады. Жошы хан қыпшақ елінің билеушісі болғандықтан, ол өзінің мемлекетіне жаңа ұран алды, ол әке идеясы немесе әкесін идеяға, оның есімін ұранға айналдыру мақсатында «Алаш» деген ұран алған болар. Алаш – қыпшақ жұртының дәстүрінде бар сөз. Рулардың ұрандарына назар салсаңыздар, бәрі кісі есімдерімен, яғни бабаларын ұранға айналдырған. Осы мағынада алсақ, Алаш деген – Шыңғыс ханның тағы бір есімі, лақап аты. Шыңғыс хан да лақап ат емес пе, өз есімі – Тэмуджин. Бұл есімді әкесіне Жошы немесе оның атақты ұлдары Бату сияқтылар беруі ықтимал. Осы бағытта ізденіс жасап көрген дұрыс болар деген ойдамын.

Алаш – қазақтың ұраны. Ол жөнінде Сұлтанмахмұт Торайғыров анық айтқан. Оның «Алаш ұраны» деген өлеңінде мынадай жолдар бар:

«Алаш» туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз,

Енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз.

Өлер жерден кеттік біз, бұл заманға жеттік біз.

Жасайды Алаш, өлмейміз, жасасын «Алаш», жасасын!»

Қазақ милләтінің ұраны – Алаш. Бұл текті ұран, Жошы дәуірінен келе жатқан жауынгерлік ұран. Қазақ лексикасында (дүниетанымында) үлкен адамның есімін тура айтпау дәстүрі бар. Майданда Шыңғыс хан деп, оның тура атын айтпай Алаш деп ұрандау қисынға келеді. Сірә, осы дәстүр, оның зиратына көшкен. Шыңғыс хан жерленуі, зираты туралы сөз көп, соның көбінің негізі шикі. Шыңғыс хан менің зиратым болмасын дегені негізсіз. Сірә, ол, «менің зиратым тура өз атыммен аталмасын» деген өсиет қалдырса керек, оның бүркеншік аты – Алаш.

Әлемдік жиһангер Шыңғыс хан есімін мәңгілікке қалдырмақ болып жанталасып, жан алып, жан берген адам. Зираты белгісіз жан тарихтан жойылмақ, аты өшпек. Шыңғыс хан ондай тұлға емес, ол мәңгілікке атым қалсын деген өркөкірек санамен өткен адам. Табылған ақыл. Ол зиратын ұран болған есімімен қалдыруға шешімді не өзі, не балалары қабылдаған. Мәселе – енді ол қандай жер болуы керек. Мұнда да қисын бар – мәңгілік қай жер, ол сөзсіз қазыналы ұрпақтары өсіп-өніп, көркейетін мекен болуы керек. Және тұңғышы, отыз жасында қаза болған Жошының қасында болғысы келуі де – табиғи жағдай; осы қисынға сүйенсек, Жошы мазарының маңында Базар-Орда қаласы тұсындағы Алаш хан мазары атақты Шыңғыс хан зираты. Болжауыма негіз болған тағы бір дәлел бар, ол – осы өңірдің бүге-шігесіне дейін жетік білген, академик Қаныш Сәтбаевтың пікірі. Ер Едіге туралы 1927 жылғы зерттеуінде «…тегінде Алаша хан деп ел аузы атақты Шыңғыс ханды айтып жүруі мүмкін десе, 1941 жылғы мақаласында Алаша хан деп жүргеніміз Шыңғыс хан екендігін кесіп айтады» (Қараңыз: Ұлытау, «Фолиант» Астана, 2006. 118 б.).

Ел аузында Шыңғыс ханның, яғни Жошының әкесі Алаш хан екендігі туралы Алашорда қозғалысына қатысушы Отыншы Әлжанов «Дала уәлаяты» газетінің 1897 жылғы 13-14 және 18 сандарында жариялаған мақаласында «Шыңғыс хан деп жүргеніміз Алаш хан» деген тұжырым жасаған, бұл мәтінде Жошы ханның қазасын әкесі Шыңғыс ханға күйші Кетбұға естіртеді.

«Уа, иеміз Шыңғыс хан!

Домбыра не деп жырлайды,

Сарнап дауысын қырнайды,

Құлағың сал осыған…

Ақсақ құлан, қу құлан,

Қияннан қашқан ту құлан,

Қиырсыз құба далада,

Аңда жүрген балаңа,

Кез болып бір қашыпты,

Белден белге асыпты.

Ақсақ құлан, Жошы хан,

Елсіз құба далада,

Қат-қат құбыр салада,

Мекендеп өрген, өрбісіп,

Ордалы құлан жосыған.

Қуып ақсақ құланды,

Мінгені тұлпар құнан-ды,

Ордалы үріккен құланға

Құйғытып ойнап қосылған,

Өлім деген Тәңір ісі,

Сол қу құлан, ту құлан,

Балаң өлді – Жошы хан!

Нансайшы, ханым, осыған!» (көрсетілген  кітапта 114-115  бетте).

Бұл оқиға Ұлытау өңірінде болған, содан ел аузында, халық жадында сақталған.

Сөз орайына қарай, Алашорда деген ұғымға назар салсақ, ол Алаш және Орда деген сөздерден құралған. Алаш – ұран, Орда дегеніміз – мемлекет. Екеуі де Шыңғыс хан заманынан кейін белгілі болған түсініктер, салыстырыңыз: Базар-Орда (Жошы мемлекетінің астанасы), Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Ордасы, Алашорда – бәрінің ұраны Алаш болған.

* * *

Шыңғыс хан – даңқты қолбасшы, алып империя құрған саясаткер. Оның жорықтары нәтижесінде талай қалалар қиратылып, жермен-жексен етілгені де шындық. Көркейіп тұрған Дешті Қыпшақ мемлекеті жойылып, өзгеше күйге түсті. Бірақ, анығы сол – оның қалың әскерін құрғандар, кейін «қазақтар» деп аталған найман, қаңлы, керей, үйсін, дулат т.б. болды. Империяның тілі түркі тілі болған деген деректер бар. Алтын Орда – негізінен қыпшақ тайпаларынан құралған мемлекет. Сондықтан, қазақтардың (оның құрушы тайпалардың) тарихын тереңнен қозғағанда Шыңғыс хан – біздің төл тарихымыздың басты кейіпкері, бұл аз ба? Шыңғыс ханның астанасы Қарақорым, бұл қай тілдегі қаланың атауы? Қазақта қара деген үлкен, қуатты деген түсінік бар, мысалы қара нар, қара күш иесі, тіптен Қара теңіздің атына назар салсаңыз. Ол үлкен, мол теңіз дегенді білдіреді, ал қорым деген – ертеден келе жатқан түркі сөзі. Қазақтар қорым деп адамдар тұрған мекенді атайды. Сонда Қарақорым деген үлкен қала деген түсінікті білдіреді. Енді ойланайық. Әлемді билеген Шыңғыс хан өзінің астанасын, одан кейінгі ұрпақтары астана еткен қаланың атын (елді мекенді) неге Қара+ Қорым деп атаған? Бұл Шыңғыс хан империясының ресми тілі –түркі тілі болғандығының айғағы.

Біздің тарих әлем әміршісінің өрісіне қатысты болып отырғаны шындық. Содан болар, 1907 жылғы Ресей ауылшаруашылық бас басқармасының бастығы Крюков «Қырғыз-қайсақтар –  Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің тікелей ұрпақтары. Олар жер бетінен жойылуға тиіс», — десе, Ресейдің министрлер Кеңесінің төрағасы П.А.Столыпин: «Шыңғыс ханды біз моңғол дейміз. Нағыз моңғолдар – мына қырғыз-қайсақтар. Олар сол Шыңғыс ханнан тарағандар», — депті ол да. Бұл пікірлерде шындық бар. Жошы ханнан бергі дәуірде қыпшақтар (қазақтар) оның тұқымдарымен біте қайнасып кетті, Керей мен Жәнібек өздерін алғашқы қазақ дегендер, қазақ болу осы хандардан басталады емес пе? Қазақ деген азамат, яғни мемлекетке қатысты қолданылған ұғым. Азамат болу – қазақ болу деген мағынаға ие болған. Қазақтар ұл балаларына «Азамат» деп ат қоюы тегін емес екендігін Шоқан Уәлиханов та айтқан.

Сонымен, қазақ халқының төл тарихының кейіпкерлері –  Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір, Бату хан (Сарайшықта жерленген), онымен аралас-құралас та болған Александр Невский, Украина халқы ұлт перзенті деп жүрген Мамай, Алтын Орда ханы Тоқтамыс, Ноғай Ордасының әміршісі Ер Едіге – бәрі-бәрі біздің тарихтың басты кейіпкерлері. Және осы аталғандардың бәрі қасиетті Ұлытай өңіріне тікелей қатысты тарихи тұлғалар. Ұлытау өңірі – тұнып тұрған төл тарихымыз, керемет қасиетті мекен.

* * *

Терең тарихы болған халықтың бүгінгі сауатты ақпарат ғасырында қазақ деген халықтың мемлекеті болмаған деу сауатсыздық па, әлде мақсатқа лайықталған идеологиялық айла-шара ма? Осы жайларды алдымен өзіміз, қазақтар, анықтап алуымыз қажет.

Қазіргі ұрпақ тарихи сабақтастықтың «қыл көпірінде» отыр. Тарихты бар деу де, жоқ деу де – бүгінгі ұрпақ қолында. Ұрпақтың қатерлі шешімге келмесіне кім кепілдік бере алады. Кеңес заманында:

«Біз көшпенділер болғанбыз, нағыз қазақ тарихы Қазан төңкерісінен бастау алады. Біз феодализмнен капитализмді айналып өтіп, социализмге бірден жеткенбіз» деген сандырақ сөздерді маңдайалды деген ғалымдарымыз айтып та, жазып та келген.

Тарихты феодализм, капитализм, социализм деген ұғымдар арқылы түсіндіру мағыналы нәтиже бермеді, себебі қазақ халқы басынан феодализмді өткермеген (осы туралы мақаланы пайдалану керек). Тарих қай заманда болмасын тәрбиені және білімді қажет етеді.  Екеуі бірігіп бастарын түйістіріп барып, тарихи ғылымды қалыптастырады.  Тарихи тәрбие өрістері: миф, аңыз, хикая, ауыз әдебиеті, фольклор.

Тарихи білім осыларды негізге ала отырып, жүйеленеді, сұрыпталады, сөйтіп барып  ғылымға айналады. Бірақ, осы тұста тарихқа кенеттен келіп қосылып, оның ағысын өзгертуге барынша күш жұмсайтын саясат, идеология дейтіндер болады.

Тарихи антология – әмбебап ұғым, ол – халықтың әдет, дәстүрінде, ділінде, дінінде, тілінде, тұрмыс-тіршілігінде табиғи жүріп жатқан құбылыстар. Міне, осы тарихи антологияға саясат үнемі көлденең келіп, түзетулер, тіптен түп-тамырымен қопару әрекеттерін жасап отырады.

Бүгінде қазақ халқының, мемлекеті болмаған деушілер –  бөгде саяси мүддеге қызмет етушілер.

Тарихи антологиямызға зер салсақ, большевик ғалымдардың саяси ойрандары да қауіпті әрі залалды болды. Олардың мақсаты қазақ халқын жойып, «біріккен совет халқы» деген ұғым қалыптастырмақ ниетте болды. Қазақ халқы дегенді атауға болмайтын заман туды. Бәрі – Совет халқы, ал қазақ – тек ұлт қана. Ұлт деген халық емес, халықтың ерекшелігі ғана деп насихатталды. Мысалы, мәдениетте мынадай анықтама берілді, совет халқының мәдениетінің мазмұны – социалистік, рухы – интернационалистік, түрі – ұлттық. Сонда қазақ ұлты деген бір түр, ол келе-келе жойылып, бір экономикаға, бір идеологияға, бір мәдениетке, бір тілге (орыс тілі) негізделген Совет халқы толық қалыптасқанда қазақ ұлты мүлдем жойылып кетпек, осылай деп арнайы коммунистік партия бағдарлама қабылдады. Ол коммунистік насихаттың саяси бағдарламасы болып саналды, коммунизм орнағанда бірыңғай интернационализм болмақ, қазақ ұлт ретінде жойылмақ, олай болса, қазірден бастап қазақ болудан арыла бастау қажеттілігі саяси науқанға айналды. Сол заманның «қаратаяқтары», партия, кеңес басшылары тайлы-таяғымен қазақ болудан бас тарту ісіне кірісіп, балаларын, немерелерін орыс мектептеріне оқытып, олармен орыс тілінде сөйлеуді жаңа заман талабы әрі мәдениеттілік деп санады. Осы психология, өкінішке орай, күні бүгінге дейін сақталып келе жатқаны да шындық. Қазақ болуға, әлі де сенімі жоқтар бар. Тарихи тәрбиенің, тарихи білімнің қажеттілігі де ауадай.

Егемен ел. Бұл қазақ болу заманы. Ұлт болу емес. Осы қарапайым түсінікті қабылдаудың соншама қиын екенін көріп жүрміз, сірә, оның жауабы намыста болса керек. Намысты халық ешқашан жер бетінен жойылмақ емес. Намысты жалаң қылыш етіп ұстаған Махамбет жырларын оқығанда тәубе деймін, жүні жығылған өзгелердің сөзін сөйлеп жүргендерді көргенде «шіркін» деймін. Сірә, уақыт деген сабырлылықты талап ететін даналық па деймін. Ақылымызға сабыр қоссақ, парасат сезім қалыптаспақ. Мен осы парасаттылықтың жастардан шығатынына кәміл сенемін, әсіресе тәуелсіздіктің «үшінші толқынынан» күтер үмітім мол.

* * *

Бүгінде бөгде ақпарат беттерінде де «қазақтардың мемлекеті болмаған» деген түсініктер жиі кездесіп жүр. Бұл – арандатушылық. Қазақтардың арғы тегі түркі жұрты болса, Түрік қағанатын, одан бергіде Дешті Қыпшақ мемлекетін қайда қоямыз. Сөз болып отырған Жошы хан және оның ұрпақтары билік жүргізген Базар Орда, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Ордасы деген аса қуатты мемлекеттер болғанын қайда қоямыз? Қазіргі политология лексикасына салсақ, Орда – мемлекеттің типі. Орданы хан басқарады. Одан әрі өзге басқару институттары құрылады: әскери аристократия, билер билігі, ру-тайпалар көсемдерінің институты т.б.

Жошы хан және оның ұрпақтары басқарған дәуір: XIX ғасыр басында мүлдем аяқталды. Патша жарлығымен 1822 жылы хандық басқару жүйесі жойылды. Содан Россияның бодандығы басталды. Міне, осы кезде XIX ғасырдан бастап қазақ мемлекеттігінен айырылды. Қазақ даласы губернияларға бөлшектелді. Губернаторлар тікелей Ресей патшасына бағынышты болды. Хакім Абайдың «қайран елім, қазағым» деп айтқан дәуірі – осы. Қазақ жұртының келесі дәуірі – Кеңес заманы. Бұл кезде мемлекеттік құрылымның аты бар, заты жоқ болды. Барлық билік толығымен Москваның қолында болды. Елді коммунистер басқарды.

Қазақ халқының жаңғырып, қайтадан мемлекет құру тәжірибесі 1991 жылдың 1 желтоқсанынан басталды. Қазақ халқы өз ішінен Президент сайлады, оны  ұлықтау рәсімі болды. Бұл Хан Ордасында үздіксіз болып келген хандарды ұлықтаудың үзілген жалғасы еді, яғни бұл – ренессанстық құбылыс. Қазақ мемлекеті қайтадан жаңғырды. Тәуелсіз Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі, өзге елдермен құқықтық тең дәрежедегі зайырлы мемлекет.

* * *

Елбасы Ұлытау туралы сөзін түйіндей келе: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз оны білу керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Ұлытау – ғұндардың да, көктүріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер. Өзінің тұрған жері Қазақстанның кіндік ортасы.

Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны, орталыққа келсең –  қалмақтармен соғысқан Аңырақай өткен жер, батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген».

Елбасының төл тарихымыз туралы осындай жүрекжарды сөздеріне орай айтар түйінім: қазіргі мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытылып жүрген  Қазақстан тарихы пәнінің аталуы және баяндалуын дұрыс деп есептемеймін.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытылатын пәннің аталуы «Қазақ елі мемлекетінің тарихы» (История казахского государства) деп аталуы керек.

Тәуелсіз елдің жастары Қазақ елінің мемлекетінің тарихын оқып, патриот боп өсуі –  табиғи жағдай.

Ұлытау бар заманда Ұлықтау өңірі билік ордасы болып, Қазақ елінің нағыз патриоттарын тәрбиелеп өсіретін киелі кіндік мекені болып қала бермек!

 

(Арнайы  «Атырау»  газеті  үшін).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button