Жарнама
Қоғам

ҰЛЫДАН ҚАЛҒАН ҰЛАҒАТ

Екі тараудан тұратын осынау  үлкен том Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтановтың «Ұлт келбеті» очеркімен басталыпты. «Үлесіне Бақ пен Абырой тиген қазақтың ұлттық тұлғаларының бірі – академик Салық Зиманов», — дей отырып, ол кісінің өмірін оқырмандарға қысқа да нұсқа таныстырады. Аға ұрпақтың маңдайына жазылған Ұлы Отан соғысындағы қан кешу, майдандағы жорықтардың кейіпкер тағдырына қатты әсер еткені де баяндалады. Қантөгістің қақ ортасынан елге оралған жас қазақ ғылым жолын таңдады. Сөйтіп, саналы өмірін заң ғылымының қалыптасуына, мемлекет ісіне арнады.

Ол тұңғыш ғалым-заңгер, ғылым докторы, профессор, академик, Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан құрылған Философия және құқық институтының тұңғыш директоры, Ұлттық университетте ашылған Заң факультетінің тұңғыш деканы атанды. Әрине, осыншама абыройдың заңғар биігі оған оңай келген жоқ. Бұның бәрі – ең алдымен, телегей теңіз білімдарлығы, оқымыстылығы, еңбекқорлығының дәлелі. «Ұлттық бостандығымыздың, тәуелсіз мемлекеттігіміздің туын желбіретіп, іргетасын қаласып, тұғырын тұрақтандырып, қабырғасын көтеруге Салық Зиманұлы кәсіби заңгер-ғалым, жанашыр азамат, ұлт патриоты ретінде де белсене кірісіп, мейлінше атсалысты. Ол бірден еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын, реформалар жүргізудегі бастамашылдығын қолдап, оның құқықтық кеңістігін жасауға бастаған үлкен керуеннің кедергісіз жүруіне қолма-қол араласты», — деп толғанады автор.

Аталмыш жинақта Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәмидің «Заң ғылымдарының атасы» атты  мақаласы бар.  «Еліміздің ең қастерлі ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекетке сіңірген айрықша еңбегі үшін академик Салық Зимановтың Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары дәрежелі «Отан» орденімен марапатталуын заңгерлер қауымы аса зор қуанышпен қарсы алып, Елбасының заңгер-ғалымға көрсеткен ықыласын тұтастай құқық қорғау саласына жасалған құрмет ретінде ризашылықпен қабылдады»,- деп басталған мақалада академик Салық Зимановтың кісілік келбеті ашыла түседі.

Қаныш Сәтбаевтың ілтипатына ие болып, сүйікті шәкірті атанған тау тұлғалы абыз жөнінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Ирак Елекеевтің, Парламент Сенатының депутаты, заң ғылымдарының докторы Бауыржан Мұхамеджановтың, Қазақстан Республикасы Ғалымдар одағының Президенті, Қазақстан Республикасы ҰИА академигі, Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Экономика институтының директоры Оразалы Сәбденнің естеліктерінде де Салық Зиманұлының келешекті кеңінен ойлап, Қазақстанның егемен ел болуына, дамуына тікелей үлес қосқан алып тұлға екені айтылады.

«Ғасыр алыбы» деп аталған бірінші бөлімде академиктің 90 жасындағы Ұлы заңгерді ұлықтаған баяндамалар, очерктер, публицистикалық туындылар мен естелік мақалалар оқырман назарына ұсынылған.  Бұл еңбектердің қай-қайсысын алсақ та, заң ғылымының заңғары атанған кейіпкеріміздің асқақ адамгершілігі, қылаусыз адалдығы, патриоттығы кеңінен суреттеледі. Әсіресе, жинақтың құрастырушы-редакторы, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Есберген Алаухановтың «Қазақ заңнамасының патриархы» атты естелігі оқыған жанның көңілін толқытып, кейіпкердің бейнесін биіктетіп жіберетіні айқын.

«Кемеңгер кетіп барады» деген екінші тарау Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың академик Салық Зимановтың қазасына байланысты қазақ халқына көңіл айтқан жеделхатымен басталады. Академик туралы елге елеулі, халыққа қалаулы тұлғалардың айтқан пікірлері, шәкірттерінің қимастығы, жұртшылықтың  ықыласы айрықша көрініс тапқан. Бір сөзбен айтқанда, жинақтың құрастырушы-редакторы өзінің Ұлы ұстазының алдындағы шәкірттік парызын өтеген.

Есберген Алаухановтың «Қазығұрт» баспасынан 2012 жылы шыққан «Әр жылдардағы құқықтық-публицистикалық ойлар» атты кітабына да автордың 1990 жылдан бастап баспасөз беттерінде, газет-журналдарда жарияланған ғылыми мақалалары мен тұжырымдары, әдеби шығармалары, тұлғалар туралы толғаныстары, қоғам қайраткерлері мен әріптес, дос-жарандарының автор туралы ой-пікірлері хронологиялық тәртіппен орыс және қазақ тілінде ұсынылған. Ең алғашқы беттегі ұлылардың айтқан сөздері кітаптың мазмұнын аша түскендей.

«Әзағаң — махаббат жанрының падишасы» атты Әзілхан Нұршайықовтың өмірі туралы мақаласы қалың көпшіліктің жүрегінен орын алары сөзсіз. Жазушының шығармашылық жолы туралы сыр шертетін бұл туынды оқырмандардың жазушыға деген махаббатының заңды көрінісі. «Ұстаз туралы сыр» мақаласы заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану академиясының мүшесі, сол академияның әл-Фараби атындағы сыйлығының лауреаты Елеген Қайыржановқа арналған. Бұл еңбектен шәкірттің ұстазға деген айнымас сезімі көрініс тапқан. Қалтай Мұхамеджанов туралы «Асыл адам айнымас» деген естелігінде сол кісінің кітап жинағыштығын, қазақ әйелдеріне деген құрметін ерекше көрсеткен екен.  Сонымен қатар, «Өсер елдің баласы» атты мақаласы Иманғали Тасмағамбетовтің бейнесін аша түсіпті.

Ал, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәми туралы жазған «Белгілі заңгердің азаматтық бейнесі» деген мақаласында елдің алдында жүрген жоғары дәрежедегі кәсіби заңгердің адамгершілік болмысын, азаматтық ұстанымын оқырмандар алдында жайып салады. Оның өз ісіне шын берілгендігі, білімі мен парасаты жайында толғанады. Бүгінгідей алмағайып заманда біреудің жетістігі үшін қуанып, оны мақтан етіп, кейінгілерге ғибрат қылу екінің бірінің қолынан келмейтіні ақиқат.

Автор – кәсіби заңгер, журналист, ғалым ғана емес, өнер адамдарын іздеп жүретін, жақсылыққа жаны ғашық жайсаң жан. «Сейдолла жай танысым ғана емес, сырласым да болатын» деген туындысы – осының айғағы. Бала кезінен Сейдолла Бәйтерековтің әндеріне ғашық болып өскен ол композитормен танысып, қоян-қолтық араласып кетеді. Екеуінің өнер жайында шерткен сырлары мен айтқан әңгімелерінің бір парасын оқырман назарына ұсына отырып, сазгердің отбасы, ұрпақтары туралы да кеңінен мәлімет береді. Оқыған адам көп нәрсені көңілге түйері даусыз.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button