ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫМЕН
Өткен жылдың 7 қыркүйегінде Елбасы Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпенмен кездесуінде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» тұжырымдамасы ұсынылған болатын. Қытайдан Римге дейін автоэкскурсия осы мақсатта жүзеге асып отыр. Баспасөз мәслихатына Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризм бөлімінің басшысы Қарлығаш Бекбаева, ҚХР Мәдениет және медиа компаниясы директорының орынбасары Янь Вэнмин, Шанси провинциясы қабылдау бөлімінің маманы Джан Лиджун, Қытай телекоммуникация университетінің проректоры Вань Джи қатынасты.
60 күндік сапарды елу адамнан тұратын топ Қытай елінен бастаған. Топ ішінде мәдениет және өнер қайраткерлері, журналистер, Қытай телеарнасының түсіру тобы мен қызметкерлері бар. Жолды-жолсызбен барлығы он алты машина болып жүріп келеді.
— Жиырма сегізінші күні Қазақстанға ат басын тіредік. Ерекше айтатын жайт, Жібек жолы бойында Қазақстанға екі рет оралып отырмыз. Алғашқысында Қазақстанның Алматы облысында болдық. Мұнда Қордай ауданынан қытайлық ата-бабаларымыздың ұрпақтарын кездестірдік. Дүнгендер ауылының тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелестік. Олардың тұрмыстары да жақсы екеніне көзіміз жетті. Екінші рет – Қазақстанның Атырау облысына келіп отырмыз. Бұл – Қазақстанның Ұлы Жібек жолы бойында ең маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Бұған дейінгі әрбір бекетпен салыстырғанда, Қазақстандағы Атырау қаласы ерекше сән-салтанатымен есімізде қалады. Әсіресе, Өзбекстанда көліктеріміздегі жанар-жағармай таусылып, қиналған сәтте қолұшын берген Атырау облысы әкімдігіне ризашылығымыз шексіз. Атыраулықтар біздің шаршап-шалдықпай әрі қарай жол бағытымызды жалғастыруымызға көмектесті, жақсылап қарсылады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған баспасөз конференциясын да біздің телеарнаның түсіру тобы Қытай елінде көрсетеді. Бұл екі елдің арасындағы мәңгілік достықты білдіреді, — дейді Қытай телекоммуникация университетінің проректоры Вань Джи. Қытайдың ССТВ Орталық мемлекеттік телеарнасында 21 жыл жаңалықтар жүргізушісі болып қызмет атқарған ол атыраулық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен әсерлі пікірлерімен бөлісті.
Аталған топ Жібек жолы бойындағы тарихи ескерткіштер мен тұлғаларды біліп, экономикалық, әрі мәдени байланысты нығайту мақсатында жүр. Экспедиция мүшелері Қазақстанға дейін 30 күндік жолды жүрген. Атыраудан кейін олар Ресей арқылы басқа да Жібек жолы бойындағы елдерге жол тартады. Грузия, Греция, Венецияны жүріп өтіп, Италияға ат басын тірейді. Бұған дейін Тараздағы мұражайда, Шымкенттегі «Айша-Бибі» кесенесінде, Өзбекстанның Бұхара, Самарқанд секілді көне қалаларында болған.
Қазақстан, Өзбекстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді суретке түсіріп, бейнетаспаға жазу жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспедиция мүшелері Атырау облысының аумағындағы көне Сарайшық қаласы жайында кең мағлұмат алды. Айта кетейік, топ құрамына Ұлы Жібек жолы тарихын жетік білетіндер іріктелінген. Соның бірі – Сахарамен өтіп, Қазақстанға алғаш жол ашқан Джан Ченнің 67-ші ұрпағы Джан Лиджун. Ол сауда-саттықпен айналысқан Джан Чен атты атасы жайында деректер Қытайдың көп томдық энциклопедиясында кеңінен кездесетіндігін әңгімеледі. Оның айтуынша, қазір белгілі тұлғаның есімі провинцияға берілген, әрі ескерткіш орнатылған. «Осыдан үш-төрт мың жыл бұрын басталған Ұлы Жібек жолының дамуына қосқан атамның үлесі зор. Сондықтан, ұрпағы ретінде аталған автоэкспедицияға қатысуды өзімнің міндетім санадым», — дейді ол.