Ұлы дала тарихы ұлағатқа толы
Тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғаудың халықаралық күні қарсаңында Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Мұхамбетқали КИПИЕВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.
— Әңгімемізді, алдымен, облыстағы ескерткіштердің жағдайын сұраудан бастасақ.
— Қазіргі кезеңде облыс бойынша төрт республикалық және 313 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мемлекеттік тізімге енгізілген. Бұған қосымша 499 нысан тарихи-мәдени мұра объектісі алдын ала есепке тіркелген.
Осы тұста ескере кетер бір жайт, облыс аумағынан жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін (ескерткіштер – Р.Ө.) анықтау ісін соңғы екі-үш жылдықта инспекция мамандары өз күштерімен жүргізуде. Себебі, кеңестік кезеңде және одан кейінгі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жергілікті мамандардың жоқтығынан, облыс көлеміндегі ескерткіштерді анықтау ісін Мәскеу мен алматылық зерттеушілер атқарған болатын. Сондықтан, инспекция – республикадағы өзге әріптес мекемелердің ішінен, өз мамандарының күшімен (лицензияны талап ететін археологиялық ескерткіштерді зерттеуді есептемегенде) жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мен есепке алу жұмыстарын жүргізіп отырған санаулы мекеменің бірі. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының материалдық-техникалық және қаржылай қолдауы арқасында ғана жүзеге асырылып жатқандығын баса айтқан жөн.
— Жаңадан тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, табу қандай деңгейде жүріп жатыр?
— Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2014 жылдың қаңтарында облыстағы алдын ала есепке алу тізімінде тұрған объектілердің саны 288 болса, бұл сан 2015 жылдың басында 371-ге, 2016 жылы 499-ға жетті. Көріп отырғаныңыздай, облыс аумағынан жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра нысандарының саны жыл санап өсуде. Өткен жылы инспекция мамандарының арнайы зерттеу жұмысы бұрын аз зерттелген Жайықтың сол жағалауындағы Махамбет, Индер және Қызылқоға аудандары аумағының бір бөлігіне жүргізілді. Нәтижесінде бір айдай уақыт ішінде 1500 шақырымға жуық жол жүріліп, барлығы 112 тарихи-мәдени мұра объектісі анықталды. Оның ішіндегі бір ғана 96 ансамбльден, яғни, 96 қорымнан барлық саны 504 нысан: мазарлар, кесенелер, құлпытастар және өзге де қабір үсті белгілері есепке алынып, құжатталды.
Сондай-ақ, мекеме мамандары өткен жылы инспекция тарихында тұңғыш рет өз күштерімен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде тұрған Жылыой ауданындағы «Қайнар» діни-тұрмыстық кешеніне түгелдей құжаттау жұмыстарын жүргізгендігін де айта кеткен жөн. Нәтижесінде, қорымда анықталған 585 (оның ішінде 12-і тұрғын үй, мешіт және т.б. құрылыстар – Р.Ө.) тарихи-мәдени мұра обьектісінің паспорты мен есепке алу карточкасы жасақталды.
— Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалуы мен сақталуы бағытындағы жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз?
— Мекеме бұл бағытта жыл сайын ескерткіштердің жағдайына мониторинг жүргізуді қолға алды. Мысалы, мониторинг 2014 жылы төрт республикалық және 313 жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне жасалса, 2015 жылы алдын ала есепке алу тізімінде тұрған объектілерге жүргізді.
— Өздеріңізбен бірге Индер ауданының Құрылыс ауылы маңындағы далалық қазба жұмыстарына қатысқан да болатынбыз…
— Сіздің былтырғы көрген қазба жұмысыңыз Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен және Қазақстандағы белгілі археолог-ғалым А.Бейсеновтің жетекшілігімен жүргізілді. Бұдан басқа біз, инспекцияның жылдық іс-шаралар жоспарына сай, Индер ауданындағы ерте темір дәуіріне жататын «Қызылқабақ» қорғанына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастырдық. Қазба жұмыстарын мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы алматылық «Археологиялық сараптама» ЖШС атқарды.
Биіктігі – 3 метр, диаметрі 110 метр болатын бұл қорғанға археологиялық қазба жұмысы алғаш рет 2014 жылы инспекцияның тапсырысымен қолға алынды. Қазба барысында табылған артефактілер облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.
— Естуімше, тағы бір тың бастаманы қолға алған екенсіздер, осы жөнінде айтып өтсеңіз…
— Инспекция жұмысында қолға алынған келесі бір жаңа бастама – ескерткіштердің тарихына қатысты деректерді іздестіру мен зерттеу бағытында жүзеге асуда. Өйткені, ескерткіштің тарихы облыс тарихы мен мәдениетінің ажырамас бір бөлігі екендігін баса айтқан жөн. Сол себепті, 2014-2015 жылдары Атырау өңірінің тарихы, археологиясы мен этнографиясына қатысты деректерді іздестіру және жинақтау мақсатында Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань қалаларына археографиялық іссапарлар ұйымдастырылды. Іссапар барысында Ресейдегі ең ірі орталық архивтер мен кітапханаларының қорларында жұмыс істеуге мүмкіндік туды.
Археографиялық ізденіс барысында аталған ғылыми ұйымдардың қорларынан отандық тарихшылардың назарына ілікпеген Атырау мен Қазақстанның батыс өңірінің тарихы мен мәдениетіне қатысты (мәтіндік құжаттарды есептемегенде), жаңадан бірнеше құнды фото және иллюстрациялық деректерді анықтадық. Олардың ішінде қазіргі ескерткіштер тізіміндегі Ескі Гурьев қаласының, Сарайшық қалашығының, Жылыойдағы Қызылқала қалашығының ХІХ ғасырдағы жоспарлары, Құлшан ата мен Ақмешіттегі Бекет ата жерасты мешіттерінің сызбалары, сондай-ақ, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қарашүңгіл, Ұшқан ата қорымдарының және өзге де ескерткіштердің фотосуреттері бар. Қазіргі кезеңде осы анықталған деректердің бірқатарының көшірмелерін алу жоспарға енгізілді.
Соңғы бір айта кетер жайт, мекеме биылғы жылғы жоспарына ескерткіштер бетіндегі ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде араб әрпімен жазылған мәтіндерді арнайы оқуды енгізді. Өйткені, мазар мен құлпытас бетіндегі жазулар біздің ата-бабаларымыз туралы бірден-бір мәлімет беретін «далалық» архивтік дереккөзі болып табылады. Осыған орай, биылғы жылғы инспекция жұмысының негізгі бағыты да осы Ұлы даламыздың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауға арналмақ.
— Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Рита ӨТЕУҒАЛИ.