ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ МЕРЕКЕСІ

Құрметті атыраулықтар!

Баршаңызды ұлттық мерекеміз – 

Тәуелсіздік күнімен шын жүректен 

құттықтаймын!

Осыдан 22 жыл бұрын еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған болатын. 

Ширек ғасырға таяған тәуелсіздік тарихында еліміз қиын жылдарды бастан кешіп, мемлекет құру жолында аса қажет реформаларды қабылдап, тарих таразысымен өлшесек, аз уақыттың ішінде Қазақстан мемлекеттілігі қалыптасты. Қалыптасып қана қойған жоқ, әлем елдеріне жол көрсетіп, жөн айтатын ордалы жиындар өтетін орталыққа айналды. 

Демек, әлемдік қауымдастық Қазақстанның даму жолын толық мойындады. Бұл даму жолының авторы – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саяси тұлғаға айналды. Елбасы елін көтерді, елі Елбасын көтерді.

Бүгінде әлем Қазақстанды этносаралық, конфессияаралық толеранттылықтың бірегей үлгісін қалыптастырған және ядролық қарудан бас тартқан бейбітшіл ел ретінде мойындайды. Мемлекетіміз әлемнің 140-тан астам елімен дипломатиялық, одан да көп елімен экономикалық байланыс орнатқан. 

Осының барлығы, ардақты ағайын, болашағымыз үшін қоғамдық келісімді сақтап, барлығымыздың мемлекетімізді нығайтуға қолымыздан келгенше күш жұмсап отырғандығымыздың арқасы деп ойлаймын.   

Бағамдай қарасақ, тәуелсіздіктің халыққа бергені көп. Ең алдымен, тәуелсіздігіміз тынысымызды ашты, көкжиегімізді кеңітті

Кез келген халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат байлық жоқ.

Осы егемендіктің жиырма екі жылында өз қолымызбен жасаған игілікті істерді жоғалтпай, оларды жасампаздықпен жалғастыру – баршамыздың бабалар рухы алдындағы қасиетті парызымыз екенін естен шығармайық.

Елбасы айтқандай, тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз

Көк байрағы желбіреген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай, ағайын. Отбасылары-ңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке, шаттық тілеймін. 

Ұлттық мереке құтты болсын!

Атырау облысының әкімі 

Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз