Жарнама
Қоғам

«ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ»

 — Фариза ақынмен ең алғашқы таныстығыңыз?

— Фариза Оңғарсынова – ұлтымыздың ұлы ақыны. Ұлылық – әлдекімдер  қолдан бере қоятын атақ емес, Құдай берген, табиғат сыйлаған туабітті талантын туған елдің игілігіне бағыштаған адамға өз халқының  мәңгілік сыйы, биік мәртебесі десек болар еді. Фариза ақын осы биік мәртебеге қолы қаламға тиісімен ие болды да, өле-өлгенше сол биіктен бір ретте төмен түскен жоқ. Жастайынан қиындық, жоқшылық көріп өсу – ақындардың әуел баста маңдайына жазылған тағдыр-талайы сияқты. Ақын бұл жайларды өз өлеңдерінен көп аңдата қоймаса да, өмірбаян тізбектерінен, жекелеген эсселерінен сол жылдардың күңгірт ізі «мен мұндалап» тұрады. Қиындық адамды қайсарлыққа жетелейді, намыс-жігерін оятады, өзі қатарлы ешкімнен кем болмауға, бәлки, тіпті, асып түсуге талпынтады.  Көрешекті туған халқымен бірдей көріп,бақытты күндерін де елімен бірге бастан кешкен Фариза ақынның жыр-жүрегі қайсарлыққа толы еді. Фариза ақынның кей-кейде  мінезінен, өлеңдерінен көрініп қалатын қатқылдық – сол жылдардың ізі, Фариза ақынның жырларындағы шабыты шуақ шашқан жолдар елінен, жерінен,өзі асқан ізетпен табалдырығынан аттаған қазақ әдебиетінен көрген құрметтің айқын белгісіндей жарқырап тұрды.

…1970 жылдардың басында  Индер аудандық «Индер» газетінде  бөлім меңгерушісі болып істеп жүріп Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, атақты Олжас Сүлейменовтің өкіл әкесі Әбдіуәли Қарақұловқа хат жазып, жұмысқа қабылдауын өтіндім. Ол кісі маған жауап қайырды. Сөйтіп, Алматыға жол тарттым. Әбекең:  «Әзірше корректор болып істей тұр, алты айдан кейін әдебиет бөліміне ауысасың», — деді. «Аға, бөлім меңгерушілігінен келіп, корректор болып істей алмаймын» дедім. «Ойлан, бала» деп  ақсақал қалды. Осымен газетшілік қызметім мүлде тоқтап, кейін мәдениет саласына, теледидарға қызмет етіп кеттім. Әбекеңнен шыққасын Меңдекеш ағаны тауып алдым. Ол «Мәдениет және тұрмыс» журналында жауапты хатшы еді. Штат жоқ, әрине. Фариза апаға бардым. Ол – «Пионер» газетінің Бас редакторы. Мінезі шәлкем-шалыстау секілді көрінді. Балалаумын ба, ығысыңқырап қалдым.

— Өлеңдерің бар ма, әкелген? —  деді апам.

— Бар еді…

Бір аптадан кейін айқара бетке менің «Біржан салдың домбырасы» деген балладам жарық көрді. Ол кезде мен мәдениет саласына қызметке орналасып кеткем. Барып алғысымды айттым. Осы жолы апам маған кәдімгідей жылылық танытып, жанашырлығын көрсетіп отырды, кейін кейбір кездесулерге апарып, Одақтың азаматтарына таныстырып: «Біздің газетке балладасы шықты, оқыдыңдар ма? Ақын жігіт» дейтін. Мен үшін ол заманда бұдан артық марапат пен мақтаныш жоқ еді. Сөйтіп, алғашқы апыл-тапыл ақындық жолымда Фариза апаның кездесуі менің болашағымды анықтап беріп еді. 

— Ақынның қандай қасиеті Сізді тәнті етті?

— Қайталап айта беретін бір естелігім бар…

Атақты режиссер Болат Атабаев айтады:

«1983  жылы  бір мектепке кездесуге бардық. Мектеп директоры  өз сөзінде келіссін-келіспесін «кемеңгер Ленин, кемеңгер Лениннің арқасында» деп  қайталап қоймады. Бір кезде Фариза апай жұлып алғандай:

— Сол кісінің кемеңгерлігіне күмәнім бар, — деп саңқ етсін. Зал толы жұрт жым-жырт. Әйтеуір,  сөз кезегі маған келіп қалып әлгі кенеттен туған «қолайсыздықты» басқа арнаға бұрып әкеттім. Кейін көпке дейін КГБ қашан шақырар екен деп шошынып жүрдім». Бұдан шығатын қорытынды – ақын сол кездің өзінде-ақ өз заманының бүге-шігесін аса бір ақындық  ұлылықпен  түйсініп, айқын сезінген. Әйтпесе, қанша ессіз болса да, ол Фаризадай алып ақыл иесінің айтар сөзі емес еді ол кезең. Қазір ғой, бәрі батыр. Президентіңді жерден алып , жерге салып жатқан демократия.

Осы арада айта кету керек, адам қандай ұлы болса  да,  өз кезеңінің құлы. Көзін «Ленин», «Коммунистік партия» деп ашқан, сырт елмен онша-мұнша араласы жоқ алыстағы Манаш дейтін кішкене бір ауылда  өскен қыздың кейін жаңағыдай жарып шығар пікірі  бірден дүниеге келген жоқ. Оның бәрі кейін ғой… кейін. Оған дейін Фариза да Ленинді жырлады, өзі коммунистік партияның мүшесі болды, сөзін сөйледі, жырына қосты. Бірақ, осы жырларда бір өзгеше тазалық сезім болатын, соған қарағанда, Фариза ақын сол жүйені өзінің періштедей пәк күйімен қабылдаса керек деп ойлаймын. Сондықтан да, аса шеберлікпен, шынайылықпен жазылған сол жырлар еш  уақытта өз құнын жоймайды, біздің апамыздың өлең-тарихындағы жақұт жырлардың қатарында жарқырап тұра береді.

— Өмір жолыңызда Фариза апаның қамқорлығын көп көрді дейді Сізді?

—  Апа мен секілді талай ақын-жазушының жүрегіне арман отын жақты, оның жол-жөнекей әлдебіреулердің кесірінен өшіп-сөніп қалмауын қатты қадағалап отырды.Фариза Оңғарсыновадағы ұлылықтың бір ұшқыны осы еді, ол өзінің өршіл мінезімен өзгелерді де тәрбиелеп отырды, алға жетеледі. Басымды бұлт  торлаған бір замандар болды. Сонда мен Фариза апаның бүкіл болмысынан ғалым Қадыр Жүсіп айтқан Жанна д, Аркті көргем…

Сонау 1985 жылдары газет пен теледидарда: «Біздің сот жүйесі әділетсіз. Қойшығұл Жылқышиев деген ақын жігітті жазықсыз соттап жіберді» деп жер жаңғырықтыру үшін қаншама батылдық, көзсіздік керек?!  Ол коммунистер заманы, ол кездің сара саясатынан тайқып, басқа пікір айтуға мүлде жол берілмейтін. Апам бәрібір таймады. Ақыры, мені тар қапастан алып шықты. Соған 6 жыл кетті, ол алты жыл бойы алмас қылышын қынына қайта салмай қойды. Сөйтіп, жеңіске жетті. Әрине, сөз дәл қазір Фариза апа туралы болғасын, мен үшін қызмет еткен басқа да батыр азаматтарды бұл арада толық атап шығуым міндет емес шығар. Сол күрескерлердің  бас сардары – Фариза  апам…

— Фариза апаның аманаты қандай еді?

— Қазір «революция» деген сөздер шошытатын болды. Бірақ, поэзиядағы революция тек қана жаңашылдықты, рухани жаңғыруды және өшпейтін өршілдікті орнықтырады. Фариза поэзиясындағы революция қазақтың қалыпты қара өлеңін жаңа заманның ұрпақтарына лайықтап  берді. Жаңа буын, ырғақ, құдіреті күшті, керек десеңіз, қаһарлы, асқақ, қазақтың батырлық рухын бейнелейтін жыр жолдары пайда болды. Бұрынғы поэзия Фариза апамыздың революциясымен  жаңа жарқылмен асқақтады, аспандады. Осы уақытқа дейінгі қазақ поэзиясындағы корифейлерден Фариза ақынның артықшылығы, бүгіндері  қорықпай, қысылмай айтуымыз керек, ұлылығының бірі осында еді. Қазақ өлеңінің дамуына әр ақын осылай үлес қосса, біз әлдеқашан әлемдік дәрежеге көтеріліп кеткен де болар едік.

Сонымен қатар, Фариза ақынның өлеңдік өмірбаянында қалмай айтылып келе жатқан бір тақырыптар бар. Ол – Фаризаға дейінгі ақын қыздардың өлеңдерінің түр-тұрпаты,мазмұны десек, сондай-ақ, Фариза кезеңіндегі қыздардың ішкі дүниесін, нәзік сезімдерін ашық жырлау. Бұл дәстүр де Фаризадан бастау алады және ерлер поэзиясы, қыздар поэзиясы деген шекаралық ұғымға орын қалдырмайды. Бұрын ер ақындар ғана «сәулем-ай», «қалқам-ай»  деп  қыздарға өлең арнаса, енді қыз ақындар да ерлерге өз сезімдерін жасырмай жырлай алатын болды. Әрине, әлдебіреулер ойлағандай бұл жырларда еш анайылық жоқ еді, Фариза дүниедегі ең нәзік,  тылсым,  ең  табиғи сөздерді тапты,сөйтіп мыңдаған қыздардың жан сезімдерін алдыңғы қатарға шығарды, өзі де қалың халықтың сүйіктісіне айналды. Поэзияда мұндай ұлылықтан басқа не керек, мұндай революциядан айналмайсың ба?!

Фариза –көзінің тірісінде ұлылық  тауына шыққан адам. Атақ, дәреже, даңқтың бір кісідей дәмін татты. Арман бар ма еді Фариза ақында? Бар еді. Жай пенде ретінде елінің тыныштығы мен бақытын ойлағаннан басқа, ақын ретінде артына қатты қарайлайтын. Халықаралық «Шабыт» фестиваліне жиналған жас ақындардың ішінен өзіне, қазақ поэзиясын жаңа түрмен, өзі секілді рухпен жалғастыратын ақын қыздар іздейтін. Тапқан да сияқты. Елге келсе Әлия Дәулетбаеваны, Бақытгүл Бабашты, Сәулеш Шәтенованы, Гүлзада Ниетқалиеваларды іздейтін. «Кәне, мені жастармен кездестірші» дейтін маған елге келгенде. Республиканың түкпір-түкпірінде талай шәкірттері бар ғой апаның. Бірақ, болашақты осы ақын қыздардан көретін еді Фариза апа. Сол аманат, сол арман – осы ақын қыздардың мойнында.

Ақын арманы орындалар дейміз. Былтыр Фариза ақынға арнап Атырау облысында апталық өтті. Осы уақытқа дейін бірде-бір ақын осындай ел құрметіне ие болған жоқ. Республикалық жас ақындардың жабық мүшәйрасын дайындағанда Ережесіне «Ұлтымыздың ұлы ақыны» деп бастап жазғам, сол сөзді газетке шыққанда әлдебіреу «көрнекті ақыны» деп өзгертіп жіберіпті. Біздің қазақтың өмірден өткен адамға да лайықты атағын қимайтынын, қызғанышы болатынын осыдан-ақ көруге болады. Фариза – қазақ поэзиясындағы ұлы ақын. Оны газеттен сызып тастағанмен, қазақ поэзиясының тарихынан, халық жүрегінен ешкім өшіріп тастай алмайды!

Әңгімелескен Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button