ҰЛТТЫҚ СПОРТ – ҰЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ
— Өткен жылы Атырауда Ұлттық спорт түрлері клубы ашылған еді. Қазір бұл клуб қалай жұмыс жасап жатыр?
— Иә, бұл облыс тұрғындары үшін өте жағымды жаңалық болды. Қазіргі таңда Атырауда ұлттық спорт қарқынды дамып жатыр деуге толық негіз бар. Әсіресе, көкпар, құсбегілік, теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, бәйге жарыстары сынды ұлттық спорт түрлері жандана түсті. Көкпардан командамыз құрылып, ел чемпионатына да қатысып келдік.
— Бұл ел додасында қандай нәтиже көрсеттіңіздер?
— Ат спортының өзге түрлері секілді, көкпар да облысымызда кенже қалып келгені жасырын емес. Ел чемпионаттарына, түрлі деңгейдегі жарыстарға, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарына үнемі атыраулықтар қатыса алмай жүретін еді. Ал, өткен жылы бұған мүмкіндік туды.
Түркістан қаласында еліміздің әр түкпірінен 16 команда қатысқан додада атыраулық команда алты кездесуде астаналық және алматылық көкпаршыларға ғана жол беріп, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ал, жастар командасы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында өткен ел біріншілігінде өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізе білді. Бұл атыраулық көкпаршылар үшін алғашқы сын еді.
Алдағы уақытта көкпаршыларымыз жоғары белестерден көрінеріне сенім зор. Айта кетсек, сәуір айының аяғында Шымкент қаласында көкпардан Азия ойындарына іріктеу жарысы өтеді. Сол додаға қызу дайындық үстіндеміз.
— Жергілікті көкпар командасының негізгі құрамын атыраулықтар құрайды ма?
— Жоқ, қазір команда сапының басым бөлігінде — оңтүстікқазақстандықтар мен жамбылдықтар. Ал, Атырау азаматтарының ішінен Ақжол Нұрлыханов пен Әсет Дәулетті ерекше атап өтер едім.
— Неліктен?
— Атыраулықтар арасында бұл спорт түріне деген қызығушылық зор. Алайда, ат спортының қыр-сырын меңгеру, аттың құлағында ойнап, дүлдүл шабандоз болу — кез келгеннің қолынан келмейтін іс. Сондықтан, ұлттық спорт түрлерін насихаттау нәтижесінде 60-70 адамның ішінен тек үш-төртеуін ғана іріктеп алдық. Олардың ептілігіне, аттың құлағында ойнау қабілетіне, күштілігіне, шапшаңдығына мән бердік.
Биыл да бұл істі қолға алмақпыз. Ең бастысы, кәсіби шыңдалған көкпаршылардан тәжірибе жинақтау маңызды. Осы орайда, біз жаппай көкпар жарысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Әдеттегідей командалық топпен екі қазандыққа емес, бір ауылдан 30-40 ат шығып, ортақ серкені бір қазандыққа салады. Жаттықтырушы Төлеген Құлпейісов те Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы шақырту арқылы келді.
— Қазақ «Ат – ер қанаты» деп жылқыны жеті қазынаның біріне балаған. Көкпарға атты қалай таңдайсыздар? Және қайдан аласыздар?
— Көкпарға қатысатын сәйгүліктер мықты болуы керек. Сондықтан, таңдағанда да олардың күштілігіне ерекше мән берген жөн. Бәйгеде ағылшын сәйгүліктері, араб тұлпарлары мықты болса, жылқының жүйріктігі мен жігіттің күштілігі қатар сыналатын көкпарда қызуқанды аттар алдына жан салмайды. Олардың күтіміне де ерекше мән береміз. Қазір бізде 22 ат бар.
— «Атырауда ипподром салынады» деген хабар тарағанына екі жылдай уақыт өтті. Алайда, білуімізше, әлі құрылысы да басталған жоқ…
— Қазір бұл алаңды салуға жобалық-сметалық құжаттар жасақталып бітті. Жоспар бойынша Бесікті ауылы маңынан жер бөлініп, биыл құрылысы басталады деп күтілуде. Егер жұмыс жоспарға сай жүргізілсе, көп ұзамай бұл игілікке де қол жеткізіп қалуға үміт зор. Бір қуантарлығы, атшабыс алаңын салуды облыс басшылары қолдап отыр.
— Ал, саятшылық өнерде қандай жаңалықтарыңыз бар? Өткен жылы Астанада сегіз елдің бүркітшілері қатысқан халықаралық фестивальда үлкен жетістікке жеткен едіңіздер ғой…
— Бұл жарыс Венгрия, Чехия, Словакия, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия және Қазақстан бүркітшілерінің басын қосқан еді. Мұнда «Нарын» атты бүркітіміз жеңіске жетті. Бұған дейін 12 жастағы «Тастүлек» екі мәрте ел чемпионы атанған болатын. Бұдан басқа «Каспий» атты бүркітіміз бар.
— Облыс көлемінде ұлттық спорт түрлеріне деген көзқарас қандай? Жарыстар өткізу жөнінде бастама көтеріп, ұсыныспен келетіндер бар ма?
— Иә, бір қуантарлығы – сол. Әсіресе, Қызылқоға және Құрманғазы аудандары бұл бағытта белсенділік танытуда. Жарыстарға бәйге тігуге де демеушілер табу қиынға соқпайды. Алайда, ұлттық спорт түрлері әлі де қолдауды қажет етеді.
Оны дамыту тек жекелеген адамдар үшін ғана емес, бүкіл облыс халқы үшін қажет. Өйткені, оның астарында тарихты, мәдениетті қадірлеуге баулитын тәрбиелік мән жатыр. Сондықтан, өз құндылықтарымызды өзіміз ұмытпауымыз керек. Өзіміз қолға алмасақ, ешкім дамытпайды.
Сұхбаттасқан
Айгүл СОЦИАЛҚЫЗЫ.