ҰЛТТЫҚ ҰЛАН – ЕЛ АЙБЫНЫ

Ұлттық ұланға айнал-ған бұрынғы Ішкі әскеріміздің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Осы орайда өңірімізге ат басын тіреген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, полковник Мұхамет-қали САТОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Мұхаметқали Құсайынұлы, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ұлттық ұланның орны зор. Ендеше, алғашқы сауалымыз, оның жауынгерлік тарихына қатысты. Әңгімемізді Ұлттық ұланның жүріп өткен жолдарынан бастасақ. 

–  Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді әрдайым басты назарда ұстап, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөліп келеді. Жауынгерлік тарихымыз 1992 жылдан бастау алады. Ұлттық ұлан жеке құрамы өздері жүріп өткен 23 жыл ішінде заман талаптарына сай толық қалыптасты.

Алайда, жасыратыны жоқ, тәуелсіздікті иеленген кезде өтпелі кезеңнің уақытша қиыншылықтарының құрсауында қалғанымыз рас. Басқаны айтпағанның өзінде алғы шептегі әскери бөлімшелерде қарапайым ғана электр жарығының болмаған кездерін бастан өткіздік. Елге адал қызмет етіп, Отан қорғауды ең қастерлі қызмет санаған азаматтарымыз мұндай жағдайларға төзімділік танытты. Олардың күнделікті қызметтік іс-әрекеттерін жүзеге асыруға қажетті барлық ғимараттар бұзылмастан сол қалпында сақталды. Тех­никалар мен қару-жарақтарымыз талан-таражға ұшыраған жоқ. Мемлекет тарапынан Өскемен, Курчатов және Степногорск қалаларындағы аса маңызды объектілерді күзету тапсырылды. Мұнан өзге бірқатар түзеу мекемелері мен ел үшін маңызды нысандардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Бірнеше жылдан кейін Ішкі әскеріміздің жаңа атауға ие болуы көпшілікті қызықтыратыны сөзсіз. Бұл түзетулер бізге не берді, қандай жаңа міндеттерді жүктейді?

– Ұлттық ұлан деген атаулы құрылымдар әлемдік тәжірибеде бар. Осы негізде ішкі әскердің заңды ізбасары ретінде Қазақстанда Ұлттық ұлан дүниеге келді. Нәтижесінде жүктелген міндеттемелердің аясы кеңейді. Мәселен, бұрын Ішкі әскер құрамы мемлекеттегі құқықтық тәртіпті күзетіп, маңызды нысандарды қорғайтын әскер күші ретінде қолданып келсе, бүгінде олар төтенше жағдайлар кезінде де құтқару шараларын тікелей жүзеге асырады.

Тағы айта кетерлігі, Ұлттық ұланның сапында арнайы жасақталған бітімгерлік әскери бөлімше бар. Бұл ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымына мүше мемлекеттердің жедел әрекет етуші күштерінің құрамына кіреді. Яғни, Ұлттық ұлан Қазақстан тарапынан халықаралық бітімгерлік міндеттемелерді атқаруға атсалысады. Мемлекеттік шекараны күзету ісіне көмектеседі.

Сондай-ақ, өзара ынтымақтастық, сенімділік және іскерлік қарым-қатынастарды қалыптастыруды ұстанған Ұлттық ұлан –бірқатар халықаралық ұйым мен кеңес­тің тұрақты әрі белсенді мүшесі. Әрі ТМД-ға мүше мемлекеттермен, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасы және Түркиямен өзара ынтымақтастық орнатылған.

Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – мемлекеттің ішкі-сыртқы тұрақтылығы. Олай болса, сыртқы қауіп-қатерді алдын алу үшін халықаралық деңгейде қамдануды әрі жеке құрамның ұдайы кәсіби біліктілігі мен жауынгерлік даярлығын арттырып отыру қажет. Осы орайда не айтар едіңіз?  

– Дұрыс айтасыз. Елімізге нұқсан келтіретін кез-келген қауіп-қатер түріне дайын болу, оған  қарымды тойтарыс беру үшін Ұлттық ұланның басқару орнының ықпалын көтеру, жеке құрамның техникалар мен қару-жарақтарды жетік меңгеруіне күш салу, сарбаздарды оқытып-тәрбиелеу, жауынгерлік дайындықты қашан да биік деңгейде ұстау – айрықша назарда. Өйткені, әскери мамандардың кәсіби білік­тілігін үнемі жетілдіру–жинақы да ұтқыр, білікті де білімді армия құрудың кепілі. Ол еліміздің ұлттық мүдделерінің сенімді қорғалуына негіз болмақ.

Өткен жылы Ұлттық ұлан құрамалары есірткі, қару-жарақ трафигіне, лаңкестік ұйымдардың іс-әрекетіне қарсы тұру мақсатында еліміздің күш-қуат орындары, Қарулы Күштерінің бөлімшелерімен, сондай-ақ, ТМД, Еуразиялық экономикалық қауымдастық  және ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы шарттарының аясында көрші мемлекеттердің құқық қорғау орындарымен бірлескен дайындық-жаттығу операцияларына қатысты.

Сондай-ақ, жауынгерлік бөлімшелердің банды құрамаларын жою бойынша нақты арнайы міндеттерді атқаруы тәжірибеде бар. Бүгінге дейін қарулы қақтығыстарда ұландықтар кәсіби шеберліктерінің арқасында адам шығынына жол берген емес. Нәтижесінде арнайы бөлімше қызметінің құрамы мемлекеттік наградаларға ұсынылып, бірқатар марапаттарға ие. 

– Әскерилердің қылмыспен күрестегі жауынгерлік қызметі жөнінде айтып өтсеңіз.

– Өткен жылы Ұлттық ұланның жеке құрамымен республика аумағында барлығы 55 мыңға жуық құқық бұзушылық әшкереленсе, олардың үш мыңға жуығы әр түрлі деңгейдегі қылмыстық оқиғалар. Сонымен қатар, есірткі трафигінің 126 дерегі ашылып, жеті келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Заңсыз ұсталған 228 қару анықталып, қолдан алынды. Ал, түзеу мекемелерінен екі қашу оқиғасына тосқауыл қойылып, аталған мекемелерге тиым салынған заттарды өткізудің 85 дерегі анықталды. Екі оқ-дәрі, 1707 ұялы телефон, екі млн. теңгеге жуық қаражат, 2451 кесу құралдары, 696 литр спирттік өнімдер, 4 келіге жуық есірткі және 39 жат пиғылдағы діни-нанымдық әдебиеттер тәркіленді. 

Осы тұста айта кету керек, өткен жылы Ұлттық ұланның жедел бригадасына арнап заманауи әскери қалашық салынды. Әскерилердің тыныс-тіршілігі үшін инфрақұрылымы жоғары деңгейде қарастырылған мұндай қалашық ТМД-ның ешбір аумағында жоқ.

Ұлттық ұланға офицер кадрлар қайда дайындалады?

– 1997 жылы жоғары әскери арнайы бiлiмдi офицерлердi дайындау мақсатында елімізде Ұлттық ұланның әскери институты құрылды. Онда тиiмдi оқуға және сапалы жоғары бiлiм алуға қажеттi жағдайлар жасалған. Оқу мерзiмi – төрт жыл. Курсанттар үш мезгiлдi тегiн тамақтанумен, ақшалай үлеспен,  киiм-кешек жабдығымен, қажеттi оқу әдебиеттерiмен қамтамасыз етiледi. Оқыту бағдарламасына сәйкес курсанттарды электронды есептеуіш машина операторы және «ВС» санатты жүргiзушiсі ретінде дайындау қарастырылған.

Жыл сайын емтихан мен сынақтарды сәтті тапсырған курсанттар мен тыңдаушыларға (жазда 30 тәулiкке және қыста 14 тәулiкке) каникулдық демалыс берiледі. Оның барып, келу жолақысы тегiн.

Курсанттар он жылға әскери қызметтi өтеу туралы келiсiм-шартқа тұрады. Институт түлектерiне «лейтенант» әскери атағы және алған мамандығына сәйкес белгілі бiлiктiлiгі берiледi.

Әскери институтқа түсетiн үмiткерлердiң жеке iстерiн аймақтардағы ішкі істер департаментінің қорғаныс iстері бойынша басқармалары  оқуға түсетiн жылдың 10 маусымынан кешiктiрмей жiберуі тиіс. Қосымша сұрақтармен қабылдау комиссиясының (8-7152) 40-00-30 нөміріне немесе www.vivv.kz, pvvu.vv@mail.ru. электронды мекен-жайына  жүгінуге болады. 

– Әңгімеміздің соңын патриотизм ұғымымен жалғасақ. Ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі болып табылады емес пе!? Патриотизмнің бастауы неде деп ойлайсыз?  

– Өткен аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет етіп жүрген жауынгерлермен лайықты жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылдары жауынгерлік міндеттерін атқаруда адалдық танытып, қауіпті қылмыскермен күресте өз өмірлерін ажалға тігіп, ержүректілікпен танылған жауынгер Ербол Отарбаев, кіші сержанттар Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров, қатардағы жауынгерлер Нұрасыл Мүбәраков пен Алтынбек Қабылбековтар жоғары мемлекеттік «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарына ие болды. Биыл Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицер, майорлары, атыраулық Ринат Жұмалиев пен Салауат Қабдықұлов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Олар өрт кезінде адам өмірін сақтап қалған еді.

Міне, мұның барлығы – Отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі. Бұл азаматтарды ерлік жасауға итермелеген –бойларындағы терең патриоттық сезім. Отанын сүйген азамат қана елін асқар мұраттарға жетелемек. Патриотизмнің қайнар бастауы да – осылар.

– Тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз