ҰЛТТЫҚ ТАРИХҚА – ЖАҢАША КӨЗҚАРАС
Соған сай барлық өңірлерде Ұлттық тарих жөніндегі облыс әкімі жанындағы кеңес құрылып, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалық етуімен жуырда оның алғашқы отырысы өтті. Кеңес ұлттық тарихты зерделеудің мақсаты мен міндеттерін белгіледі. Облыстық мәдениет басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Әділғалиевтың айтуынша, мұндағы негізгі мақсат – Қазақстанның тарих ғылымына сапалық серпіліс жасау. Бұл бағытта жасалатын жұмыстар ұлттық тарихты, тілді, руханиятты, дәстүр мен мәдениетті сақтауға бағытталуы тиіс.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы ескерткіштерге барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде бес тарихи құнды нысан табылыпты (Индер, Құрманғазы аудандарындағы археологиялық ескерткіштер: қорған, оба, қоныс). Сондай-ақ, Махамбет, Мақат, Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандарындағы ескерткіштерге ғылыми экспедициялар ұйымдастырылса, мемлекет тізіміндегі 85 жергілікті ескерткішке қорғау тақтасы жасақталып, орнатылған. Өлкеміздің тарихи шежіресінен сыр шертетін еңселі ескерткіштерді насихаттау мақсатында Қызылқоға, Құрманғазы, Исатай аудандарының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы жарыққа шығарылып, Индер, Қызылқоға ауданы ескерткіштері жөнінде деректі фильм түсірілген. Облыстық тарихи өлкетану мұражайында ХІІ-ХХ ғасырлар аралығындағы «Өлке тарихы» және 1991 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі «Тәуелсіздік» экспозициялық залдары жұмыс істеуде.
Кеңес мүшелері атқарылған істермен қатар, алдағы жасалар жұмыстарды да талқылады. Ол үшін алдымен археологиялық зерттеу жұмыстарына қаражат бөлу керек. Алайда, мәдениет қызметкерлері тарихты зерттеу, зерделеу жұмыстарына соңғы жылдары қаржының аз бөлінетіндігін алға тартты, сол себепті де ол жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп отырған жоқ. Ал, ол ұлттық тарих бедерін нақты деректерге сүйене отырып көрсетуге тұсау болады. Кеңесте ұлттық тарихымызды жаңаша зерделеу бағытында бірқатар ұсыныстар да айтылды.
Өз тілшіміз.