Жарнама
Қоғам

Ұлттың келбеті – ұрпақтың есімінде

Кеңестік  кезеңнің салқыны…

Сонау жиырмасыншы ғасырдың Жылан жылғы қараша айында болған төңкерістің қазақ тіліне, дініне, тұрмысы мен салтына да жасалған төңкеріс болғаны шындық. «Байлар мен молданы, қойдай қу қамшымен» деген әнге басқан шолақ белсен-ділер өз балаларына сол кезең көсемдерінің есімін беруден  бастады. Мэлс, Маркс, Энгельс, Коммунар, Социал, Демократ, Октябрь деген есімдер – сол жылдардың жемісі. Одан кейін колхоздастыру кезеңі  бастал-ғанда Колхозбек, Пернебайлармен толықтырылды. Съезхан, Олимпиада, Сайлаубек сияқты саяси науқандарға арналған есімдер де тілімізді, ұлттық ерекшелігімізді қойыртпақтандырып жібергені айқын.

қоғам

Қызыл империяның орыстандыру саясаты да барынша мықты жүргізілді. Содан да шығар, Едігені – Эдик, Зәрипаны – Зина, Гүлнәрді – Гуля, Райханды – Рая, Айгүлді – Аня, Жарасбайды – Жора деп атайтын дәрежеге де жеттік. Осынау орысша есімдерді қолының сыртына, саусағының арасына инемен тескілеп, көкпеңбек етіп жазып алған замандастарымыз арамызда әлі де бар. Бір-бірін азан шақырып қойған қазақша есіммен емес,  «Коля», «Володя» деп шақырып, соған марқайып жүретіндерді де көрдік.

Қазақ баласының есімдер каталогын Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандары да толықтырды.  Майдан даласынан  қан кешіп оралған ардагерлер қандыкөйлек жолдастарының аттарын  өз балаларына тәбәрік етті. Сөйтіп, Александр, Эрнест, Тельман, Артур атын алғандардың қатары көбейді. Одан кейінгі тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінің де айшықты қолтаңбасы қалды. Украина, Белоруссиядан, Ресейден ағылған жастар онсыз да өз салтынан, тілі мен дінінен ауытқып бара жатқан қазақтардың көзқарасын түбегейлі өзгертті. Соның салдарынан түріне қарағанда орыс емес, тіліне қарағанда қазақ емес дүбәралар көбейді. Олар тіптен өз ұлтының тілін, тұрмысы мен салтын менсінбей, өзге халықтың тілінде ойлап, сол тілде сөйледі. Қазіргі таңда да ондайлар көбеймесе, азайған жоқ.

 Өзге  тілден енген  есімдер

Жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жылдары үнді киносының жұлдызды сәті болды.  Дәл осы кезеңде туған балалар Радж, Капур, Индира, Гита, Зита атанды.  Американдық еркіндік сүйгіш Самантаның құрметіне Саманта, кубалық Лолитаны ұмытпау мақсатында Лолита деген қыз бала есімдерін де айналысқа енгіздік. Не деген халықтар достығын ту еткен халықпыз десеңізші!

Тәуелсіздікті алғаш алған жылдары бөркімізді аспанға атып, «егемен ел атандық» деп шартарапқа жар салдық. Сол бір өтпелі кезеңде діни идеологияны еркіне жіберіп алғанымыз рас. Жетпіс жыл бойы сананы шырмаған атеистік идеологияның бұғауы быт-шыт болып, діни көзқа-расқа бостандық, еркіндік берілді. Желіден босанған құлындай, ең алдымен осы лекке ілескен жастарымыз болды.

Олар әртүрлі миссионерлік жат ағымдардың жетегіне ілесті, адасты. Өзі адасқанымен, ілескенімен қоймады, өз отбасын, бала-шағасын шырмап, матап берді.  Ендігі жерде Раббина, Дін-Мұхаммед, Абдул Хафиз, Әл-Тайыр, Әбу-Бәкір және басқа да діни мағынадағы есімдер көбейді.

Иә, «мұның қандай сөкеттігі бар?» дейтіні анық кейбір  оқырманның. Біз де бұл есімдердің қасиетті екеніне шүбә келтірмейміз. «Әл-Хафиз» – Алла Тағаланың 99 есімінің бірі, негізгі мағынасы «қорғаушы» дегенді білдіреді. Пайғамбар с.ғ.с. айнымас серігі болған Әбу-Бәкір Сыддықты да жақсы білеміз, өмірін өзімізге үлгі етеміз. Алайда, біз қазақ екенімізді ұмытпайық. Жоғарыда айтып өткендей, орыстар, украиндар, беларустар, немістер, үнділер, арабтар баласына қазақша ат қоя ма? Жоқ! Олай болса, неге қазақ өз ұрпағына өзге ұлт өкілінің есімін беруге тиіс?

 Қазақы  аттың қаймағы  бұзылды

Балаға ат қоюда бүгінгі ата-ана да тілімізге үлкен нұқсан келтіріп отыр. Мәселен, Әділ – Аделя, Әмір – Амир, Амира, Әсем – Асема, Әнел – Анеля болып  өзгеруде.  Осы жерде айтқымыз келгені Әділ, Әділет негізінен ұл балаларға қойылады. Ал, Аделя деген ешқандай мағынасыз ат қыз балаларға лайықталып жүр. Немесе «Әмір, Амир» деп ұл балалар, «Амира» деп қыз балалар аталуда. Амира қандай мағына береді? Осыны елге түсіндіріп беретін адам табылар ма екен?

Қара сөздің қаймағын қалқыған халқымыз небір ғажап есім-дерді ұрпағына лайықты деп санаған. Мәселен, Гәкку, Іңкәр, Айкөркем, Нұржан, Аяулым, Арайлым, Бақдәулет, Нұрберген деген қазақы аттың қандай кемдігі, олқылығы бар?! Қайта, мағынасын түсініп, сол есімді иеленген адамға зор құрметпен қараймыз, сүйсініп тұрамыз.

Тіптен, қаншама ұлы ата-бабаларымыз бар? Абылай, Бұқар, Махамбет, Исатай, Алпамыс, Қамбар, Гүлбаршын, Назым, Жібек деп  неге қоймаймыз шақалақтың атын? Рухымыздың биіктеуі үшін, ұлтымыздың жаһандану кезеңіне жұтылып кетпеуі үшін қазақы есімдер керек. Ұлты қазақ, Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра есімі басқа тілде аталған жаннан қандай қазақылық күтеміз? «Қазақбайды – Коля» дегенде ұтарымыз не? Ал, ұтыларымыз ақиқат.

P.S. Адамның есімі оның болашағына да әсерін тигізеді екен. Сондықтан, дүние есігін жаңа ашқан шарананың атына мән бергеніміз дұрыс. Бәзбіреулер «ұлы болсын, мықты болсын» деген тілекпен нәрестесін есімі елге әйгілі тұлғалардың, атақты әншілердің, спортшы, саясаткерлердің атымен атап жатады. Ал, ол адамның өмір жолында қандай қиындыққа тап болғаны, тағдырдың қандай теперішін көргені тек өзіне ғана аян. Ал, жаңа туған сәбиге өзгенің тағдырын қайталатқанда табарымыз не? Осыған да ой жүгірткен абзал. Ұрпағымыздың есімі оның нұрлы болашағын, жарқын өмірін әйгілеп, ата-анасының үмітін ақтап, елге тұтқа боларына сендіретіндей нағыз қазақ тілінде болсыншы, ағайын! Себебі,  қазақтың   қазақтығын  білдіретін  оның  тілі,  ұлты ғана  емес,  есімі де екенін ұмытпайық.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button