Жарнама
Қоғам

ҰЛТТЫҢ ТІЛІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

 


«ҚАЗАҚ ҚАЗАҚПЕН 
ҚАЗАҚША СӨЙЛЕССІН»

— Есіңізде болса, Елбасы дәл солай деп еді ғой. Ендеше, соны өзіміз неге түйсінбейміз?

— Әрине, есімде. Қазақтың қазақша сөйлеуіне ешкім тыйым салып отырған жоқ. Бәрін бүлдіретін өзіміз. Сонау кеңестік кезде барлық дерлік жиналыстар орысша өтетін. Сондай басқосуларда сөйлейтін адамдар іріктеледі. Солардың сөздерін жазып береді. Мінбеге шыққан адам қағаздан басын алмастан оқып шығады. Тіпті, турасын айтқанда, даңғайыр дала төсінде малын бағып жайымен жүрген шопан сол жазылғандарды түсінбейді. Ал, осылай істеуге сол кездегі орыстану саясаты мәжбүр етті.

Енді егемендігімізді алдық, тіліміз мемлекеттік тіл ретінде белгіленді. Қазақстан Конституциясы 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ендеше, соның өрісін өсіріп, тілімізді кеңінен қолдануға кім кедергі келтіріп отыр? Ата Заңымызды басшылыққа алып, қазақ тілін алға сүйреуіміз керек емес пе?

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасы сөзіне оралар болсақ,  Мемлекет басшысының сонау жылғы Атырауға бір сапары жадыма түседі. Алқалы басқосу кезінде ардагерлердің бірі қазақ тілінің қолданысы кемдігін айтқан. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы Атырау халқының 90 пайыздан астамы байырғы тұрғындар екенін, олардың өзара ана тілінде әңгімелесуіне еш кедергі жоқтығын айтып, өзімізді ұялтқан. Расында да, Елбасы қазаққа қазақша сөйлеуі үшін жарлық шығармайды ғой. Демек, бәрі өзімізге байланысты. Мемлекет басшысы айтқанындай, ешкімге уәж айтудың жөні жоқ. «Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп кедергі жасап отырған адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек» дейді Елбасы. Одан артық не керек?

   — Айтыңызшы, расында да өз тіліміз өз елімізде өгейлік көріп келе ме?

— Тіпті де олай емес. Өзге тілде сөйлеп, оны өгейсітіп отырған өзіміз. Неге он қазақ тұрып, арамызда басқа ұлттың бір адамы болса, орысша сайрап кетеміз? Тіл туралы қабылданған заң бар. Соның аясында да біраз іс тындыруға болады. Біздің тіліміз өте бай. Сол Ұлытаудың баурайында бас қосқан ата-бабамыз осы тілде сөйлеген. Алаша, Жошы, Тоқтамыс хандар мен Едіге ер елін бірлікке шақырғанда ана тілінде ұран тастаған. Осы жерде үш жүздің игі жақсылары қазақтың соңғы ханы Кенесарыны ақ киізге салып, төбесіне көтергенде ана тілінде бата берген. Ақырында, қазақ тілі Абай мен Ыбырайдың, Ғабит пен Ғабиденнің, Сәбит пен Сұлтанмахмұттың тілі емес пе? Қасым мен Төлеген, Мұқағали мен Фариза жалынды жырларын осы тілде төкті емес пе? Сонау жылдары жеріміздің солтүстік бөлігі Ресейге қосылып кете жаздағанда дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні қазақ тілінде жазылды ғой. Сол ән ақын Жұмекен Нәжімеденов пен композитор Шәмші Қалдаяқовты барша қазаққа танытты. Кейін ән мәтініне Елбасы замана талабына сай сәл өзгерістер енгізіп, ол Мемлекеттік Әнұранға айналды.

— Мүмкін, мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеру үшін оның қолдану аясын кеңейту керек шығар?

— Ал, оны кім тарылтып жатыр? Елбасының айтуынша, республикада әр жылы жүз мыңнан аса жасөспірім мектеп бітіреді екен. Солардың 80 пайызға жуығы қазақша оқыпты. Біздің облыста да барлығы 198 орта білім беретін мекеменің 138-і – қазақ және 55-і– аралас мектептер. Тек бес мектепте ғана орыс тілінде дәріс беріледі. Соның өзінде қазақ тілін білу талабы қойылады. Өйткені, оның қолданылу аясы өздігінен кеңіп келеді. Бүгін оны білмегендер ертең кеш қалады.

Мынадай жай болған: Сонау жылдары Маңғыстауды зерттеген алғашқы орыс геологтары алдымен «су», «құдық», «ауыл» деген сөздерді үйреніпті. Өйткені, ен далада адасып жүргендерінде шөлге ұшырамаудың қамын жасаған. Мұқтаждық соған мәжбүр етті. Қазір бізде де қажеттілік туындауда. Мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білу міндеттелді. Демек, ұлтына қарамастан әр шенеунік қазақ тілінде еркін сөйлеуі тиіс. Кейбіреулердің бұрынғыдай «мен мектепте орыс тілін оқып едім» деген сылтауы енді есепке алынбайды.

Осы орайда өңірдегі ахуалды сараптасақ, өткен жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қорытындысы облыстағы ересек тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі 96,7 пайызға жеткендігін көрсетеді. Өзге тілді де кемсітіп жатқанымыз жоқ. Аймақ халқының 92 пайызы орыс тілін жақсы біледі. Ал, 7,8 пайызы ағылшын тілін меңгерген.

 

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте…»

— Өзге тілдерді де әңгіме еттік қой, ендеше «үш тұғырлылық» төңірегінде айта кетсек…

— Ұлытаудың баурайында бұл мәселе де қозғалды. Тәуелсіздік алған кезде республикада қазақтар саны 40 пайыз екен. Сонда халқымыздың жартысынан да аз болғаны ғой. Бүгінде 65 пайызға жетіпті. Оған, біріншіден, кейбір ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отанына жаппай көшуі себеп болды. Мәселен, орыстар Ресейге, еврейлер Израильге, немістер Германияға қоныс аударды. Оларды ешкім қуған жоқ, өздері солай шешті. Ағайын-туыстарын жағалап кетті.

Екіншіден, Қазақстанға да қандастарымыз көптеп қайтты. Іргелес Өзбекстан мен Қырғызстаннан, алыстағы Қытай мен Моңғолиядан, тіпті Ираннан мыңдаған отбасы көшіп келді. Оларды тарихи отанына Елбасының өзі шақырды. Келгендерге барынша жағдай туғызылды. Қазір олар байырғы тұрғындармен әбден араласып, тіпті құдандалы да болып жатыр. Міне, солардың есебінен, демографиялық ахуалдың жақсаруынан халық саны көбейді. Қазір Қазақстанда 17 млн.-нан астам адам бар.

Бірақ, көп екенбіз деп өзгелерге өктемдік жасап жатқанымыз жоқ. Бұл ұлтаралық қақтығыстарға соқтырар еді. Оның үстіне, орыс тілі бізге бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған республикалар өкілдерімен қарым-қатынас орнықтыруға мүмкіндік береді. Рас, кезінде орыс елі біраз тізесін батырды. Оны Елбасымыз да айтып отыр. Бірақ, билік басындағылардың кінәсі үшін қарапайым орыс халқына ренжуге болмайды. Сайып келгенде, Пушкин мен Лермонтовтың, Чехов пен Шолоховтың, Достоевский мен Тургеневтің тілін қалайша жоққа шығарамыз?

Осы орайда Елбасы кейбір орыс сөздерінің қазақ тіліне қарадүрсін аударылып жат-қандығына да реніш білдірді. Қазір солардың кейбірі қолданысқа кіріп, газет-журналдардың да тіліне айналғанымен, кемшілігі де бар екен. Ендеше, содан да сабақ алуымыз керек. Әрине, әр сөздің қазақша баламасы болғаны жөн. Әйтсе де, ана сөзді де, мына сөзді де тықпалап, бай тілімізді бүлдіріп алмайық.

Ал, ағылшын тілі әлемге жол ашатын тың соқпақ емес пе? Бүгінде оны дүние жүзі халқының 70 пайызы тұтынады екен. Ол, Елбасы айтқанындай, іргелі ілімге бастайды. Ал, ағылшын тілін меңгерудің, әсіресе, біздің өңір үшін маңызы ерекше. Атырауда шетелдік инвесторлардың қатысуымен іргелі жобалар жүзеге асып жатыр. Оларға шартараптан мамандар тартылуда. Міне, солармен өз тілінде тікелей тілдесудің артықшылығы көп. Сондықтан, мұнайлы мекен тұрғындарының ағылшын тілін меңгеру деңгейі әзірге 7,8 пайыз болып отырғандығы тым аз.

Ал, қайталап айтқанда, мемлекеттік тілді білудің маңызы зор. Қазір оны үйренуге ұмтылушылар саны артып отыр. Мәселен, 2011-2013 жылдары облыстық бюджет есебінен мемлекеттік тілді тегін үйрету курстары жұмыс жасады. Оған ТШО, Аджип ҚКО, «Қазтелеком», «КазТрансОйл», мұнай өңдеу зауыты секілді іргелі компаниялардан 3823 адам тартылды. Мұндай шаралар нәтижесіз де емес. Алдыңғы жылғы желтоқсанда облыстық басқармалар басшылары мен орынбасарлары, аппарат қызметкерлері тәжірибелік тұрғыда сынақтан өтті.

— Дағыстан ақыны Расул Гамзатов «Егер менің тілім ертең өледі десе, онда мен бүгін өлуге дайынмын» деген екен.

— Ал, біздің Қадыр Мырза Әлі «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демеп пе еді? Сонау кезде айтылған осы сөздер бүгінгі күн талабымен қабысып жатыр. «Үш тұғырлылық» дегеннің өзі де сол емес пе?

Қазір әлемде алты мың шамасында тіл бар екен. Соның әр жылы он пайызы жоғалатын көрінеді. Қандай қорқынышты? Бірақ, бұл тілдердің қолданыс аясы тым тар, оларды өте аз адам тұтынады. Ал, Қазақстанда Тәуелсіздік туы желбіреп, оның мемлекеттік тіл мәртебесіне Елбасының өзі кепілдік беріп тұрғанда қазақ тілі де жоғалмайды, мәңгілік жасайды. Ұлытауда ұлт тілінің ұлықталуы да содан.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button