Ұлттың ұлы мерекесі оған дайындық қандай деңгейде?
Сәрсенбі күні Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Ол Елбасы Жарлығымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу бойынша құрылған болатын. Астанадағы шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев тікелей бейнебайланыс желісі арқылы қатынасты.
«Жиналысты бастамас бұрын Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын атап өткім келеді. Бұл – Елбасының жеңісі, жалпы Қазақстан халқының жеңісі. Осы айтулы шарамен сіздерді құттықтаймын!», — деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.
– Мемлекет басшысы «25 жылдық мереке аясында біз сындарлы диалогқа негізделген, кез келген мәселені шешуге қабілетті екенімізді бүкіл әлемге танытуымыз қажет екенін және алдағы өршіл мақсаттарға жұмылған жұдырықтай бірге ұмтылатын ел екенімізді көрсетуге тиіс екендігімізді» атап өтті. Сондықтан аталған ұлы мерекені жалпыұлттық деңгейде ұйымдастыру және лайықты өткізу баршамызға жүктелген жауапты міндет, — деді Гүлшара Әбдіқалықова. Отырыс барысында Мәде-ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Ал, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мерейтойлық шараларды ақпараттық-имидждік жағынан қолдау туралы айтып берді. – Біздің министрліктің басты мақсатының бірі — Тәуелсіздіктің 25 жылдығын көрсету, осы жылдар ішіндегі еліміздің жетістігін айқындап, халыққа жеткізу. Ал, ақпараттық науқанның мақсаты халықтың отансүйгіштігін арттыруға бағытталатын болады. Біз еліміздің негізгі жетістіктерін көрсетуге ұмтыламыз, — деді ол.
Осы ретте министр ақпараттық науқанның жемісті өтетіндігіне сенім білдіріп, қазіргі уақытта арнайы жасақталған медиа-жоспар аясында жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын айрықша атап өтті. «Бұл медиа-жоспардан бөлек ақпараттық жұмыстардың тәсілін өзгертуді жоспарлап отырмыз. Біз тек медиа-жоспарды ғана пайдаланбай, таргеттеу деп аталатын тәсілді де қолданамыз. Халықтың әрбір санатына жеке-жеке жоба ұсынамыз. Меніңше, бұл тәсіл өзін-өзі барынша ақтайды», — деді Д.Абаев. Жиын қорытындысында Мемлекеттік хатшы жоспар-ланған іс-шараларды сапалы және мерзімінде ұйымдастыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, комиссия мүшелеріне жұмысты әрі қарай ұйымдастыруға байланысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.