Жарнама
Қоғам

ҰЛТТЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТАТЫН – ОНЫҢ ӨНЕРІ МЕН МӘДЕНИЕТІ

Қазыналы Атырау – мәдениет пен өнердің сан қилы таланттарын өмірге әкелген өлке. Мұнда ұлы ғұлама Асан қайғы, қарға бойлы Қазтуған, ойшыл ақын Мұрат Мөңкеұлы, жауынгер жыршы Махамбет, ұлы сазгерлер Құрманғазы мен Дина, Шернияз бен Бала Ораз сынды өнерпаздардың ізбасарлары мол. Осынау өнердің ұлы жауһарлары ғасырларға созылған небiр кедергiлерден мүдірмей өтiп, бүгiнгi тәуелсiз Қазақстан көгiнде жаңғыруда.
Бүгінгі мереке күні облыс мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан, өңіріміздегі өнер ұяларының алғаш ұйымдастырушылары, олардың іргелі мәдениет ұйымына айналып, қалыптасуына игі ықпал еткен өнер тарландары еске түседі. Олар – Махамбет атындағы қазақ драма театрының қаз басып, қатарға кіруі жолында еңбек еткен, Қазақстанның Халық әртісі Қуат Төлеков, облыстық халық шығармашылығы орталығын ұйымдастырып, соның бірінші басшысы болған Тұқпатолла Қалмұханов, облыстық өнер мұражайына аты берілген сыршыл суретші Шаймардан Сариев, қазіргі академиялық Дина атындағы халық аспаптар оркестрін ұйымдастырушы, ҚР Халық әртісі Рысбай Ғабдиев, Құрманғазы ауданы Теңіз халық театрының іргетасын қалаған Дүйсенғали Ғұмаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбайұлы, Нарынның наркескені, ақын Нұралы Әжіғалиев, мәдениет қайраткері Асқар Харесов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Мекес Төрешев, ақын, этнограф Жанаш Нұрмұхан, музыка аспаптарының қас шебері Арыстанбек Молдашев, ақын, сазгер, бард стилімен орындаушы, мәдениет қайраткері Табылды Досымов, тағы басқалар.
Ұлы Отан соғысының ардагері, сан жылдар облыстық мәдениет басқармасына жетекшілік еткен О.Қарасаев, ұлт өнерін әлемге паш етіп, қазақтың қара домбырасына алғаш рет алтын таққан ҚР Халық әртісі Ә.Есқалиев, көрнекті сазгер, өнер зерттеушісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері И.Жақанов, Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер, әнші Ұ.Аманғалиева, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, елімізге танымал режиссер Ш.Зұлқаш, «Алға» халық театрының жетекшісі, талантты ақын, режиссер М.Оңдағани, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қ.Махмутов, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер К.Өтегенов, тағы басқалар – мұнайлы өлкенің әлеуметтік өсуі, мәдени-рухани кемелденуі жолында сан жылдар тер төгіп, өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, талай талантты тәрбиелеп өсірген ардагерлер.
Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің мерекесі күні ҚР Халық әртісі, дарынды биші Г.Талпақова, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Қ.Жылқышиев, Қарақалпақ Республикасының халық әртісі Ә.Сисекенова, Сарайшық мәдениет кешенінің басшысы М.Бердімұратұлы, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері О.Жауыров, осы оркестр басшысының орынбасары М.Ғұмаров, облысқа танымал режиссер М.Ғабдушева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы С.Мұхамбетов, облыстық халық шығармашылығы орталығының топ жетекшісі Ғ.Ғұмаров, Ғ.Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханасының маманы Х.Қабиева және тағы басқа өнер саңлақтары зейнет жасына жетсе де, саланың ауыр жүгін көппен қатар көтерісіп, бойындағы білімі мен бай тәжірибесін жас ұрпаққа талмай үйретіп келе жатқанын атап өту артық емес.
Еліміз тәуелсіздігі, ұлт даму-ының көшпелі саясаты нәтижесінде өз алдымызға шаңырақ көтеріп, егемен ел болғалы Қазақстанның ерекше және өзiндiк мәдени кеңiстiгiнiң сақталуы мен дамуын қамтамасыз ету, бәсекеге лайықтай түсуді мақсат тұтқан ұлттық өнеріміз қарышты қадаммен өсу үстінде.
Облыс өнер ұжымдары өздерінің бүгінгі төл мерекесіне үлкен жетістіктермен келіп отыр. Мәдениет ұжымдары халықтың мазмұнды мәдени демалысын ұйымдастыра отырып, азаматтық болмыстың барлық саласына игi ықпал ете алатын, халық бірлігін, ұлт татулығын, мемлекеттiң тұтастығын қалыптастыратын танымдылығы мен тиімділігі мол шараларды көптеп ұйымдастырып келеді. Олардың ішінен Қазақстанның Халық әртісі, профессор Ә.Есқалиев атындағы III республикалық «Алтын домбыра» сайысын, дайындалып отырған «Еділ мен Жайық» атты И.Жақанов шығармашылығына арналған республикалық фестиваль, республикалық дәрежедегі суретшілер пленэрін, «Атырау – асыл мекенім» атты республикалық ән-сазгерлер байқауын, облыстық жыршы-жыраулар, хор-вокал ұжымдары, патриоттық әндер, «Шынайы шымылдық» атты драма ұжымдары мен халық театрларының облыстық байқауларын, «Ретро толқынында» фестивалі, тағы басқа жүздеген шараларды атауға болады.
Облыстың көркемөнерпаз ұжымдары шет елдерде де қазақтың ұлттық өнерін паш етуде. Өткен жылы «Нарын» халық аспаптар оркестрі Санкт-Петербург жұртын тамсандырып, «Мұрагер» фольклорлық ансамблі Тель-Авив қаласында ұлт әндерін әуелетсе, биыл Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі Германия, Түркия, Австрия елдерінде өнер көрсетіп қайтты. Сондай-ақ, Бурабайда өткен КСРО және ҚР Халық әртісі, Халық қаһарманы Р.Бағланова атындағы «Ақсұңқарым» халықаралық байқауында қызылқоғалық жас әнші Н.Нұрболатқызы бірінші орын иеленсе, VI «Ақ көгершін» балалар шығармашылығының халықаралық байқауында Исатай ауданының домбырашылар ансамблі бас жүлдемен оралды, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық байқауында Махамбет ауданының жас өнерпазы Н.Бисалиева жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар, Алматы қаласында өткен республикалық «Айгөлек» ән-би байқауында Жылыой ауданының «Би-би» бишілер тобының бас жүлдені, «Күншуақ» IX республикалық конкурсында Атырау қаласынан Ө.Нұрасыл І орынды иемденгені – облыс мәдениет және өнер қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегінің жемісі.
Исатай ауданы Забурын селолық клубы өткізген «Анашым, құдіретіңе табынамын» әжелер сайысы мен Тұщықұдық мәдениет үйі өткізген «Жеңістің жырын жырлайық» патриоттық әндер конкурсы, Индер ауданы Өрлік мәдениет үйі әзірлеген «Ұрпаққа жеткен аңыз боп» Мұхит, Ғарифолла әндерінің кеші мен Есбол селолық клубы ұйымдастырған «Ән-көңілдің ажары» халық әндерінің сайысы, Махамбет ауданы Алға селолық мәдениет үйі халық театрының режиссері М.Оңдағани шығармашылығына арналған кеш, Дамбы селолық мәдениет үйінің «Асқақтай бер, Астана» мерекелік концерті, Кең Жылыой аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған «Жігіт сұлтаны» байқауы, Құрманғазы ауданындағы Ш.Қалдаяқовқа арналған бағдарлама – бүгінгі күн талабына жауап бере алатын, тартымды да талғамды мәдени шаралар.
«Ел іші — өнер кеніші» телебайқауында Жылыой ауданының, ретрофестивальға Махамбет, Исатай аудандарының белсене қатысқаны, онда сахнаға шыққан өнерпаздардың жоғары дайындығы тәнті етсе, облыстық семинарға ұсынылған Махамбет, Қызылқоға, Исатай аудандарының тәжірибелері де қайталауға тұрарлық. Алдағы уақытта да осындай, көпшілікке берер тәлімі мен тәрбиесі жарасқан, халқымызды, әсіресе, жастарды өнерге, білімге баулитын шаралар өрісі кеңеюінің мүмкіндіктері мол.
Бұл күн – мәдениет саласы-на кадрлар дайындап, еліміздің рухани толысуы жолына өз үлестерін қосып келе жатқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка факультеті, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы сияқты оқу орындарының да кәсіби мерекесі.
Мәдениет ұйымдары қол жеткен табыстарын баянды ете отырып, Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан туындайтын орасан зор міндеттерді атқаруға белсене кірісті. Елбасымыз жоғары сапалы бағдарламалар негiзiнде, адамдарды ұлттық өнерге баулуды, шығармашылық ұжымдардың концерттiк және гастрольдiк репертуарларына ұлттық дәстүрлi мәдениеттiң озық түрлерiн енгiзуді белгiлеген. Халыққа ұсынатын мәдени шаралардың тақырыптық, танымдық бiрлiгi мен түсiнiктiлiк қуатына зер салу ұсынылған.
Облыс мәдениеті мен өнері саласының бүгінгі жинаған тәжірибесі, кадрлардың қуатты потенциалы бұл міндеттерді шешуге толықтай мүмкіндік бере алады.

Абат КЕНЖЕҒАЛИ,
облыстық мәдениет саласы
ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button