БАСПАНА БӘСІНЕ ӘСЕР ЕТПЕЙДІ

Теңге бағамының өзгеруі аптаның басты тақырыбына айналғаны белгілі. Орталық Коммуникациялар Қызметiнің кезекті брифингі  де ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Ерболат Досаевтың осы мәселеге түсініктеме беруінен басталды. Белгілі болғандай, теңге құнының өзгеруіне орай ел бюджетiне 130 млрд. теңге кiрiс түспек.

 

Брифингте «доллар бағасының көтерілгенін өзім де бүгін үкімет сағатында естідім» деген Ерболат Досаев жаңа өзгеріс нарықтағы тұрғын үй бағасына айтарлықтай әсер етпейді  деген пікірде. Себебі, қазір бұдан 5-6 жыл бұрынғыдай қарқынды құрылыс жоқ, соған орай сатылып жатқан пәтер де санаулы. Ал, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» тарапынан теңгемен салынған жинақ бойынша әзірге қандай да бір өзгерістер жоқ. «Қолжетімді баспана» әрі қарай жүргізіле бермек, дегенмен, оған байланысты қандай қадамдар жүзеге асатыны алдағы күндерде айқын болады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, әлемдік нарықта көрші елдерде, атап айтқанда, Ресейде орын алған жағдай теңге бағамының өзгеруіне әкеп соққан салдарлардың бірі болып табылады. «Біздің бағалауымызша, бұл жалпы ішкі өнім өсіміне әсер ететін болады. Өйткені,  тауарын экспортқа жіберетін өндірушілеріміздің экспорттық түсімдері көбейіп, ол сауда балансына да әсер етеді. Мұның тікелей әсерінен, әрине, бюджетке де түсімдер көтеріледі. Бұған қоса ол біздердің шет елдердегі дипмиссияларымыздың қарыздарына, қаржыландырылуына қызмет көрсетуге арналған шығыстарын арттырады. Дегенмен де, теңге бағамын түзетуден кейін бюджетке қосымша түсімдер өсімі қосымша кірістер өсімінен асып түсетіндігі болжануда», – деді ол.

Сондай-ақ, брифингте шетелдік валюта өсімінен отандық тауар өндірушілердің ұта алатыны, яғни, олардың тиімді пайдаланған жағдайда импортты өзімізден шығатын өнімдермен ауыстырып, бәсекеге қабілетті тауар шығару мүмкіндігіне ие болатыны айтылды.

Құралай ОРАЗ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз