ҰЛТ ТАРИХЫН ҰЛЫҚТАУ ШЫҢЫ
Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ халқының тұңғыш мемлекеттік құрылымы шамамен 1465 жылдан бастау алады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, Қазақ хандығының құрылуы — халықтың тарих төсіндегі, уақыт кеңістігіндегі өзіне тиісті бөлекше орынды алып тынғанын тиянақтайды. Ұлы хандарымыз Керей мен Жәнібек оны саяси тұрғыдан бедерлеп берді.
Қазақ хандығы 1824 жылдарға дейін өмір сүрді. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы мемлекет ретінде толық нығайып болды. Деректерде сол кездегі қазақтардың саны 1 миллионға жеткені айтылады. Сол тұста «Қасым ханның қасқа жолы» деген үлкен заң пайда болған. Қазақ тарихында Есім ханның да сіңірген еңбегі көп. Оның билік құрған тұсында Қазақстанның астанасы тұрақты қалаға айналды. Яссы қаласы Түркістан аталып, қазақ хандарының резиденциясы салынды.
Тәуке ханның билік құрған дәуірі 1680 жылдан басталады. Тәуке хан мемлекетті құқықтық негізде реттеуге күш салды. Сөйтіп, атақты «Жеті жарғы» қолданысқа енгізілді. Бұл саяси тұрақтылыққа, қоғамдық тәртіптің орнығуына алып келді. Жергілікті халық билікке батырларды, билерді араластырды. Атақты үш биіміздің жарқырап көрінген кезі де осы тұс еді. Көрші елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынастар жүргізілді, айналып келгенде, 35 жылдай уақыт Қазақ хандығында саяси тұрақтылық орнады.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» мәліметтері Қазақ хандығының қалыптасуында, тіпті оның бірегейлігін анықтауда Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарының жетекші рөл атқарғанына ешбір күмән келтірмейді. Өз заманының белгілі мемлекет қайраткері болған ол ХV ғасырдың ІІ жартысындағы, тіпті ХVІ ғасырдың І жартысындағы Орта Азиядағы мемлекеттердің атауын, олардың жерін өте анық суреттейді. Ол «қазақты» алғаш рет елдің, халықтың, мемлекеттің атауы ретінде қолданады.
«Тарих-и Рашиди» авторының пайымдауынан біз Қазақ хандығын біртұтас мемлекетке айналдыруда ел бастаған ханмен бірге, сұлтандардың да айтарлықтай рөл атқарғандығын аңғарамыз. Олардың ішінде Қасым сұлтан да болды. Алайда, кейін Бұрындық хан мен Қасым сұлтанның арасында кикілжің туып, бақталастық өріс алып, олардың өзара қарым-қатынасы шиеленісе түсті.
Осы жерде Қасым сұлтанның ой тереңдігін дәлелдейтін бір-ақ мысал келтіруге болады. Ханмен қатынастары нашарланғаннан кейін, оның айтқанын бұлжытпай орындай алмайтынын білген Қасым сұлтан Бұрындықтың хандық беделін түсірмеу үшін одан алыстау жерге көшіп барады. Қасым сұлтанның қоныстанған жері Жетісу аймағының Қаратал өзенінің бойы еді. Шамалап айтқанда, 1510-1511 жылдар болу керек, Қасым сұлтан Сайрам қаласын өзіне бейбіт түрде бағындырады. Деректерді саралай отырып, қазақ халқының атамекені, туған жері — Шығыс Дешті Қыпшақ даласы, яғни еліміздің оңтүстік-батыс аудандары мен Орталық Қазақстан территориясы екенін анық айтуға болады.
Тәуелсіз ел атанғалы бері Қазақ хандығының мерейтойы алғаш рет аталып өткелі отыр. Бұл Қазақ елі үшін тарихта қалатын ең маңызды мереке болмақ. Себебі, мұндай тарихи дата – жас ұрпақтың рухын көтеретін бірден-бір ізгі шара.
Жайық ҚОБЫЛАНДЫҰЛЫ,
Кенбай орта мектебінің тарих және құқық пәнінің мұғалімі.
Қызылқоға ауданы.