Құлсарыдағы дүбірлі дода
Таяуда Құлсары қаласында Жылыой ауданындағы мәдениет және спорт салаларының дамуына зор үлес қосқан азамат, білікті бапкер, спорт ардагері Нұрсипат Манапұлының құрметіне шәкірттері ұйымдастырған бокс және ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді.
Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарынан келген 127 жасөспірім қатысқан бокс турнирі үш күнге созылып, жалпыкомандалық есеп бойынша Құлсары қаласының жас былғары қолғап шеберлері бірінші орынды иемденсе, Жаңа Қаратон кентінің командасы екінші, Мақат ауданының командасы үшінші орынды еншіледі.
Бокс турнирінен соң Жаңа Қаратон мен Қосшағыл аралығындағы тасжолдың етегіндегі Бүркіттөбедегі бәйге алаңында ат бәйгесі мен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар басталды. Жиналған көпшіліктің бір тобы тай жарысын қызықтаса, енді бір тобы қол күресінен сынға түсуші білекті жігіттердің өнерін тамашалады. Қызыққа толы сайыстардың нәтижесінде қол күресінен сағыздық Нұрлыбек Исатаев қарсылас шақ келтірмей бірінші орынды жеңіп алса, тай жарысында боранқұлдық Келдібай Ыбыраевтың «Айкүреңі» мәреге бірінші болып жетті. Сонымен қатар, кір тасын көтеру мен қыздардың қазақ күресінен өткен бәсекелері де жұртшылықтың делебесін қоздырды. Кір тасын көтеруде ақкиізтоғайлық Думан Әбілдиевке білек күші тартысында тең келер ешкім болмаса, күресте құлсарылық Шаттық Айтжанованың бағы жанды.
Одан соң құнан жарысы өткізіліп, бәйгеге қатысқан 14 жүйріктен мәреге бірінші болып Ақтөбе облысының Жаңажол ауылынан қосылған «Самұрық» атты торы қасқа тұлпары келді. Ал, 21 шақырымға созылған бәйгеде бейнеулік Серік Бегімовтің «Алтын құс» атты арғымағы алдына қара салмады.
Дүбірлі додадағы 31 шақырымдық аламанға жеті сәйгүлік қатысып, мәреге тек бесеуі ғана жетті. Бұл басты бәсекеде алматылық атбегі Жамбыл Бөгенбай жаратқан «Байшұбардың» бағы жанып, жарыс жеңімпазы атанды.
Жарыс қорытындысында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Атырау облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясы қоғамдық бірлестігінің медальдары мен дипломдары, демеушілердің қаржылай сыйлықтары табысталды.