
«Лезхоздағы» қараусыз қалған аулаға жан бітті
Атырау қалалық мәслихатының депутаты Нұрбек Ізбасов өзі сайланған округтегі тұрғындармен кездесіп, олардың көтерген мәселелерін шешуге белсене кірісті. Өткен аптада халық қалаулысы Атырау қаласы, «Лесхоз» шағынауданындағы №29 және №31 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында тұрғындар үйлерінің қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы баспасөз қызметі хабарлады.

Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйлер ескіріп, кіреберістері қаңғыбастар мен ішімдікке салынған азаматтардың панасына айналған. ПИК-тің жоқтығынан тазалық пен тәртіп мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Ауладағы ойын алаңы жарамсыз жағдайда болса, шөп-шалам мен қамыс басып кеткен аумақтың тазалығы да тұрғындарды алаңдатып отыр. Сонымен қатар аулаларда жарық жоқ, автокөліктерге арналған жол белгілері де қойылмаған.
Депутат Нұрбек Мақсымұлы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, дереу шара қабылдады. Араға екі күн салып, аталған үйлердің айналасы тазартылып, шөп пен қамыс шабылып, жиналған қоқыс арнайы мамандардың көмегімен шығарылды.
– Қаланың тазалығы әр ауладан басталады. Енді қамысқа жиналатын жәндіктер аталған аула тұрғындарының мазасын алмайды. Ауланың тазалығы тұрақты бақылауда болады. Ал балалар ойын алаңына қатысты мәселе күзге дейін шешімін табады. Қалған өзекті мәселелерді де тиісті органдармен бірлесе отырып, шешуге күш саламыз. Депутат ретінде, осы қаланың төл перзенті ретінде маған сенім білдірген сайлаушылардың талап-тілектерін тыңдап, оларды орындау – азаматтық борышым, — деді Нұрбек Ізбасов.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА