Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның елу екінші маусымы «Нарын» ұлт-аспаптар оркестірінің концертімен ашылды.
Оркестр музыканттары үшін биылғы жыл өте сәтті болды. Жуырда ғана олар Еуропаға гастрольдік сапардан оралды. Сонымен қатар, өнер ұжымы Астананың 20 жылдық мерейтойына қатысты. Осылайша, жазғы маусымда аймақтан тыс жерлерге барып, өнер көрсету игі дәстүрге айналды. Бұл – білім-білікті толықтырып, өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік.
Оркестр құрамында өнер әлеміне кездейсоқ келген адам жоқ. Әрқайсысының ойып алар орны бар. Барлығы қосылып, бір адамдай ұйымшыл ұжымды құрайды. Филармония солистері, дарынды жастар Айбар Ғани, Ардақ Айғалиева, Жаннат Молдағалиева және Айнар Сакуповалар оркестрдің демеуімен бірнеше туындыларды нақышына келтіре орындады. Ал, кеш тізгінін өз қолдарына алған Ержан Қитаров пен Сая Жұмашева бір-бірін алмастырып, дирижерлық жасады.
Кеш барысында күй атасы Құрманғазының атақты «Адай» мен «Сарыарқа» шығармалары, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри, Нұрғиса Тілендиев, Евгений Брусиловский, Айтқали Жайымов және басқа көптеген авторлардың шығармалары орындалды. Әсіресе, әлемдік классика үлгілері болып саналатын Франц Легардтың операсынан алынған «Джуддитта ариясы», Моцарттың «Кішкентай түнгі серенадасы», «Севильский цирюльник» операсынан орын-далған увертюраларды ерекше атап өтуге болады. Жалпы, бұл кеште әр жанрдан 19 шығарма орындалды.
Оркестр солисі Айжарқын Темір қобызда Фридрих Крейслердің «Прелюдие Аллегро» шығармасын ұсынды. Залда құрышы қанбаған құлақ, жұлқынбаған жүрек қалмады. Өз сөзінде оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Ержан Қитаров ұжымның кәсіби деңгейі анағұрлым өскенін айтады. Репертуар құрамында құрылысы жағынан күрделі классикалық шығармалар қатары артып келеді.
– Біз еліміздің түкпір-түкпірін аралап қана қоймай, оның сыртында да өнер көрсетеміз, — дейді ол. – Біз үшін ең маңыздысы, бұл – қазақтың қара домбырасымен, қобызымен, жетігенімен Моцарт пен Бизенің әуені қалай үндесетінін көрсету. Аты аңызға айналған музыканттар дүниеге келген Австрия сахнасына шығудың өзі зор мақтаныш сезімін ұялатады. Сонымен бірге, үлкен жауапкершілік жүктелген жерде толқыныстың да бірге жүретіні заңды ғой. Бірақ, бәрі ойлағанымыздай сәтті өтті. Классикалық музыка салтанат құрған мерейлі мекеннен біз үлкен әсер алып оралдық. Шабыт шалқарында шалқып, алдағы маусымға тың күш-қуат жинадық.
Амандық АБДОЛОВ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.