ҚЫЗЫЛОВТАЙ ҚЫРАН БОЛҒАН…
Дүниеге 1914 жылдың 15 наурызында келген оның ата-анасы әуелден өздерінің атажұрты болып есептелетін Ресей мен Қазақстанның шекаралық бөлігі, бірақ әкімшілік-территориялық бағыныс жағынан Қазақстанға, оның Азғыр аймағындағы Қоянды ауылдық кеңесіне қарайтын Лабайда құдық қазып, қауға тартып, мал баққан байырғы тұрғындар-тын. Елдегі қым-қуыт дүрбелеңмен қатар келген оның балалық шағы батысқа қарап зәресі ұшып, шығысқа қарап шүкіршілік ететін. Өйткені, іргедегі Ресейде от алған революция алаулап, лапылдаса, күн шығыстағы тып-тыныш жатқан қазақ даласында арқайым тірлік еді. Революция бұл өңірге сәл кештеу келді. Бірақ шаш ал десе, бас алған айқайы қатты, екпіні мықты, ісі зәрлі еді. Молдасын қуып, малдының қол-аяғын буып, итжеккенге айдады, жер аударды. Жесір әйелдер жетім қалған ұл-қызын тістелеп жүріп өсірді, жылдар өте жетілді. Шамасы алса оқуға берді. Сондай теперішті көп көргендердің бірі Сақып болатын. Қатарластарына қарайлады, колхоздың қойын бақты, пішенін шапты. Есейіңкіреп барып, мектеп есігін ашты, әркімнің үйінде жатып, төрт сыныптық білім алды. Одан әрі оқуға жағдайы тартпады. Тағы да қой бақты. Уақыт өте тракторшы атанғысы келіп, Басқұншаққа барып еді, сабағын енді ғана бастағанда Владимирск аудандық (бұл кезде, тіпті, Астрахан облысының өзі Сталинград облысына қарайтын) әскери комиссариаты Сақыпты әскерге шақырып, Украина, оның да қиыр батысынан бір-ақ шығарды. Бұл қазақтан солдатқа алынған алғашқы сарбаздардың бірі еді.
Бұл кезде Батыс Украинада жағдай тіптен қиын болды. Ұжымдастыру науқаны өте баяу жүрді. Соған сай, саяси жағдай да тұрақсыз болатын. Бірақ, күндер өтті, уақыт жылжыды, өрмектің жүзі ауды. Құдай дегенге жеткізсе, бірер жылда елге қайтамыз деп тұрғанда терістіктен Фин соғысы тұтанды. Әйтсе де, тез тасыған шолақ өзендей оның өзі аз мезгілде аяқталды. Дегенмен, Сақып иығындағы сұр шинель жуық маңда түсе қоймады.
Арада аз уақыт өткенде тағы бір қырғын басталды. Ұлы Отан соғысын Сақып Баһуұлы Волхов майданында 59 армияның 7-гвардиялық жеке саперлік танк бригадасы 2-жеке инженерлік батальонында взвод командирінің көмекшісі қызметінде жүрып қарсы алды. Әскери шені аға сержант болатын.
Сақып Баһуұлының Ресей Федерациясының түрлі әскери мұрағаттарында сақталған құжаттарына үңілсек, 1937 жылы армия қатарына алынған ол 1944 жылдың 17 шілдесіне дейінгі түрлі қиян-кескі ұрыстарда әрқалай жеңіл жарақаттар алғандығы болмаса, саптан қалмаған сайыпқыран жауынгердің бірі болған. Ел қорғау ісінде үлкенді-кішілі ерліктер жасаған. Карелия, Ленинград майдандарында соғысқан. «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарын өңіріне таққан. Ал, оның нағыз ерлік қадамдары сол 1944 жылдың алғашқы айларынан басталады. Кеудесіне «Даңқ» ордендерінің ІІІ дәрежелі жұлдызының қадалуына себеп болған қаңтар айының соңғы ширегіндегі қалың қарлы, қарасуық күндердің бірінде Сақып танк бригадасының құрамында Новгород облысының Новгород, Батец аудандарының Теребони және Батец елді мекендерінде жаудың әскери бөлімдерін талқандауға қатысып, талай дұшпанның көзін жойды, ең негізгі тілдің бірін қолға түсіріп, штабқа жеткізді. Сондай-ақ, ол Видогошь елді мекеніндегі ұрыста өз взводының ауыр жарақат алған жауынгерін өлім аузынан құтқарып, отты ортадан алып шықты. Косицкое деревнясында өміріне аса қауіпті жағдай туып тұрса да, жаудың жолын кесу – аса маңызды шабуылын болдырмау үшін Луга өзені үстіндегі көпірді істен шығарды, қаруластарына төнген қауіпті сейілтті. Осындай ерлікке толы қимылдары үшін ол ақпанның жетісінде аталған орденмен марапатталды.
Арада бір айға жетпейтін уақытта Сақып тағы бір ерлік жасады. Ол наурыздың бір жаңасы күні болған еді. Бөлімше командирі С.Қызылов барлаушы саперлер тобымен Эстонияның Нарва қаласының оңтүстік батысындағы жиырма бес шақырымдық қашықтықта орналасқан Липаку-Краав каналы маңында немістердің екі дзотын қоршап, көзін жойды, он сарбазын оққа ұшырды. Осы ұрыста ол жеңіл жарақат алды, бірақ саптан шыққан жоқ. Ерлігі үшін жерлесіміз Сақып Қызылов 1944 жылдың 22 сәуірінде «Даңқ» ордендерінің ІІ дәрежелі жұлдызын өңіріне тақты.
Қашан да марапат атаулы нағыз ерді өзі-ақ іздеп табады емес пе? Сол 1944 жылдың 24-25 маусымында Карелия майданында 7-армияның моторландырылған шабуылдаушы инженерлік-саперлік бригадасының 20-жеке батальонының командирі, гвардия аға сержанты С.Қызылов Олонец қаласынан жеті шақырым шығыстағы Самбатукс елді мекенін уақытша шаһар тірлігінен бөлектеп, тұрғындардың жаяу өткел арқылы қатынауына жағдай жасады. Бір қарағанда, мұның өзі жау әскерінің жолын кесу, өз қаруластарының қарсы бетке аз уақытта өтуіне мүмкіндік туғызу еді. Және, осы сәтте елді мекен мен қала арасындағы өтпелі жолда танкке қарсы қойылған дұшпанның 43 минасын алып, өзеннің жау жақ бетіне орналастырып та үлгерді. Бұл бір қарағанда өте қауіпті қимыл еді.
Ертесіне Сари-Пороги елді мекені үшін болған ұрыста ол дұшпандардың Олонка өзені үстіндегі көпірді қопарғалы жатқанын байқап қалып, өз басына қатер төнсе де қасына сенімді қаруласын алып, көпір астына қойылған минаны залалсыздандырды. Сөйтіп, ол осы көпір арқылы кеңестік танктердің жау жақ бетке еркін өтуіне толық жағдай туғызды. Бұл ерлігі үшін ол 1945 жылдың 24 наурызында «Даңқ» орденінің ІІІ дәрежелі жұлдызына ие болды, Кеңес Одағының Батыры атағымен теңесіп, туған елінің, кіндік кесіп, кір жуған аймағының даңқын асырды.
Сақып Баһуұлы жорық жолдарында бұлардан басқа да екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Соның бірінде 2-гвардиялық жеке моторланған шабуылдаушы инженерлік-саперлік батальонның командирі, гвардия капитаны Грин С.Қызыловты «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынған (17. 07.1944 ж.) марапат бетшесінде «С.Қызылов танкпен шабуылдау шайқастарының бәрінде де ерлік көрсетіп, жауға деген аяусыз кек пен батырлықтың жеке үлгісін танытып келеді. Калат-Сепьча деревнясын жау қолынан босатуда ол өз тобымен Туляма Иоки өзенінен өту үшін тиянақты барлау жұмысын жүргізіп, дұшпандардың өз бағыттарындағы Т-35 маркалы 24 минасын залалсыздандырды. Осы арқылы ол өз қаруластарына үлкен ұрысқа сенімді жол ашты. Осындай ғажайып ерлігі үшін С.Қызылов лайықты марапат – «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады» деп жазыпты. Аталған награда сол жылдың 8 тамызында Бұйрық негізінде күшіне енген.
Сақып Баһуұлы 1946 жылдың сәуірінде запастағы кіші лейтенант шенінде туған ауылына оралып, 2-3 жыл қолына үйреншікті шопандық таяғын алды. Осы кездегі ауылдағы шағын ұжымшарларды ірілендіру науқанындағы ыңғайсыздықтарға орай ол Ресейдің қазақы тұрғындары көп Жоғарғы Басқұншақ ауылына қоныс аударды. Сонау 1936 жылы бастап, 1941 жылы соғыс жағдайында бітіріп алған тракторшылық (танкистік) мамандығы осы бір сәтте кәдеге асып, колхозда машина-трактор стансасының (МТС) меңгерушісі қызметін атқарады. 1948-1950 жылдары Астрахан қаласында кадрлар біліктілігін арттыру мектебін тәмамдап, біраз уақыт ұжымшар басқармасының төрағасы да болады, бірақ кейін өзінің бала кезден жанына жақын ата кәсібіне ауысып, оның да жемісін көреді. Мал басын өз төлі есебінен өсіріп, аман сақтау, жылма-жылғы өнімділігін арттырудағы қол жеткен табыстары үшін аға шопан С.Қызылов бірнеше рет сайланбалы орындарға сайланып, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі атанады, Октябрь Революциясы орденімен марапатталады. Сөйтіп, ол тек майдан даласында кескілескен ұрыста ғана емес, бейбіт күн-бақуатты тұрмыста да ерлік үлгісін көрсетті, еңбек көрігін қыздырды.
Көзі көргендер оны қолы ашық, астындағы жалғыз атын қонағына сойып тастайтын атымтай жомарттың өзі еді десе, екіншілері ондай қарапайым, таза, нәзік жанды көрген емеспіз. Ешуақытта «Мен – батырмын» деп кеуде керіп, төс қаққан ештеңесі жоқ, жайлы адам-ды, дейді.
Сол Сақып ағамыз бар-жоғы 66 жасында аз ауырып, өз төсегінен дүние салыпты. Артында ұрпағы бар, олардың бәрі де қазір сол өзінің соңғы демі үзілген Жоғарғы Басқұншақ кентінде тұрады. Балалы-шағалы, өрісті әулет!
Бідің айтпағымыз Азғыр бойында туып, Лабайда өскен Сақып аға тек Астрахан облысындағы бес қазақ-батырдың (Мұқат Мусаев, Төлебай Әжімов, Мәди Бегенов, Жүсіп Боқаев және өзі) бірі ғана емес, өзі өскен Азғыр аймағының ардақты азаматы, атыраулық 15-батыр деп есептегеніміз жөн. Өйткені, ол бұған дейін атыраулық ер деп еске алынған жоқ. Сондықтан, оны бұрынғы Гурьев облысында туып, Астрахан, Воронеж жерлерінде дүние салған Филипп Савильевич Мазуров (1903-1970), Иван Федорович Махорин (1916-1998), Мұқат Мусаев (1919-1954) сынды өз жерімізде кіндігі кесіліп, қаны тамған жерлесіміз деп танығанымыз дұрыс. Өз топырағымызда туып, өзгенің қыратында мүрдесі қалған ерлерімізді бауырға тартып, есімін ел алдында мақтаныш ету құрметі тұр.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.