Жарнама
Қоғам

ҚЫЗМЕТКЕР ҚҰҚЫҒЫ НЕГЕ БҰЗЫЛАДЫ?

 

Аймақтың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Салауат Ишайдың айтуынша, аталған мекеме қызметкерлерімен облыстық, қалалық және аудандық прокуратурамен бірлесіп, денсаулық сақтау саласындағы еңбек заңнамаларының қолданылуына кешенді тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеріс барысында 59 еңбек заңнамаларын сақтамау, бұзу фактілері анықталған. Атап айтқанда,  облыстық балалар ауруханасында – 10, облыстық ауруханада– 6, облыстық наркологиялық диспансерде – 3, облыстық перзентханада– 1, Атырау қалалық перзентханасында – 2, Атырау қалалық №1 емханада – 1 және Индер, Мақат, Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы, Жылыой аудандарының орталық ауруханаларында, Қызылқоға аудандық туберкулез ауруханасында бес кемшіліктің беті ашылыпты.

Фактілердің дені қызметкерлермен еңбек шартын толық жасамау, жасалған еңбек шарттары мазмұндарының заң талаптарына сәйкес келмеуі, еңбек демалысына шыққан қызметкерлердің төлемдері және еңбек шарттарын бұзған қызметкерлерге тиесілі пайдаланбаған еңбек демалыстарына төлемақылары кешіктіріліп берілуі және тағы басқа талаптардың бұзылуына қатысты орын алған. Сорақысы сол, қызметкерлер осы уақытқа дейін бес жылда бір рет біліктілік деңгейін көтеруге оқу орталықтарында өз қаражаттарынан оқып келген, оқыған сағаттарына жұмыс беруші тиісті төлемдерді жүргізбеген.

— Бұдан басқа облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларда жиі орын алатын жайт – медициналық қорытындыны теріс беру. Атап айтқанда, Жылыой аудандық ауруханасы «Ақ Жайық-7» ЖШС қызметкерімен болған өндірістік жазатайым оқиғаның ауыртпашылық дәрежесіне жеңіл және ауыр деп екі түрлі қорытынды ұсынған. Осы тектес оқиға Мақат ауданында да орын алды. Мысалы, аудандық  орталық аурухана Атырау магистральдық жүйелері бөлімшесінің жұмысшысы алған өндірістік жарақатты (темір жол жөндеу кезінде қолының саусақтарын жарақаттаған) ауыр дене жарақатына жатқызбаса, «Қаз Құрылыс Сервис» АҚ-ның жұмысшысы алған тап осындай жағдайды  облыстық аурухана ауыр дәрежедегі жарақатқа жатқызған, — деді баяндама жасаған Салауат Ишай.

Биылдың өзінде  облыстық  мемлекеттік еңбек инспекциясына денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінен 23 арыз түскен. Оның ішінде ұжымдық арыздар да бар екен.

Штаб отырысында айтылған кемшіліктерге қатысты денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары да сөз алды. Олар өз кезектерінде келеңсіздіктерді жоюға жұмыстанып жатқандықтарын жеткізді. Мәселен, облыстық перзентханада медбикелерге еңбек демалысына 36 күн берілген, ал, заң бойынша оларға 42 күн тағайындалуы тиіс. Осы ретте перзентхана айыппұл төлеп, мәселенің оң шешілуін қадағалауға алған. №1 Атырау қалалық емханасында желтоқсан айында берілетін қосымша ақы кешігіп төленген. Белгілі болғандай, бұл кемшілік те жойылған.

— Еңбек заңдылықтарының сақталуына қатысты  ірі   кәсіпорындарды да тексеріп отырамыз. Көп реттерде заңға қайшылықтар сонда да кездесіп жатады. Біз бір нәрсені естен шығармауымыз керек, қызметкерге қатысты заң талаптарының сақталмай, арыздануының арты үлкен дау-дамайға ұласуы мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге атүсті қарамау қажет. Хаттамада көрсетілген тапсырмалардың орындалысы ұдайы қадағаланып тұрады, — деді отырысты қорытындылаған Сәлімжан Жұмашұлы.

А.МҰРАТҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button