ҚЫЗДАР ҚАШАН ДА БАУЫРМАЛ
Бірде қоғамдық көлікте келеміз. Анадай жердегі орындықта жас бала отыр екен. Соған қарата бір келіншек: «Жаныңда үлкен кісі түрегеп тұрған жоқ па, неғып отырсың? Тұр да, орын бер!» — деді мені нұсқап. Бұл сөзді жақтырмаған баланың анасы өзінше тыжырынып: «Отыра бер, ақшаңды төледің ғой!» — деді міз бақпай. Шыны керек, екі ортада менің өзім ыңғайсыздандым. Сонда менің сөзімді сөйлеп, жанашырым болып отырған қарындасым: «Мә, ұста билетіңнің ақшасын. Мына кісіге орын бер!» — деп, оларды көп алдында жер етті.
Сол жерде жігіттер де болды ғой. Бірақ, олар ана қарындасым сияқты батып ештеңе айта алмады. «Сен тимесең, мен тимен» деп тұра берді. Ал, қарындасым адамгершілік пен кішіпейілділіктің үлгісін көрсетті. Ер-азаматтардың арқасүйері мен жанашыры болып жүрген қыздарымыз бен қарындастарымыз, апаларымыз бен аналарымыз аман болсын. Солар барда біздің жанымыз жайлы, өміріміз мәнді ғой.
Сәрсен АЙТҚАЛИҰЛЫ,
зейнеткер,
Атырау қаласы.