ҚЫСТАҚТАҒЫ ҚАУЫРТ КҮНДЕР
Тұщықұдықты түлеткен Тұрлан
Исатай ауданындағы Тұрлан ағаның үйіне түнеп, таң ата жолға шықтық. Үй шарбағында қаздай тізілген техникаға көзім түскен мен шаруагердің анау-мынау емес, қай іске де мүмкіндігі зор екенін байқадым. Біздерді үй иесі Асылбек Мажанұлы қарсылап алды. Ақсақал «құмға барамын» деп асыр салып жүрген кішкентай Әділден басқа екі үлкен немересі қырда малшылармен бірге жүргендерін айтты. «Әкеге қарап ұл өспей ме, біздің жолымызды жас ұрпақ жалғап жатыр. Ел мен жердің жаңарып, халықтың осындай жетістікке жеткеніне, еңбек-қор, елін сүйіп, жерін қастерлейтін ұлым барына ризамын. Бір кездері Аққыстау екі жарым мың ғана тұрғыны бар шағын мекен болатын. Халықтың тұрмысы да қазіргідей шалқып жатпады. Бірақ, бұл жердің жұртының бойында жігер-қайрат, жаңалық пен жақсылыққа жақындық, бір-біріне деген ізгі ниет ерекше. Қай жаққа қарасаң да көз қуанатындай көріністер жаныңды жадыратады» дейді ол.
Айбас деген ауыл бар
Құмды кесіп өтетін қара жол соқпақты екен, әбден шаршатты. Қалай дегенде де он сағаттық ұзақ сапар екі жүз шақырымға еркін көсілді… Нарын құмының жиегiнде, аудан орталығы Аққыстау селосынан солтүстiк- батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Қызылүй елдi мекенiне келдік. Бұл жер 1957 жылдан Чапаев атындағы кеңшардың №2 қой фермасының орталығы болған. «Нарынның наркескені» атанған, ақын Нұралы Әжіғалиев, атақты Қаршыға Ахмедьяров, Әзидолла Есқалиев, Нариман Үлкенбайұлы, Ғатау Ібішев, Серік Харесов, Айгүл Үлкенбаева сынды дәулескер күйшілер шыққан, күй анасы Дина келін болып түскен жер екен. Әупірімдеп жүріп Айбас топырағына да табан тигіздік. Айбас 1957-97 жылдар аралығында Чапаев атындағы кеңшардың жазғы мал жайылымы болды. Кеңшар тарағаннан берi, оны жеке шаруа қожалықтары қоныс етедi. «Небір белгілі тұлғалар мен ел ардақтылары түлеген қасиетті жерге келіп отырсың» деген Тұрлан аға одан әрі өз шаруашылығымен таныстыра бастады.
Бір қожалықта – бес үй
— Айбас, Шәпек, Құсқонбас, Насихан аумақтарынан жер бөліктерін 49 жылға мемлекеттен жалға алдық. Ұшы-қиыры жоқ кең далада қазақ халқының негiзiн құраған ру-тайпалар мал бағумен айналысып, жаз-жайлау, қыс-қыстау қамымен көшiп-қонумен жүрдi. Сондықтан олар кең даланың табиғат ерекшелiктерiн, әр төбенiң, әр қырқа, қыраттың, өзен, көл, сай-саланың өзiндiк сипатын жете тани бiлдi. Өзіндік тарихы жоқ өлке болмайды, бұл аймақ – тұнған шежіре. Қазір бұл жерлерде бес шаруашылық орны бар. Оның үшеуінде – сиыр малының шаруашылығы дамып жатыр. Ұзын саны 400-дің үстінде сиыр өсірілуде. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша үкіметтен алған 20 млн. теңгеге 12 млн. теңге қостым да, қазақтың жүз асыл тұқымды ақбас сиырын бағымға алдым.
Ал, жолдасым «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын қаржыландыру қорынан 3 млн. теңге алып, оған түйе сатып алды. Сөйтіп, елдің материалдық байлығы мен рухани құндылықтарын еселей түсу жолында аянып жатқанымыз жоқ. Өзіңіз куә боп отырғандай, 10 млн. теңге қаражатқа жаңадан екі малшылар үйін тұрғызып жатырмыз. Экономика тілімен айтар болсам, мемлекет пайдасына барлығы 42 млн. теңге көлемінде инвестиция тартып, бес отбасын жұмыспен қамтыдық. Шаруашылықты дамыту бағытында ұстанатын басты мақсатымыз – халыққа қолжетімді бағамен таза ет өнімдерін ұсыну, — дейді Тұрлан Асылбекұлы.
«Құмдағылар қонақжай келеді»
Қызылүйден шыққаннан Айбасқа дейінгі аралықта Бақтығали, Сабыртай Мерғалиевтер, Сәбит Қуанышқалиев, Бұхар Бисенов отбасылары сияқты жеке шаруагерлер біздерді жылы қарсылады. Олардың қай-қайсысы да аудандағы озат шаруа қожалықтары, алыстан келгендер ат басын тірейтін қонақжай орта екендіктерін көрсетті. Еңсесі биік үйлер еріксіз елітіп, бейне-бір өзіне қарай тартады да тұрады. Ал, әр шаңырақта қазақы қалып, мұнтаздай жинақылық байқалады. Нарын құмында мал бағып, еңбек етіп жатқандардың дені – орта жасты алқымдаған, ата мен әке ізін жалғап, шопандықты кәсіп еткендер.
— Мен құрдасым әрі сыныптасым Тұрланмен бірге сонау 1998 жылдан бері төрт түлік мал шаруашылығымен айналысып келемін. Мұнда мал азығын өз күшімен жинап, дайындай алатын бес трактор, науқан кезінде едәуір қолғабыс болатын бірқатар қуатты техника бар. Қожалықта сиырдан басқа да 300 жылқы, 700 қой, 50 шақты түйе өсіріледі. Былтырдан бастап қыстақтарға жел генераторлары қондырыла бастады. Құм ортасында отырса да, қырдағы малшылар сегіз нүктелі спутниктік желісі арқылы телефон байланысына шығып отырады. Тіпті, көгілдір экраннан керекті арналарын тамашалап, ауылдан келетін азық-түлікпен бірге газет-журналдарын да алдырып оқиды, — дейді шаруашылық меңгерушісі Зинел Қапсиықов.
Малшыларға мүмкіндік мол
Қыстақ малшысы Есболат Абдолов Шәпектегі сиыр қыстағына күн сәулесінен қуат алатын заманауи генератор орнатылғанын айтады. «Қазір малшылардың жағдайы тым-тәуір десем, артық айтқаным емес. Осында Зеңгі баба төлін өсіріп жатқаныма алты жылдың жүзі болды. Отбасым түгел осында еңбек етіп жатыр десе де болады. Ауылдың жайы белгілі ғой, жұмыс табу қиынға соғады, сондықтан несібемізді осы жерде тауып жүрген жайымыз бар. Қайта өз шаруашылығын дөңгелентіп отырған Тұрландай азаматтың арқасында еш таршылық көрмей келеміз. Әрине, мал бағу алаңсыз шаруа демеймін, өзіндік қиыншылықтары да жетерлік. Айталық, қыр асқанда қасқыр, түн асқанда кездесетін ұрылар да баршылық. Өзім күшім жеткенінше қасқырларға қақпан құрып, мүмкіндігі келгенде атып та аламын» дейді ол.
Иә, мұнда малшыларға мал бағып қана қоймай, жаңадан өз кәсібін ашуға да мүмкіндік мол. Ірі кәсіпкерлердің субсидия алуы – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға сеп. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында еңбекке ынталандыруды арттыру және халықтың табысын өсіру саясатын жаңғырту қажеттілігін айтудан жалыққан емес. Ауыл шаруашылығын қолдау орталығындағы мамандардың айтуынша, шағын несие тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға берiлмейдi. Микрокредит беру мерзiмi бес жылдан аспайды және оның ең жоғары сомасы – 3 млн. теңге. Бюджеттiк несиенiң нысаналы мақсаты – кәсіпкердің жеке iсiн ұйымдастыру немесе кәсібін кеңейту.
Нарындағы елдің насихатшысы
«Мажанов» шаруа қожалығы былтырдан бастап өз күшімен жел диірмендерін қондырыпты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ауданға 19 жел қондырғысы тегін берілгенде, Мажановтарға бұл үлестен белгісіз себептермен ештеңе де тимепті. Уәдесіне тұрмаған шенеуніктерден көңілі қалған қожалық иесі алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол берілмесе екен деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, бір ерекше атап өтерлік жайт, Тұрлан аға қай қыстаққа барса да, Елбасының халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттер, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында берілетін көмектер, түрлі несиелер туралы әңгімелеп отыратынын байқадық. Яғни, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен несиеге қаражат алу жолдары, құжаттарды рәсімдеу үлгілері, тағы да басқа мәселелерді құмдағылар осы Тұрекеңнен біліп отырады екен.
Иә, бұл өңiрде жылдар бойы жырласа да таусылмайтын тарих бар, тыңдаған сайын тамсандырып, сарқылмайтын сыр бар, аңсаған арманның, үзiлмес үмiттiң тамшысы бар. Ризықтарын осы құмнан тапқан малшылар мен шаруагерлер жайын көзбен көрген біз Нарыннан қайталанбас әсермен, ерекше көңіл-күймен оралдық. Олардың әр күні еңбекке, ерлікке толы. Табиғаттың қиындығымен бетпе-бет келіп, жүздері тотыққан, бірақ, ерік-жігері мықты осындай жандармен қоштасқың келмейді екен.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.
Атырау – Тұщықұдық – Айбас – Атырау.