ҚЫСТАҚТАҒЫ ҚАУЫРТ КҮНДЕР
Ойлап отырса, кешегі кеңес уақытында аталмыш шаруашылық мыңғыртып мал өсіріп, мемлекетке мал өнімдерін тапсыруда жарыстың көш басынан көрініп, Одақтың ауыспалы Қызыл туын әлденеше рет жеңіп алғаны бар-ды. Сол уақытта шаруашылықта 45 мың қой, 2000-дай мүйізді ірі қара, 5 мың бас жылқы, 1000 бас түйе болған еді. Өкініштісі, тоқырау жылдары еліміздегі колхоз, совхоздар таратылып, қоғам малы кез келгеннің қолында кетті. Малшылар алдындағы төрт түлігінен айырылып, таяқ ұстап қалды. Осы келеңсіз жағдайға «Забурын» совхозы да душар болды. Жан ауыртарлық жайт, сол жылдары екі-үш бас қойды бір қапшық астыққа айырбастағанды көзі көрді. Амалсыздан ауыл адамдарының алды жұмыс іздеп қалаға кете бастады.
Ұлықпанның да қалаға барып, мамандығына қарай жұмыс істеуіне мүмкіндігі болды. Бірақ, кіндік қаны тамған туған ауылынан ұзағысы келмеді. Белді буып, 2001 жылы жекеменшігіндегі 40 бас қой, 6 сиыр, 5 түйе, 2 жылқысынан «Ұлықпан Батырбаев» атты шаруа қожалығын құрып, Үштаған учаскесін қоныс етті. Қолда бар малды өз төлінен көбейтуді мақсат етті. Жазда өрісін, күзде күздеуін, қыста қыстақ орнын сайлады. Құдығын қазып, шөбін шапты, жемін тасыды. «Ерінбегеннің табысы мол» деген, айналасы төрт-бес жылда шаруашылығы дөңгеленіп, мал басы төлімен біршама өсті. Бір жылда бюджеттік мекемелер мен тұрғындарды 86 центнер ет, 37 центнер сүт, шұбат өнімдерімен қамтамасыз етті. Жанбай селолық округінде соғыс, тыл ардагерлеріне, балабақшаға, күнелтісі төмен отбасыларына малдай, мал азығымен, қаржылай демеушілік көрсетті.
Жыл қорытындысымен шаруа қожалығының басшысы Ұлықпан Батырбаев ауданның үздік шаруагері атанды. Ол үлкенге іні, кішіге аға болып, алдына келгендердің меселін қайтармай, қолынан келген көмегін көрсетіп, барынша риза етуге тырысты.
Шаруасын дөңгелентіп, қорасын малға толтырып отырған осындай шаруа қожалықтарының қатары жыл санап көбейе түсті. Бүгінде Есенаман Құрасов жетекшілік ететін «Рысбай Құрасов», Амандық Ержановтың «Гүлзада Тасанова» шаруа қожалықтары мен Жәнібек Сердекешев, Дарын Зұлқашев, өзге де шаруагерлердің шоқтығы биіктен көрінуде. Олардың бұлайша ілгерілеуіне «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алып, қосымша мал, техника сатып алуының пайдасы аз болмады. Бұл несиенің бір артықшылығы – пайызы төмен. Оның үстіне қожалықтың жағдайына қарай несие мерзімі ұзартылады. Шаруасы енді түзеліп келе жатқан шаруа қожалықтары үшін бұл – үлкен көмек. Яғни, мал өсірем деген ағайынға мүмкіндік мол.
Үйде дизель моторының қуатымен электр шамы жарқыраса, малшылар «Отау ТВ» арқылы 37 каналдан әлемнің төрт бұрышында болып жатқан жаңалықтарды көріп, тыңдайды. Әрі осында отырып-ақ спутник жүйесіндегі телефон арқылы қалаған жерлерімен сөйлесе алады.
Атакәсіптің арқасында жеңіл автокөлік те, жүк таситын автокөлік те қатарласып есіктің алдында тұр. Бәрі – маңдай тер мен табан ақысының пешенесіне бұйыртқан адал нәсібі.
Бір жаңалық, көршілес Тұщықұдық, Қамысқала селолық округтеріне қарасты біраз шаруа қожалықтарының малшылары электр қуатын жел диірмені арқылы пайдалануға қол жеткізуі қуантады. Алдағы уақытта мұндай тегін электр қуатын пайдаланудан бұлар да үмітті.
Шаруагер әңгіме орайында шаруа қожалықтарын аяқтан шалатын кедергілердің аз еместігін де бүгіп қалмады. Әсіресе, мал азығы мен құрама жемнің қымбаттығы, бензин құнының күн сайын шарықтап өсуі де – қолбайлау.
— Ет пен шұбат, сүттен түскен пайданың тең жартысы осындай шығындарға жұмсалады. Мүмкін болса, бір орталықтан ет, сүт, шұбат, жүн, тері қабылдайтын орындар ашылса, қожалық өз өнімін аз-кем арзан беруге де мүдделі. Өйткені, көлікпен аудан, облыс орталығына ет, сүтін апару қымбатқа түседі, әрі өнімнің сапасы кетері де сөзсіз. Өнімді көбейту үшін шаруа қожалықтарына тиісінше жағдай жасалынса, — дейді ағынан жарылған шаруагер азамат.
Десе де, ауыл кәсіпкері шаруа қожалығын құрған он үш жыл ішінде қорадағы малының қоңы артты. Төрт түлік өз төлі есебінен көбейді. Өнімді сатып, қомақты қаражат түсіруге қол жеткізді. Бүгінде алға қойған межесі де қомақты. Мамандығы есепші болғандықтан, кіріс пен шығыстың ара салмағын жіті есептейді. Жаңа қадамға, тың әрекеттерге бетбұрыс жасауға жол іздейді. Қазіргі кезде қожалықтың 250 бас қой-ешкісі, 50 бас мүйізді ірі қарасы, 30 бас түйесі мен 25 бас жылқысы қысқы орында бағылып, күтілуде. Жемшөбі жеткілікті.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН,
Исатай ауданы.