Жарнама
Қоғам

ҚЫСТАҚТАҒЫ ҚАРБАЛАС ШАҚ

Қазір аудандағы төрт түлік мал 183 қыстақта бағылуда. Олардың барлығында да қолдағы малды қыстан аман алып шығудың мүмкіндіктері қарастырылған, пішендері қора бастарына артығымен жеткізілген, жемшөп қорынан тапшылық жоқ. Соның арқасы болса керек, жаңа жылдың алғашқы күндерінде қалың жауған қар, көз аштырмас боранда да сыр бермепті. Орталықтан шалғай орналасқан шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар телефон нүктелері мен жел генераторларын пайдалануда. Қажетті қаржы мәселесі шешілсе, малшыларды бір айлық азық-түлікпен және қосымша қормен қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралар қолға алынуда. Бұған дейін де малшылар қыстаққа түспес бұрын аудан орталығынан ұйымдастырылған үгіт-насихат тобы құм өңіріндегі ауылдарға да сапарлап қайтқан екен. Сол жолы да осындағы жекелеген тұрғындарды астық, картоп, пияз секілді азық-түлікпен біраз қамтып келіпті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қадыржан Ермұхановтың айтуынша, мұндағы шаруа қожалықтарының дені құм өңірінде, яғни Айбас, Мыңтөбе, Үштаған, Сасықтау, Қаштай, Бегайдар, Үшқызыл, Есқали, Қызыл үй, Шәуіптен, Жасқайрат елді мекендері мен солардың аумағын қоныстанған. Осындағы 180-ге жуық шаруа қожалығында 5804 мүйізді ірі қара, 17430 қой-ешкі, 6417 жылқы және 2334 түйе бар. Жалпы, аудан бойынша алғанда 16506 мүйізді ірі қара, 35321 қой-ешкі, 14560 жылқы және 7246 түйе түлігі қыстақтан өтуде. Және бір дерек, шаруа қожалықтары 59 трактор, 8 тырма, 24 тіркеме, 9 тиегіш пен тайлағыш, 31 шалғы пайдалануда. Жанар-жағармаймен, қыстық отынмен де толықтай қамтылған.

Тұщықұдық ауылдық округіндегі ірі елді мекендердің бірінен саналатын Қызыл үйдің маңайында біраз шаруа қожалығы шоғырланған. Аталған ауылдың батыс бетін қапталдай кәнігі шаруагер, тәжірибелі малбегілерінің бірі Есболат Досқалиевтың қыстағы жайғасқан. Әрине, айдың басындағы тәуліктеп жауған қар мен үдете соққан боранның мұнда келіп-кететін жолды бітеп, біраз әбігерге салғаны да жасырын емес. Әйтсе де, алдын ала жасалған қамданыстың бұл қиындықтан да алып шыққанын жасырмайды қыстақ басындағылар.

Дағарадай үйдің жанында тұрған «Нива» автокөлігі, ауладағы дүрілдей қызған қуатты тракторы, сайлы қора-қопсысы қожалықтың шаруасының да жайлы екенін бірден байқатады. Тұщықұдық ауылдық округіндегі 65 шаруа қожалығының ішіндегі төрт түлікті де түгел өсіріп отырғандардың бірінен саналатын бұл қожалық сонау 1993 жылы құрылған. Содан бергі уақытта, кезінде Чапаев атындағы кеңшардың озат малбегілерінің бірі болған әкесі Ғайниға бала шағынан көмектесе жүріп еңбекке төселген, кейін өзі де шопандықта тер төккен Есекеңнің кәсібінен нәсіп теріп, шаруасын дөңгелентіп отырғаны көрініп-ақ тұр.

Өзінің еңбек жолында бұған дейін де талай сын шақтан сүрінбей өтіп жүрген шаруагер кешегі тосын құбылысты тосырқамай, табиғаттың тамаша бір сыйы ретінде қабылдауы содан болса керек.

– «Күннің жаманы кетеді…» депті ғой бұрынғылар, қазір ауа райы жылынуға бағыт ұстап тұрғаны мынау. Ертең-ақ қар жұқарып, қара шөптің басы ашылады, мал да бір уақыт жерге жайылып қалар, — дейді шаруагер жігіт.

Ауыл шаруашылығы басқармасындағы жауапты мамандардың айтуынша, облысымыздың өзге өңірлерінде де мал қыстағы бірқалыпты, шығынсыз өтуде. Иә, желтоқсандағы жылы лебі көбірек есіп, шуағын төккен күндер шаруа баққан елге айтарлықтай көмегі мен септігін тигізген-ді. Енді, міне, кезекті қыстың да белортадан ауар шағындағы ауыл адамдарының шалт қимылы мен берекелі ісі қалған мезгілдің де сәтті әрі табысты өтерін ұқтырғандай.

Дәулетқали АРУЕВ,

суреттерді түсірген: Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ,

Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button