
Күнделікті өмірдің көрінбейтін көмекшісі
Қазіргі заманда жасанды интеллект — өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол түрлі салада кеңінен қолданылып, адамдардың күнделікті іс-әрекеттерін жеңілдетуге үлкен үлес қосуда.
Мысалы, смартфондардағы дауыстық көмекшілер (Siri, Google Assistant) қолданушылардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Банк секторында жасанды интеллект (ЖИ) қаржылық алаяқтықты анықтауға және тұтынушыларға қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, интернет-дүкендер мен стримингтік платформалар (Netflix, YouTube) ЖИ алгоритмдері арқылы пайдаланушылардың талғамын талдап, сәйкес контент ұсынады.
Денсаулық сақтау саласында да жасанды интеллекттің маңызы артып келеді. ЖИ дәрігерлерге диагноз қоюда көмек көрсетіп, емдеу әдістерін нақты таңдауға септігін тигізеді. Ал автокөлік индустриясында өздігінен басқарылатын көліктердің дамуы — жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ ЖИ логистика саласында да белсенді қолданыс тауып отыр. Ол жүк тасымалдау бағыттарын оңтайландырып, жеткізу процесін жедел әрі үнемді етеді. Білім беру саласында жасанды интеллект оқушылар мен студенттерге бейімделген оқу жоспарларын ұсынуға мүмкіндік береді. Мәселен, Coursera мен Khan Academy сияқты онлайн платформалар әр оқушының қабілетіне сай тапсырмалар береді, ал кейбір мектептерде автоматтандырылған бағалау жүйелері енгізілуде.
Мамандардың айтуынша, ЖИ технологиясы алдағы уақытта адам өмірін түбегейлі өзгертетін күшке айналмақ. Бұл жөнінде «ҚазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы» РҚБ Атырау облыстық филиалының директоры Алдан Асқар былай деді.
–Жасанды интеллект — бұл жай ғана құрал емес, ол адамның ойлау қабілетіне еліктей отырып, өз бетінше шешім қабылдай алатын интеллектуал жүйе. Қазірдің өзінде біз оны медицинада, көлік басқаруда, білім беру мен қаржы секторында кеңінен пайдаланып отырмыз. Болашақта ЖИ адамның көп жұмысын алмастырып қана қоймай, жаңа кәсіптердің пайда болуына да ықпал етеді. Бірақ бұл даму жауапкершілікпен қатар жүріп, этикалық шекараларды да ескеруіміз қажет, — дейді А.Алдан.
Бұрын ғылыми фантастикада ғана кездесетін технологиялар бүгінде шынайылыққа айналып отыр. ЖИ уақытты үнемдеуге, шешім қабылдауға және жалпы өнімділікті арттыруға сеп болады.
Жасанды интеллект — жай ғана технология емес, ол біздің өмір сүру сапамызды жақсартуға бағытталған қуатты құрал. Оны тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану — болашақтағы үлкен жетістіктердің кілті.
Аружан ҚОСАНОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті “Филология” мамандығының IV курс студенті
Сурет: egemen.kz