Жарнама
Қоғам

ҚУЛЫҒЫН АСЫРҒАН ЖАУЫНГЕР

Ауданның экономикасы мен әлеуметін дамытуда Жеңісті жақындатқан ардагерлердің 39-ымен бірге қызмет етіп, қоян-қолтық араластық. Олардың бірде-бірінің қазір ортамызда болмауы жанға батады. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің соңғы тұяғы деп аудан халқы биікке көтеретін Ихсан Ғұмаров ағамыз болатын. Ол да осыдан алты жыл бұрын өмірден өтті. Ихсан ағаның әңгімелерінен жастардың үлгі алар, ойға түйер қырлары аз емес.

Осыдан 88 жыл бұрын дүниеге келген ол 1944 жылдың 15 қарашасында майдан даласына аттанады. 1945 жылдың бірінші сәуірінде І Украина фронтында жаяу әскерлер дивизиясының құрамында Берлин үшін шайқасқа қатысады. Ал, 1945 жылдың 29 сәуірінде Берлин үшін кескілескен шайқастардың бірінде оң жақ жамбасынан ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. Сөйтіп, Ұлы Жеңісті госпиталь кереуетінде қарсы алады. Алты ай емделіп, әскери қызметін жалғастырады. Берлин, Украина, Польшаны азат еткені үшін екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен наградталады. Соғыстан кейін әскери қызметін өтеп жүрген кезде бөлімнің кезекшілікте тұрған жауынгерлері екі-үш рет із-түзсіз жоғалып кетеді. Содан кезек Ықсан ағаға келсе керек. Мұнда бір гәп барын білген ол жаудан айласын асыруды ойластырады.

Уақыт кешқұрым таяғанда керек-жарақпен орман ішінен ағаш бұтақтарынан адам сұлбасын құрастырып, күзет күркесінің бұрышына қаруына сүйеніп, «ұйықтап» отырған күзетшінің кейпін жасап, үстіндегі шинелін, басына каскасын кигізіп, өзі күркенің артқы жағына таман жерге барып жатады.

Бір мезетте ағаш сыбдыры,  басқан аяқ дыбысы естілгендей болып үрей билей бастады. Өзін-өзі ақылға шақырып, жата береді. Тастай қараңғы, тып-тыныш…

Кенет қоршаудан біреу секіргендей болады. Ептеп басқан аяқ дыбысын шамалап, алдын жіті қадағалап, Ықсан аға жата береді. Әлгі адам қолына ұстаған қапшығын күркенің бұрышында «ұйықтап» отырған күзетшінің үстіне кигізбек болып төне берген кезде әскери тәртіпті бұзып, атып жіберіп: «Стой, стрелять буду» деп Ихсан аға айқай салады. Қараңдаған адам құлап түскен бойы кнопканы басып, дабыл қағады. Штабтан көмек келіп, құлаған адамды алып кетеді. Ертесіне қасындағы жолдастары «сен бақылауға келген штаб командирін атып тастапсың» деп қорқытады. Шындығында, ол күзетте тұрған әскерлерді әкетіп жүргендер екен. Командирлер Ықсан ағаны осы ерлігі үшін 1950 жылы 10 күн демалысқа жіберіп, полктің қызыл туының жанына суретке түсіріпті. Ихсан аға бұл ісін қалыпты қызмет деп өзі мақтанып, ешкімге көп айта бермейтін.

Осы секілді Ұлы Отан соғысынан еліне Жеңіспен оралған ағалардың артында қалдырған айтылар әңгімелер аз емес. Алайда, оның бәрін газетке жариялау мүмкін емес. Сол сұрапыл майданнан соғыс ардагерлері елге аман келіп, елді өркендетуге жасаған еңбектерінің нәтижесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді, салиқалы саясаты ұласып, көк Туымыз көк аспанда желбіреп тұр. Ендігі мақсат – оны көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу.

Өтеулі ХАСАНОВ,

Мақаш ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button